«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті.
«AMANAT» партиясында ұлтты ұйыстырудың мәні мен маңызы талқыланды
844
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиынға қатысушылар тарихи тұлғаларға баға беру ісінде әділдік орнату, қазіргі зиялы қауым өкілдерінің ықпалын арттыру және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай ұлттың бірегейлігі, халықтың тұтастығы, жаңа қоғамдық этика қалыптастырудың мәні мен маңызы жөнінде пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, елдегі зиялы қауым өкілдерін ауызбіршілікке шақырды. Президент өз сөзінде: «Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деген болатын.  «Miras» кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысы көтерген осы көкейкесті бастаманың көш басында болып, ұлтты ұйыстыруға, елді біріктіруге өз үлесін қосуға әркез дайын», – деді ол.

Өз кезегінде, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы тарихи тұлғаларға қатысты байыпты, парасатты көзқарас қалыптастыру керек екенін және бұл іс баршаға ортақ парыз саналатынын жеткізді.

«Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан тұлға тану кезінде олардың мұрасын тең қарау және оның халыққа қай тұсы қажет, қай тұсы сол кезеңге қажет емес екенін меңгеріп барып жариялау қажет екенін алға тартқан еді. Біз де қазір сондай кезеңде тұрмыз. Тұлға тану ісіндегі ғылымның үш негізгі қағидаты – шынайылық, тарихилық және барлық мәселені жан-жақты қарау. Шынайылық деп отырғанымыз – пендешіліктен немесе білімсіздіктен аулақ болу. Бұл – тарихи тұлғаны, оқиғаны үзіп-жұлмай, тұтас қарау деген сөз», – деді ғалым.

Осы орайда, жазушы-драматург, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова шығармашылық ұйымдардың басын қосу, оларды орталықтандыру жөнінде ұсыныс білдірді.

«Астанадағы «Шабыт» ғимаратында әубаста композиторлар, суретшілер, жазушылар, театр қайраткерлері, киногерлер одақтары орналасуы керек еді. Кинозал, концерт залы, қаламгерлер залы шығармашылық лабораторияларға ыңғайланып салынды. Құрылыс аяқталғанда ғайыптан тайып, университетке айналды. Елордада шығармашылық ұйымдарды бір ғимаратқа орналастыру керек. Бұл қадам зиялы қауым өкілдерінің тығыз шығармашылық байланыста болуына мүмкіндік береді. Зиялы қауым өкілдерінің ауызбіршілігін нығайтудың бірден-бір жолы – осы», – деді ол.

Сондай-ақ жиын барысында Мәжіліс және Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, күн тәртібіндегі тақырыптар аясында пікір алысты.