Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарына қауіп төніп тұрғанын хабарлады.
Қазақстанды тағы да су басты: бөлінген қаржы қайда кетті?
614
оқылды

Еліміздің он шақты аймағын су басып, жер-жердегі тасыған нөпір ірі қара малды ағызып, көліктерді қалқытып әкетіп жатыр. Баспаналардың өзін бел ортасына дейін су басты. Қаншама адам қара жолдан күдер үзіп, көмекті шатыр үстінде күтті. Кейбір аумақта тұрғындар қауіпсіз жерге тікұшақпен жеткізілді.

27 наурыздағы мәлімет бойынша, 1431 адам эвакуацияланған. Оның 312-сі – бала. Ал 28 наурыздағы мәлімет бойынша әр аймақта 100-ден астам тасқын тіркеліп, 297 үй су астында қалды. 18 жолды су шайып, екі көпір бұзылды. Бірақ аймақтарда келтірілген материалдық шығынның мөлшері әлі айтылған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарына қауіп төніп тұрғанын хабарлады. Қазір бұл өңірлердегі құтқару жұмыстарына төтенше жағдай қызметкерлері мен әскерилер жұмылдырылды.

Өңір-өңірде су деңгейі көтеріліп жатқан тұста Абай облысында үш адам жоғалып кеткен.  Құтқарушылар жоғалған адамдарды іздестіріп жатыр. Бірақ ресми органдар бұл оқиғаны тасқынмен байланыстырмайды. ШҚО Күршім ауданында Топтерек ауылынан 4 шақырым жерде қардың қатты еруінен бұлақ үстіндегі көпірдің бетонды конструкцияларын шайып кеткен. Соңғы екі күнде жергілікті тұрғындардан 60-тан астам адам тасымалданды. 

Ал Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты 20 мыңнан аса адам тұратын Қоянды ауылының кейбір тұрғыны жергілікті биліктің қыстай жауған қар уақытылы шығармай, су арнасын бұруға техника жеткіліксіздігін айтса, ауыл әкімдігі бұған келіспей отыр. Қазақстанда қар еріп, оның арты қандай проблемаларға әкелетіні жайында EOS Data Analytics (EOSDA) компаниясы былтыр ауыл шаруашылық пен орман шаруашылығына арналған жерсеріктік сараптамасын жасаған болатын. Сол кезде Ақмола облысы Атбасар ауданында су тасқыны бойынша мынадай статистиканы көрсеткен:

2014 жылы 550 үй су астында қалып, жүздеген адам эвакуацияланды;

2016 жылы су тасқыны қаупі болып, жер үйіндісінің көбейту арқылы алдын алды;

2017 жылы судың ең қатты ағысының салдарынан төрт жерде бөгет жарылып, 600 үй су астында қалды;

2019 жылы Жабай өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты екі мектеп пен 80-ге жуық үйді су басты. Олардың айтуынша, елдегі ерте көктем қардың қарқынды еруімен бірге жүреді.

Ал 2022 жылы Қазақстанда 200-ден астам елді мекен қауіпті аймақта қалған. Ең әуелі қардың уақытылы шығарылмауы және арықтардың тазаланбауы – судың тасуына әкелген. 

Екіншіден, Ақтөбе қаласын кесіп өтетін Сазды өзені арнасынан шығып, көшеге су жайылды. Тасқын қатты болып жатқан тағы бір аймақ – Ақтөбе облысының Қобда ауылында еріген қар суын сору және азаматтарды эвакуациялау жүргізілді.  Қостанай облысы да осындай күй кешіп отыр. Бүгінде аймақ әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысында төтенше жағдай режимі жариялап, Арқалықта жедел штаб отырысын өткізді. Ол барлық зардап шеккен халыққа әлеуметтік көмек көрсету басталғанын ескертіп, құтқаруды күтпестен үй-үйлерді аралауды тапсырды. Сөйтіп, су тасқынынан неғұрлым көп зардап шеккен «Қызыл жұлдыз» ауылының тұрғындарына демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңге, барлығы 18 500 мың теңгеге жедел көмек көрсетуді жөн көрдік. 

Негізі бұған дейін аймақтардағы су қоймаларының жағдайы тексерілгенін, мамандар сең жүрмеуі үшін өзендердегі мұзды жарғанын хабарлаған. Жергілікті әкімдіктер қыстайғы қар елді мекендерден тыс аумаққа шығарылғанын Премьер-Министр Олжас Бектенов хабарлаған болатын. 20 ақпандағы үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов көктемгі тасқынға тек қағаз жүзінде дайын болғанын мойындаған. Соның салдарынан биыл барлық облыста дерлік қауіп бар. Қазір Солтүстік Қазақстан мен оңтүстіктегі облыстар тасқыннан аман. Алайда мамандар бұл өңірлерде де қауіп барын ескертуде. 

Жалпы EOS зертеу орталығының мәлеметінше, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңі, яғни 1990-2019 жылдар аралығында Қазақстанда су тасқынынан кемінде 150 000 адам зардап шеккен. Ал ел экономикасына келтірілген шығыны 350 млн долларға шықты. Сол бір аралықта елді еңіреткен оқиғаның бірі – Алматы облысы Қызылағаш ауылының суға кетуі. Оған қоса, Шығыс Қазақстан облысының 24 елді мекенін су басып, 40-тан астам адам қаза тауып, 16 000-нан астамы зардап шеккен еді.  

Ал биылғы Төтенше жағдай министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің қажеттілігіне Ұлттық бюджеттен 27,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Үкімет тарапынан өңірлердегі шұғыл және төтенше шығынға 41 млрд теңге қарастырылған. Алайда сол қаражатқа министрлік зардап шеккендерге көмектесу үшін 750-ден астам шатыр, 39000 төсек орын, 52 000 төсек орын жабдықтары және тамақтану бойынша 1600-дей келісімшарт жасаған. Сонымен биылдыққа Қазақстанда елді мекендердің айналасына 114 шақырымнан астам уақытша бөгеттер мен қорғандар салынды. 1900 шақырымнан астам каналдар мен арықтар, сондай-ақ 5000-ға жуық автомобиль және Теміржол су өткізу құрылысы тазартылды. Оған қоса, 350 000 тоннадан астам инертті материалдар, 49 000 тонна жанар-жағармай материалы мен бір миллион қап дайындады.