Маңғыстауда жаңа жыл 14 наурыздан басталады. Бұл күні еңбектеген баладан бас­тап, еңкейген кәріге дейін көрші-қолаң, ағайын-туысқа барып, «Амал кел­ді –­ жыл кел­ді!» деп қуанып, көрісіп шыға­ды.
Маңғыстауда әз Наурызды айрықша атап өтті
592
оқылды

Өткен өкпе-наз ұм­тылып, араздық кешіріледі. Жаман­дықтың бәрі амалда жауған ақша қармен жуылып, Қара­тау­дың ызғарлы желімен кептіріліп келмеске кетеді. Ағыл­ған жұрт түбектің ең биік шоқ­ы­сы – Отпан тауда бас қосып, арқа-жарқа көрісіп, келер күнге берекелі батасын береді. Сөйтіп, жұрт жаңа жылға жаңа көңілмен, жақсы тілекпен аяқ басады. 

Айта кетейік, «Амал» мереке­сі, «Көрісу» салты маңғаз мекенде бұрыннан бар, мұқым қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі. 

– Қазір «Амал» мерекесі рес­публикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. Көрісу салты, қара шаңырақ ұғы­мы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Бұл – Маңғыстау халқының соңғы жиырма жылда жасаған адал еңбегінің жемісі, ақ уыз ние­ті­нің айғағы. Осы мәдени шара­лар­дың негізі жүгін жастарымыз көтеріп, игілікті іске мұрындық болуда, – дейді бүкіл Алашқа танымал ақын Сабыр Адай.

Ақтаудағы әз Наурызды қарсы алу шарасының шымылдығы мереке қарсаңында теңіз жаға­сын­дағы алаңда кешқұрым түріл­ді. Ашық аспан аясындағы амфитеатр сахнасында шығармашы­лық ұжымдарының «Алтыбақан» ойын-сауық концертімен басталды. Мерекелік кеште әншілер мен бишілер өнер көрсетіп, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дильназ Тілепова «Қызымын елдің» әнін, Шолпан Берікбаева «Бипыл» халық әнін шырқады. Халықтық ұжым «Мұнара» би ансамблі «Шабыт» биін биледі.

– Наурыз мерекесіне орай ұйым­дастырылған шараның мақ­саты – халыққа мерекелік көңіл күй сыйлау. «Абай» атындағы мәде­ни-демалыс кешені басшы­сы­ның орынбасары Маргарита Омарова. Жиналған елді ұлы­күнмен құттықтады.

«Алтыбақан» фольклорлық ән-би ансамблінің тарихы 1972-1982 жылдары Бейнеу ауданына бас­талғанын айта кетейік. Сол жылдары аудандық мәдениет бөліміне Е.Болысов басшылық жасап, ұлт­тық өнерді салт-дәстүр, ұлттық ойындарды насихаттау мақ­­са­тында «Алтыбақан» этно­гра­фия­лық және фольклорлық ән-би ан­самблін ұйымдастырып, алға­шында он шақты өнерпазбен сахнаға шығарылған болатын. Оның құрылуына Б.Әзірханов, Ы.Юсупов, Б.Дарикулов, І.Көбе­ген, Ә.Ағысбаев, С.Адай, Б.Мырзабеков, тұңғыш режиссері С.Тастайбеков атсалысты. 

«Алтыбақан» 1987 жылы Мәс­кеуде Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мәдени күндеріне қатысты. Румыния, Болгария елдерінде өнер көрсетті. Бүкілодақтық ха­лық шығармашылығының І және ІІ фестиваліне қатысты. Өнер ұжымы Қазақстан КП Орталық комитеті, Министрлер кеңесі, ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық комитетінің адресатымен, Бүкіл­одақтық композиторлар одағы­ның бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 

– Өңірде биылғы ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы ерекше атап өтілуде. Дүбірлі думан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бекітілген Наурызнама онкүндігі тұжырым­дамасы аясында жыл басы – Амал мейрамынан бастап, 10 күнге жалғасты, – дейді облыстық Мә­дениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Төлеу­ға­лиева. Шынында да, ел аума­ғында жаңа форматта тойланған жа­сампаздық нышанындай жаңа жыл – әз Наурыз мейрамы Маң­ғыстау өңірінде ерекше атап өтіл­ді. Теңіз жағалай 40-қа жуық үй тігіліп, ақ дастарқан кеңінен жайылды. Мерекеде жағалауда серуендеген халық қазақтың ұлт­тық тағамдары, атап айтсақ бал­қаймақ, құрт, бауырсақтан дәм татты. Қазақы нақышпен безен­діріл­ген киіз үйлерге бас сұғып, ұлт­тық тағам түрлерінен дәм тат­қан жұртшылық суретке түсіп, мәре-сәре болысты. 

Сондай-ақ «Науша наурыз – бақ, ырыстың бастауы» деген атпен театрландырылған шара қойы­­­­лып, арнайы концерттік бағ­­­­дар­­­­лама ұйымдастырылды. Ам­фитеатр аспанында халық әндері әуеледі. 

Сонымен қатар ұлттық ойындар ұлықталып, атап айтсақ кір та­сын көтеру, ләңгі тебу, бес асық, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тарту сынды сайыс­тарға халық белсене атсалысты.

– Ұйымдастырылған ұлттық ойындар қала тұрғындары мен қонақтары арасында өткізілді. Ме­рекелік шараға қатысқан­дар­дың көбі қол күресі, кір тасын көтеру және ләңгі тебуге қатысты. Бұл тұрғындардың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушы­лы­ғы­ның артуын білдіреді, – деді Ақтау қалалық Мәдениет, дене шынық­тыру және спорт бөлімінің маманы Айдана Мұратова.

Мерекеде маңғыстаулық үкі­меттік емес ұйымдар бірігіп, алаң­ға киіз үй тікті. Жеті қанатты киіз үйді тігуге 50-ге жуық ҮЕҰ атса­лыс­­­ты. Киіз үй ішіне қала тұр­ғын­дары мен қонақтарына арналған мерекелік дастарқан жайылды. Киіз үйдің ішінде сәбидің тұсауы да кесілді. Халқымыз ұл-қызының тұсауын бойына жақсылық дарысын деген мақсатта көреген, дана, сыйлы тұлғаға кестірген. Тұсау кесу мәртебесі ақын, «Адалдық алаң» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дайрабай Мамашұлына бұйырды. 

Бұл шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та қатысып, үкі­мет­тік емес ұйымдардың тіккен киіз үйінде қонақ болды. Айта кетейік, амфитеатр алаңында ал­ғаш рет журналистер үйі де тігілді. Мұнда өңірдегі БАҚ өкілдері қазақша нақыштағы киім киіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, қала тұрғындарын қарсы алып жатты.

Киіз үй Журналистер одағы­ның Маңғыстау облыстық фи­лиалының ұйымдастыруымен тігілгенін айта кетейік. Облыстық «Маңғыстау Медиа» ЖШС және «Маңғыстау» телеарнасының жә­дігерлері, өңір басылымдары мен архивтегі суреттерден көрме жа­сақ­талып, оны көпшілік қызыға тамшалады. – Биылдан бастап, Наурыз мейрамы ерекше тойланып жатыр. Осы орайда облыстың журналистері де бас алаңға киіз үйімізді тігіп, халыққа мерекелік көңіл күй сыйлауды жөн көрді. Тұрғындар облыстағы БАҚ жұ­мысымен танысып, киіз үйден дәм татуда, – деді Журналистер одағының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Гүлмира Әбішова.

Мереке күні теңіз жағасында суретшілер мен қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі де өтті. Шарада қолөнершілер киізден жасалған ұлттық киімдерін және ағаштан жасалған бұйымдарын көрсетті. Сонымен қатар көрмеге сурет­ші­лердің 70-ке жуық туындысы қойылды. Көрмедегі суреттерден Наурыз мерекесіне орай, арнайы альбом да жасақталды. 

– Альбомға 35 суретшінің туын­дылары жинақталды. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды сурет өнері арқылы көрсету, – дей­ді Суретшілер одағы Маңғыс­тау облысы филиалының төрағасы Бақытжан Құлбаев.

Наурыз мерекесін тойлауға жиналған жұртшылық М.Өскін­баев атындағы Маңғыстау об­лыс­тық филармониясы мен Н.Жан­төрин атындағы музыкалық драма театры әртістерінің концертін қуана тамашалады. Мерекелік кон­­цертте Дана Құлманова, Асанәлі және Асқар Көшеровтер, Кәмшат Ізтілеуова, Бақтыгүл Оңғарова, Фариза Ретбайкызы, Бауыржан Ретбаев, Екпін Толқын­хан, Нұржанат Бисебаева, Марат Станов, Гулфайруз Баспаева, Данияр Губайдуллин, Ақ­марал Арғынкызы, Бауыржан Есқалиев, Мөлдір Жайлыбаева, Нұрдаулет Дүйжанов сынды әртістер өнер көрсетті. 

– Құрметті қазақ елі! Бар­ша­ңызды келіп жеткен жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Барша әлем жаңарып, жайқала түс­кендей. Қазақ халқы осы күнді асы­ға күтіп, дәл осы мерекені одан әрмен думанға айналдыратыны бәрімізге мәлім. Мерекеде халқымыз үшін арнайы ән шашуымызды тарту еттік, – деді М.Өс­кінбаев атындағы Маң­ғыс­тау облыстық филармонияның әншісі Асанәлі Көшеров. 

– Бәрі өте керемет өтті. Бар­лығы да жақсы болғай. Өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мерекелік шараға домбырамды арқаға асып, арнайы қазақша киініп келдім. Салт-дәстүрімізді сақтайық! – деді қала тұрғыны Нұрзат Тілеубаев. 

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы