Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заман талабына сай мем­лекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегіне же­дел әрі тиімді жауап бере алатын «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын іске асыру керектігін үнемі ескертіп отырады.
Данабек Исабеков, Мәжіліс депутаты: «Азаматтарға арналған үкімет» – сапалы қызмет кепілі
4,989
оқылды

Ал  қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел на­зар аудару – ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті. Осы орай­да біз «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабековпен сұх­баттасқан едік.

– Данабек Ержанұлы, Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет атқарған жыл­дар­дағы тәжірибеңізге сүйеніп, уақытылы әрі сапалы қызмет көрсету және осы саланы да­мыту бағытында атқарылып жатқан жұ­мыстар барысына тоқталып, алдымен ше­шілуге тиіс мәселелер туралы айтсаңыз... 

– Мемлекеттік қызмет көрсету саласы ха­лықтың өмір сүру сапасын арттыруда үл­кен мәнге ие. «АMАNАT» қызмет көр­се­­­тудегі әділдік қағидатын орнықтыруға әр­дайым басымдық береді. Партияның «Ха­лықпен бірге!» сайлауалды бағдар­ла­ма­сында мемлекет, қоғам және азамат ара­сындағы қарым-қатынасты барынша циф­рландырудың, мемлекеттік және әлеу­мет­тік қызмет алудың барлық сатысынан ада­ми факторды алып тастаудың маңыз­ды­лығы ерекше атап көрсетілді. Қоғамда адамдар мемлекеттің жұмысын қызмет көр­сету сапасы бойынша бағалайды. Егер бір адамға мемлекеттік қызметті уақытылы әрі сапалы көрсете алмаса, онда мем­ле­кет­тік басқарудың басқа да барлық сала­сын­да жағдай шамамен осындай деген пі­кір қалыптасады. Әрине, осы кезеңге дейін қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойын­ша өте көп жұмыстар атқарылды.

Электронды үкімет порталын дамыту, ха­л­ықтың компьютерлік сауатын көтеру, Ха­лыққа қызмет көрсету орталықтарының қыз­метін жақсарту, мемлекеттік қызмет са­пасын арттыру бағытында бірқатар же­тістіктерге жеттік. 

Цифрландыру ісі қарқынды түрде да­мы­ды, әлі де дамуда. Мемлекет басшы­сы­ның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын іске асыру хал­қы­мыз­дың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жем­­­­­қорлық көріністер мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болған E-Otinish электронды өтініштер жүйесі қоғамдағы кейбір мәселелерді шешуге кө­мектесуде. Халықтың мемлекеттік қыз­мет түрлеріне қолжетімділігін арттыру ба­ғытында өте көп бастамалар жүзеге асы­рылуда. 

Шешілуге тиіс мәселеге тоқталсам, қа­зір заман талабына сай ақпараттық жүйе­лер арасындағы ықпалдастыру жүйе­сін жетілдіру қажеттілігі туып отыр. БМЖМК (ЕКГН) дерекқорларының ір­кілуі, Мемлекеттік қызмет көрсетудегі де­рекқорлардың жиі іркілуі, жер сала­сы­ның архивтерін цифрландыру, жалпы мұ­рағат жүйесін цифрландыру, АХАТ са­ласы мен әлеуметтік салалардың дерек­қор­­л­арын ықпалдастыру мәселелері ше­шілсе, қызмет көрсету сапасы жоғары­лауы­на үлкен тетік болары сөзсіз.

– «Азаматтарға арналған үкімет» тұ­жы­рымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызмет көр­сету сапасына бақылауды күшейту және оны цифрлық форматқа ауыстыру, қызмет алу­дың барлық сатысынан адами факторды алып тастау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Қызмет көрсету сапасына бақылау Мем­лекеттік қызмет істері агенттігімен, қо­ғамдық қорлармен, ведомствоаралық ко­миссиялармен, партия тарапынан, әр қыз­мет алушы тарапынан қадағаланады жә­не бағаланады. Бүгінде «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік кор­пора­ция­сы арқылы 1 354 мемлкеттік қызмет тү­рін алуға болады, соның ішінде 1 214 қызмет түрі «электронды үкімет» порталы ар­қылы көрсетіледі. Мемлекеттік қыз­мет­терді электронды түрде алу рәсімдердің мер­зімін едәуір қысқартып, оларды орын­даудың жеделдігімен және барлығына қол­жетімділігімен, қызмет алудың барлық са­тысынан адами факторды мүмкіндігінше алып тастаумен ерекшеленеді. 

Бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы мем­лекеттік қызмет түрлерін онлайн алуға мүм­кіндік туды, қажетті құжаттар тізбесі кө­бейді. Әсіресе, Egov Mobile қосымша­сы­мен мемлекеттік қызмет түрлерін алуға бо­лады.

Қазір сіз өз пәтеріңізден шықпай-ақ қыз­меттерді алуға сұраныс жасай аласыз. Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет, оның көмегімен мемлекеттік қызметтің 90 пайызын ала аласыз. Электронды түрде қызмет көрсету сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тө­мен­детіп, мемлекет пен азаматтардың қар­жы­лық шығынын қысқартып, адами фак­тор­ды азайтады. Еліміз электронды үкімет пен финтехті дамыту индексі бойынша әлем­дік көшбасшылардың қатарында.

– Өңірлердегі Халыққа қызмет көрсету ор­талықтары ғимараттарына қатысты мәселе жиі айтылады. Мәселен, ғимараттың сау­да орындарында немесе апатты жағ­дай­дағы мекемелерде орналасу мәселесін шешу бойынша қандай жұмыстар атқарылуы ке­рек деп ойлайсыз? 

– Республика бойынша 20 филиал, 353 фронт-офистер, 446 бэк-офистер жұмыс іс­теуде. Осы кезеңге дейін әртүрлі жұмыс топтары құрылып, ХҚО ғимараттарының жағ­дайы, санитарлы тораптарының апат­ты жағдайлары, көпшілікке бейімделмеген ғимараттарда орналасуы, жолсілтемелері, автотұрақтардың жоқтығы және басқа да кем­шіліктер анықталып, айтылып та жа­зы­лып та жүр. Ол мәселелерді шешу меке­ме басшылары тарапынан кезең-кезеңмен жа­­са­луда. Ғимараттарға күрделі және ағым­дағы жөндеу жасау Даму жоспар­ла­ры­­на енгізілген. Ғимараттары бар кә­сіп­кер­лермен келісімшарт жасап, заманауи ғи­мараттарды тегін пайдалану, шалғайда ор­наласқан ғимараттарға халықты шақы­рып, жанындағы сауда мекемелерінің сау­­­­дасын жүргізе отырып, жергілікті бас­қару­шы органдардың тарапынан жол, аял­дама басқа да инфрақұрылымдарды тар­тып бір-бірінің дамуына үлес қосып ке­леді. Біраз ғимараттар модернизациядан өтіп, жаңа форматта «New ХҚО»-лар қыз­мет көрсетуде. Әрине, тез арада толық ше­­­шілетін мәселе емес, бұл өзекті мәселені ба­қылау мен үнемі назарда ұстауды қажет етеді.

– Халыққа қызмет көрсету орталық­тарын­дағы фронт-кеңселердің тиімділігі қан­дай?

– Бүгінде республика бойынша 353 фронт-офистер (Халыққа қызмет көрсету бө­­­лімдері) жұмыс істейді. Әрбір офисте күн сайын мыңдаған азаматтарға қызмет көр­сетіледі. Фронт-офистерде кедергісіз қыз­мет көрсету, бірыңғай электрондық ке­зек енгізілген. Фронт-офист ерде кеңес беру аймағынан (ресепшн) барлық мем­ле­кеттік қызмет түрімен қатар, сервистер бойынша да ақпарат пен кеңестер беріледі. Жаңа модернизацияланған халыққа қыз­мет көрсету бөлімдерінде цифрлық кең­се­лер бар, ол жерде дәстүрлі мемлекеттік қыз­меттермен қатар, азаматтардың ың­ғайлығы үшін арнайы аймақтар бар. Ха­лыққа қызмет көрсету орталығында 10 ми­нут ішінде қызмет алуға болатын жыл­дамдық аймағы, әлеуметтік қызмет көр­сету бөлігі, оның ішінде ЭЦҚ-ны опера­тор­дың көмегінсіз дербес алуға арналған байланыс аймағы бар. Сонымен қатар 1414 бірыңғай байланыс орталықтары арқылы үйден шықпай-ақ, кез келген мемлекеттік қыз­меттер немесе сервистер бойынша сұрақ­тарыңызға жауап ала аласыздар. 

– Жақында Су ресурстары және ир­ри­гация министрі Нұржан Нұржігітовке су үнем­деу мәселесі бойынша депутаттық са­уал жолдадыңыз. Судың стратегиялық ре­сурс ретіндегі маңызы қандай?

– Цифрланған ХХІ ғасырдың жетіс­тік­тері көп. Сонымен қатар сын-қатерлері аз емес. Энергетикалық және азық-түлік өнім­дерінің қауіпсіздігі, экология мәселесі ал­дымыздан шыға бастады. Бастысы, су­дың тапшылығын адамзат сезінуде. Жер бе­тінің 74 пайызын су алып жатса, соның 2,5 пайызы – тұщы су қоры. Оның көп бө­лігі – Гренландия мен Антарктида мұз­ды­ғына тиесілі. БҰҰ мәліметіне сенсек, әлем­де 2,5 миллиард адам су тапшылығын се­зініп отыр. Африканың тұрғындары са­па­лы ауызсудың жетіспеушілігінен гас­т­роэн­терит, холера, іш сүзегі сынды ауруға ұшырауда.

Елдегі аз ғана су ресурсын қорғап, тиім­­­­­ді пайдалануды жолға қоймасақ, аф­ри­калықтардың күйін кешпеуімізге ешкім ке­­пілдік бере алмайды. Қазірдің өзінде ха­­лықты ауызсумен қамтамасыз етуде түйт­­кілдер бар. Біріншіден, инф­ра­құры­лым­­ның тозығы жетті. Бұл салада автомат­тан­­дыру мен цифрландырудың деңгейі тө­мен. Ағын судың режимі мен су қой­ма­ларын зерттеу үшін 800 гидрологиялық бе­кет керек болса, соның 310-ы ғана жұ­мыс істейді. Бұл су ресурстарының мөл­шері мен сапасын мониторингілеуге және экономиканың саласын сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты теңгерімі жоқ. Бәрінен бұрын, су шаруашылығы инфра­құры­лы­мын түрлі мемлекеттік орган басқарады, со­ның салдарынан су ресурстарына қа­тысты тиімді саясат жүргізу қиындайды.

Біз суды стратегиялық ресурс ретінде ба­ғалап, оны үнемдеуіміз керек. Әсіресе, Ор­та Азия елдері бірлесе Сырдария өзе­ні­нің суын пайдалануды жолға қою керек. Он­сыз елдің әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыда дамуы қиын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі жә­не жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осыны ес­­­кертті әрі арнайы Су ресурстары және ир­ригация министрлігін құруға пәрмен бер­ді. Жауапты министрлік қандай іс-ша­ра­лар атқаруда бізге осыны білу маңызды.

Жақында Парламентке заманауи тә­сіл­дерді белгілейтін Су кодексі ұсынылды. Әріп­тестерімізбен бірге кодексті талқылап, мем­лекеттік деңгейде суды тиімді пайда­лану және ресурс ретінде бағалау саясатын жетілдіруге мән беретін боламыз.

– Шынында да, қазір қай қала болмасын кө­лік жуатын орындар көбейген. Суды рәсуа қыл­май, «көлеңкелі су нарығын» реттеу мә­се­лесіне қатысты қандай ұсынысыңыз бар?

– Депутаттық сауалымда шаруашылық су мен ауызсудың нормативін анықтап, кө­­лік жуу орталықтарына ауызсуды қолд­ану­д­ы шектеу керектігін атап айттым. Жасыратыны жоқ, қазір көлік жуу орындарынан бастап кей­бір ірі-ірі өндіріс орындары ауызсуды өн­дірістік мақсатта пайдаланады. Міне, осы­ны қайта қарауды ұсындым. Әрине, ха­бар­ласып, өз ренжісін білдіргендер де бол­ды. Алайда елдің ортақ мүддесі бәрінен жо­ғары деп ойлаймын.

Шымкент қаласында ресми тіркелген 195 көлік жуу орны бар. Бір көлікті жууға 80-100 литр су кетеді деп есептесек, бір кө­­­лік жуу орны күніне 10 көліктен жуған­ның өзінде қаншама тонна су ысырап бо­лып жатқанын есептеуге болады. 

Енді оған еліміздегі барлық кент пен қаланы қо­сыңыз. Сонда күніне қанша тонна су шы­ғындап жатырмыз. Айналып келгенде, бұл біздің ұрпағымыздың несібесі ғой! 

Суды үнемдеуде және көлеңкелі су на­­рығын реттеуде озық елдердің тәжіри­бе­сіне сүйену керек. Біріншіден, тұр­мыс­тық және ауыл шаруашылығы секторына ке­рек­ті суды тиімді пайдалану жолын қа­рас­тыру маңызды. Екіншіден, қолда бар су ресурсын қорғап, оны цифрлы техно­ло­гияны қолдану арқылы өндіріп, тасы­мал­­дау тәсілін жаңғырту керек. Үшіншіден, суды көп пайдаланатын егін шаруашылығы мен ірі өндірістерде суды цифрландыру тә­сілімен қолданған жөн. Бұл туралы Пре­зидент нақты айтты да. Яғни, әрбір ка­нал­дарға жіберілген судың мөлшері есептеліп, цифрландыру маңызды. Сонда егін шаруа­шы­лығы саласы жаңбырлатып, тамшы­ла­тып суару тәсіліне басымдық берер ме еді?! Өйткені су – өмірдің өзі, экономика көзі.

– Сіздің ойыңызша, мемлекетаралық ко­­­миссияларда ел мүддесіне сай транс­ше­кералық өзендерден алатын судың нақты кө­лемін белгілеп, ел аумағында тездетіп су қой­маларын салуды шешу мәселесі қалай жү­зеге аспақ?

– Әрине, гидротехник маманы бол­ма­сақ та, суға қатысты мәселелерден хабары­мыз бар. 

Соңғы 30 жылда Орта Азия елдерінде ха­лық­тың саны бірнеше есеге көбейді. Бұл экономиканың су тұтынатын секторлары­на айтарлықтай салмақ салып, жыл сайын су тапшылығын тудыруда. Қазақстандағы су­дың 42 пайызы трансшекаралық өзендер – Жайық, Ертіс, Іле, Талас, Сырдария өзе­ні­не тиесілі. Өз кезегінде, олар басын Ре­сей, Қытай және Орта Азия елдерінен ала­ды. 

Білуімше, халықаралық тәжірибеде суды бөлісудің екі жолы бар. Біріншісі – та­рихи негіз бойынша, яғни ертеректе өзен немесе көлдің ағыны қалай болды, со­ны негізге алып суды бөлісу. Екіншісі – қазіргі уақытта кім қанша пайдаланып отыр, сол бойынша есептесу. Бұл – кімде қанша халық бар, қанша суармалы жері бар, соған сүйену деген сөз. 

Егер екінші тәсіл бойынша суды бө­лі­сетін болсақ, сөзсіз біз ұтылып қалуымыз мүм­кін. Өйткені 1991 жылы 2 миллион 485 мың гектар суармалы жер болса, 2019 жы­лы оның көлемі 1 миллион 435 мың гек­тар­ды құрады. Яғни, суармалы егістіктің көлемі екі есеге қысқарды. 

Қытайдан бастауын алатын Ертіс, Іле жә­не тағы басқа шағын өзендер бар. Кейін­гі жылдары Қытай билігі түрлі бағ­дар­ламалар қабылдап, Шыңжаң және Іле өлкесін игеруге мән беруде. Тәжікстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан аумағынан өтетін Сыр­дария өзені 30 миллионнан астам ха­лықты асырап отыр. Қырғызстан мен Тә­жікстан электр энергиясын өндірсе, Өз­бекстан дария суын ауыл шаруашылығы бағытында тұтынады. Ресейден келетін Жайық өзенінің суы да жыл өткен сайын тар­тылып келеді. Өзен суларын бөліскенде ел мүддесі бәрінен де жоғары болуы керек де­геніміз – сондықтан.

Су тапшылығының алдын алу үшін су қой­маларын салу да маңызды. Әсіресе, көк­­­­темгі қарғын су мен жауын-шашыннан су көбейген өзендердің суын жинап, жаз ай­ларында тұтынатын су қоймалары ке­рек. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Су ре­сурстары және ирригация министрлігі то­лық ақпарат береді деп ойлаймын.

– Рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ