Мемлекет басшысы БҰҰ-ның VIII Бас хатшысы, Боао Азия форумының төрағасы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті Пан Ги Мунмен кездесу өткізді, – деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан Президенті Боао форумына қатысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдіріп, оның БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған кезде әлемдік қауымдастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.
– Менің пікірімше, Сіз Біріккен Ұлттар Ұйымы тарихындағы ең үздік бас хатшылардың бірі ретінде қызмет еттіңіз. Екі жарым жыл Сіздің жетекшілігіңізбен жұмыс істеу мен үшін керемет кезең әрі зор мәртебе болды, – деді Президент.
Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.
– Сіз Қазақстан Президенті ретінде өңірдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, адамзат пен БҰҰ-ның мүмкіндіктерін кеңейтуге белсенді атсалысып келесіз. Менің ойымша, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Сіз Шығыс пен Батыстың ахуалын жақсы түсінесіз. Бұл ретте тәжірибеңіз мол, – деді Корея дипломаты.
Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық бастамаларына да тоқталды. Бас Ассамблеяның 79-шы сессиясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп, One Water саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Астанада 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Пан Ги Мунды алдағы Астана халықаралық форумына бас спикерлердің бірі ретінде қатысуға шақырды.