Теңізден тамшы қазаққа бұйыра ма?

Қазақстанда Теңіз кен орнындағы «Келешек кеңею жобасының» шығыны 50 миллиард долларға жуықтап қалды. Бастапқыда шетелдік инвестор оның құны 12 миллиард доллардай ғана болатынына сендірген.

Салдарынан, сарапшылардың айтуынша, бұл кен орнынан қосымша өндірілетін мұнайдың бәрі оның шығынын өтеуге ғана жетуі мүмкін. 

Үш рет шегінген жоба

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда қазіргі уақытта 104 мұнай-газ компаниясы 295 кен орнын игеріп жатыр. Алайда соның ішінде тек үшеуі аса ірі саналады. Атап айтқанда, дүниежүзінде бар қырық шақты ғана жаһандық «супергигант» (supergiant) кен орны қатарына кіретін Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған республикада өндірілетін бүкіл қара алтынның 60-70%-ын береді. 

Соның ішінде Теңіз кен орны бі­рінші болып, қарқынды өндіріле бас­тады. Бұрынғы билік мұны – «ғасыр жобасы», ал 1992 жылы оған тартылған америкалық «Шеврон» компаниясын – Қазақстанның шетелдік ірі инвесторларының тұңғышы деп мақтан тұтты. Енді ше?

Энергетика министрлігінің мәлі­метінше, Теңіз жобасы түгесілуге таяды, тиісінше, ондағы «Келешек кеңею жобасы» (ККЖ) – осы аса ірі жобаның аяқтау сатысы саналады. Алып кен орнындағы мұнай өндірісін арттыру үшін қос жоба – аталған ККЖ және «сағалық қысымды басқару жобасы» (СҚБЖ) қолға алынды. 2022 жылы әріптестер жобаның жаңартылған құны мен графигін мақұлдаған еді. Сонда ККЖ-ның жалпы құны 46,7 миллиард долларды құраған. Жұмыстың жалпы ілгерілеуі 98,8%-ға бағаланды.

Әйткенмен, Теңіз кен орнына қа­­­­тыс­ты 2033 жылға дейін контракт бе­кіт­­­­кен инвестор «Келешек кеңею жо­­ба­­­сын» ККЖ тағы қымбаттатты. Төл дерек­­көз­деріне сүйенген Bloomberg агенттігі жобаның шығындары биыл тағы 1,5 миллиард долларға өсіп шыға келгенін хабарлады. 

«Қазақстандық Теңіз кен орнын игеру жобасының операторы – америкалық Chevron жобаны кеңейту үшін қажетті салымдардың көлемін қайтадан арттырды. Супергигант мұнай кен орнындағы өндірісті кеңейту құны тағы $1,5 миллиардқа жоғарылады. Бұл ретте оператор таяуда, 2023 жылғы қазан айында «Теңіз» ККЖ шығыны шамамен 4%-ға – 47 миллиард долларға дейін көбейетінін жариялаған еді. Бұған жобаны іске қосудың күткендегіден баяу жүруі ықпал етті. Осылайша, жаңа қымбаттаудан кейін жоба құны шамамен 48,5 миллиард долларға жетті», – деп жазды Bloomberg агенттігі.

Ақпарат агенттігі Теңіздегі өн­ді­ріс­ті ұлғайту жобасының соңы сиыр­құйымшақтанып, созбалаңға салынып кеткенін еске салды. Бастапқыда инвесторлар ККЖ-ны 2022 жылы аяқтауға уәде еткен. Кейін 2024 жылғы маусымға ысырды. Енді екі мерзім белгіленіп отыр: 2024 жылдың соңы және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы.

Қазақстанның жаңа Үкіметі бұған келіскен сыңайлы. Биылғы 15 ақпанда жаңа Премьер-Министр Олжас Бектенов «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесті. Сонда Олжас Бектенов Теңіз кен орнында Келешек кеңею жобасын – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында, сағалық (ұңғыма ернеуінің) қысымын басқару жобасын 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтауды қамтамасыз ету керектігін айтты.

Бірақ ККЖ-ның тағы қымбаттағаны қазір ғана жария болды.

Талап жоқ, үндеу бар

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ККЖ-СҚБЖ жобаларын жүзеге асыру кестедегі мерзімнен кешігіп қалғанын мойындады. Бірақ оның пікірінше, оның объективті себептері бар және олар жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты. Бәрі дұрыс болса, жоба биылғы жылдың соңына қарай аяқталады. 

2022 жылы әріптестер – Қазақстан Үкіметі мен ТШО осы жобалардың жаңартылған құны мен кестесін мақұлдағалы бері, оның мерзімі екі рет бұзылып, екі рет ұзартылды. Осының алдында, 2023 жылғы қазанда Энергетика министрі «Теңіздегі» ККЖ-СҚБЖ жобаларын қолданысқа беру 6 айға ары ысырылғанын мәлімдеген еді. Сәйкесінше, 2024 жылғы маусымда кеңейтілген өндіріс салтанатты түрде ашылуы тиіс еді. Енді Үкімет ол жоспарларын қайта түзетуге мәжбүр. 

Алмасадам Сәтқалиев ККЖ құны тағы шамамен 5% көтерілетінін растады. Оның айтуынша, бұған жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі түрткі болыпты. Өзге егжей-тегжейін ол журналистерге айтпады. 

Бүгінде Теңіз кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» (ТШО) операторының құрамына америкалық Chevron (үлесі 50%), америкалық Exxon Mobil (25%), «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (20%) және ресейлік «Лукойл» (5%) кіреді. Соңғы екеуі оператордың қаржылық шешім қабылдауына ықпал ете алмайды. Нәтижесінде, операторды америкалық қос мұнай-газ алпауыты тұтас бақылап отыр.  

Энергетика министрінің бұрынғы штаттан тыс кеңесшісі, мұнай-газ сала­сының сарапшысы Олжас Байділдинов «Келешек кеңею жобасының» шығыны 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін деп болжады. 

Америкалықтармен арада бекітілген «тұрақтылығы кепілдендірілген контракт» бойынша инвесторлардың бұл шығыны Теңіз мұнайын сатудан түскен табыстан өтеледі. Сондықтан Chevron мен ExxonMobil ККЖ шығынын еш қиналмай, арттыра береді. Бұл ретте олардың жоба шығынына нені жатқызатынын ел білмейді: тараптар арасындағы 90-шы жылғы келісім бойынша мұндай ақпарат қоғамға жариялауға жатпайды. 

Мұның сыртында ол миллиардтардың басым көпшілігі шетелге кетеді. Осыған орай «Шевронның» басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездескенде, Үкімет басшысы Олжас Бектенов ТШО-да қазақстандық мазмұнның аздығына шағымдана келіп, отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу үлесін арттыруға шақырды. Яғни, шақырумен шектеледі, міндеттей алмайды. Себебі бұрынғы билік тұсында тараптар арасында бекітілген контрактіде қазақстандық өндірушілердің өнімдерін, жергілікті бизнестің қызметін тұтыну талабы көрсетілмепті.

Бұрынғының қателігі бүгін түзелсе игі

Олжас Байділдинов Теңіздегі мұнай өндірісін жылына 12 миллион тоннаға артыратын «Келешек кеңею жобасы» әу баста 12 миллиард доллар ғана тұратыны жарияланғанын еске салды. Содан кейін бюджеті 25 миллиардқа дейін өсті. Өйткені бұл шығынға сағалық қысымды басқару жобасы да кіретіні айтылып, дәйектелді. Ізінше жоба шығыны ың-шыңсыз 37 миллиард долларға жеткізілді. Былтыр 47 миллиард доллар белесін «бағындырды». Биыл құны 48,5 млрд долларды құрайтыны айтылды. 

– 2025 жылға дейін 50 миллиард доллардан да асып жығылармыз. ТШО-мен арадағы тұрақты контрактінің, жалпы Өнім бөлісу келісімінің басты мәні сол, алдымен инвесторлар түскен табыстан жобаға салған инвестицияларын қайтарады. Инвесторлар салған қаржыларының 70%-ға дейінгісін қайтара алғаннан кейін ғана мемлекет кен орнынан салмақты табыс таба бастайды. Егер шығын ұдайы көтеріле берсе, сол күн алыстай бермек. Салдарынан, 2033 жылдан кейін америкалықтар қол бұлғап ұшып бара жатқанда, оның артында қалған еліміз Теңіз кенін өндіруден мардымсыз тиын-тебен ғана тапқанын біліп, көзіне жас алмас па? – дейді О.Байділдинов.   

Оған жеткізбеу үшін мәселенің мәнісіне терең бойлап, шешімдерін іздеген жөн. Олжас Байділдинов бір есептемені келтірді: Үкіметтің дерегі бойынша, келешек кеңею жобасы Теңіздегі жылдық мұнай өндірісін қосымша 12 миллион тоннаға арттырады. Бұл он жылда 120 миллион тоннаға немесе 876 миллион баррельге барабар. 

Brent маркалы қазақ мұнайының әр баррель-бөшкесі бүгінде 85 доллардан сатылып жатыр. Алайда әлем көміртек бейтараптылығы, климаттық күйзеліспен күрес аясында қара алтынды тұтыну көлемін азайтуға ден қойды. Бұған жаһандық экономикалық күйзелістер де әсер етеді. Онжылдықта Ресейдегі саяси ахуал ушығуы ықтимал: Қазақстан мұнайының 98%-дайы РФ аумағы арқылы тасылады. Ел Үкіметі оны айналып өтетін баламалы жол­дармен тасымалданатын мұнай мен газ конденсаты көлемін екі есе арттырды: 2022 жылғы 1,91 миллионнан 2023 жылы 3,73 млн тоннаға дейін. Бірақ бұл да аз. 

Жеткізу шығыны, фрахт құны да қымбаттап жатыр. Осының бәрі қосыла келе, алдағы онжылдықта қазақ мұнайының әр баррелінің бағасы 60 доллардан аспауы мүмкін. Олай болса, ККЖ аясында алы­натын қосымша 876 млн баррель қара алтынды сатудан 52,6 миллиард доллар табыс түседі. ККЖ шығыны – 50 миллиардқа жуық! Сонда 53 миллиардтай ғана табыс әкелетін жобаға 50 миллиард доллар жұмсау ұтымды ма? 

Бұдан ел де қомақты пайда көруі үшін аталған елу миллиард доллар шығын қазақстандық мазмұнға бағытталуы керек. Сонда, әсіресе отандық шағын және орта бизнестің дамуына серпін берер еді. Сондай-ақ Теңіздің жеңіл мұнайын шетелге шикізат күйінде сатуды азайтып, оның орнына мұнай химиясын дамытқан жөн.

Сарапшылар Қазақстанның үлесін арттыру мәселесіне оралған орынды екенін айтады. ТШО-да Үкіметпен және қоғаммен байланысқа 12 жыл бойы жауап берген маман, сала сарапшысы Рзабек Артығалиевтің айтуынша, бастапқыда «Теңізшевройлдағы» үлесті Қазақстан мен Chevron «50-де 50» қағидатымен бөліскен. Қазақстан өз үлесін сатуға шешім қабылдаған соң бұл паритет бұзылды. 

Өйткені тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде Үкімет бюджеттің жыр­тығын жамау үшін түрлі көздерден қаржы іздеген. Содан 25% үлесін америкалық ExxonМobil-ге, тағы 5 пайызын ресейлік «Лукойлге» сатты. Ресейлік компанияның жағдайы бүгінде мәз емес. Ендеше оны үлесін бізге сатуға иліктіру де қиын болмас.

2008 жылы Қазақстан Үкіметі «Теңіз­шевройлмен» арадағы тұрақты контрактісін және Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарына қатысты Өнім бөлісу келісім­дерін қайта қарау, оларда бекітілген «са­лықтық режим тұрақтылығы» ережелерін жою бастамасын көтерді. Егер сол кездегі ел басшылығы құптағанда, тиісті заңнамалық талаптар 2009 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін еді.

Сол бастама «Әділетті Қазақстанда» қайтадан күн тәртібіне шықса игі. Әйтпесе, елдегі ең ірі үш мұнай-газ кен орны бо­йынша келісімдерге 90-шы жылдары болған алым-салықтар ғана кірді және көлемі де тым аз.

Әрине, америкалық инвесторларды біржақты жамандай беруге болмайды. Бизнесмендер бірінші кезекте, өз та­бысын, қара басын ойлайды. Бірақ елі­мізде өндірілетін мұнайдың үштен бірін беріп отырған «Теңізшевройл», Шеврон елге келген отыз жыл ішінде сала мен экономикаға 70 миллиард доллар инвестиция құйды. Осы уақытта ол мемлекет бюджетіне түрлі салық, роялти және басқа төлемдер түрінде 160 миллиард доллардан астам кіріс әкелді. «Теңізшевройл» жұмысшыларының 95%-дан астамы – Қазақстан азаматы. 

Сондықтан Үкімет тоқпаққа жүгінбей, инвестордың тілін тауып, шектен шықса, тәртіпке келтіріп, сақ қимылдағаны жөн. Егер америкалықтар теріс айналып, озық мұнай-газ өндіру технологияларын алып кетсе, сала қараң қалуы, инвесторлары қашқан Қазақстан дамыған әлемнен оқшауланған Ресейдің кебін құшуы мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ