Бүгінде қазақ әйелдерінің арасында ептілік пен қырағы­лық­ты, өжеттік пен қайсар мі­нез­ді талап ететін кәсіппен ай­на­лы­са­тындар аса көп емес.
Тізгіндеп тікұшақ пен тракторды...
973
оқылды

Се­бебі мұндай салмағы ауыр жұ­­мыс­ты үйрену, оны әрі қарай дөң­гелетіп алып кету екінің бірі­нің қолынан келе бермейді. Мамандық ер мен әйелге бө­лін­бейді. Сол бір қалыптасқан сте­­­­реотипке қарсы тұрған Қа­зақ­стан­дағы санаулы ұшқыш әйелдердің бірі – Ақерке Шо­па­таева. Алматы қаласындағы Аза­­маттық авиация акаде­мия­сының түлегі 2008 жыл­дан бері «Қазавиақұтқару» компа­ния­сында қызмет етіп ке­леді. Он төрт жылға жуық уақыт бойы әуе көлігін көкте қалқытып ке­­ле жатқан кейіпкеріміз қазір Ми-8 тікұшағын тізгіндейді.

– Ми-8 бірінші санатты тікұ­шақ болғандықтан, оның ауаға кө­терілу массасы 13 мың тоннаны құ­райды. Тікұшақ жүк пен жо­лау­шы­лар тасы­малдау, санитарлық авиация, өрт сөндіру, сел тасқыны сын­ды құтқару жұмыстары кезінде қол­данылатын әуе көлігінің бірі са­налады. Әрине, бұл алып тікұ­шақ­тың ауаға көтерілуі ауыр жұ­мыс. Себебі ұшақты тіз­гін­деген сәт­те ойыңдағы теорияны фи­зи­ка­лық тұрғыда ұштастыра білуің тиіс. Ал қаншама жылдар бойы оқыған тео­риялық тәжірибені практика­мен қатар алып жүру оңай емес. Мен өзімді әлі күнге дейін тікұ­­шақ­ты дұрыс тізгіндеуді үйреніп жүр­ген маман деп есептеймін, – дей­­ді ұшқыш.

Әуеде 700 сағаттан аса ұшқан

Кейіпкеріміз «тікұшақты тіз­гіндеу – хоббиім» деп бі­леді. Авиа­ция саласы жайында Кеңес үкіметі кезінде көгілдір эк­ран­да көрсе­тілетін ДОСААФ авиа­ция, әскер, флот еріктілер қоға­мы­нан біліп өскен ол уақыт өте келе ана­сының бағыттауымен әуе көлі­гін басқару са­ласына бет бұрған. Ақер­ке Шо­па­таева бүгінге дейін әуе­де 700 са­ғат­тан аса ұшқан.

– Мен оқуды Ан-2 ұшағының ұш­­қышы ретінде бітірдім. Қазір бұл ұшақ химиялық жұмыстарды атқарады. Нақтырақ айтсам, әр­түрлі ауыл-аймақтардағы егіс­тік­ті залалсыздандыру жұмысын ат­қарады. Шыны керек, әйел адам бол­ғаннан кейін өзімді бұл қыз­мет­те көре алмадым. Өйткені улы дә­рі­лермен жұмыс істейтін бол­ған­дықтан, ол денсаулыққа өз әсерін бе­ретін еді. Сол уақытта нұсқау­шым маған жұмыстың ауыр екенін, мүм­­кіндік болса авиацияға ба­руым­­­ды айтып кеңес берді. Алайда үл­кен авиацияға бара алмадым. Кейін оқу тәмәмдаған соң Қаза­виа­­­­­құтқару мекемесі туралы сырт­тай естіп жүрдім. Соңында түйін­де­­­мемді жолдап көруге шешім қа­былдадым. Күндердің бір күні Қа­завиақұтқару мекемесі мені сұх­батқа шақырды. Серік Капаровтың қа­былдауына барып, сұхбат бары­сын­да маған Ан-24, Ан-30 сынды тікұ­шақтарға бос орын жоқ екенін, алай­да өзге тікұшақтар барын айт­ты. Бастапқыда тікұшақтың бас­қа­рылуы қарапайым ұшаққа ұқсас деп ойладым. Қаншама уақыт бойы әуеге көтерілмегеннен кейін не де болса ұшқым келді. Сон­дық­тан бірден «иә» деп келісімімді бер­дім. Кейін мамандығым ұшақ ұш­­­қышы емес, тікұшақ ұшқышы бо­лып ауыстырылды. Бұл шешімім үшін өкінемін деп айта алмаймын. Се­бебі 13 мың тонналық көлікті әуе­ге өз бетіңмен көтерген сәттегі әсер­ді айтып жеткізе алмайсың. Тікұ­шақтар қонуға қолайлы кез ке­л­ген жерге қона алады. Бастысы, әуе көлігінің габаритіне қолайлы жер болуы қажет, – дейді ол.

«Енемнің қолдауының арқасы»

Ақерке Шопатаева – отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген көп­балалы ана. Бүгінде төрт бала­ны дүниеге әкелген аяулы ана, бір шаңырақтың ошағын тұтатып, ұр­пағын өргізіп отырған ардақты ке­лін. Тұңғышы 14 жаста болса, ал кен­­жесі қазір 3 жаста. Қиындығы мен қызығы мол салада жемісті қыз­мет етуіне енесінің қолдауы ора­сан екенін айтады. 

– Балаларымды дүниеге әкел­­­ген­нен кейін олар 1 жасқа толы­сы­мен-ақ енем: «Үйде отырма, ақыры осын­дай мамандықты иеленгеннен кейін оқығаның зая кетпесін. Сен жас­сың, жұмыс істе. Балаларыңды аяқ­қа тұрғызу керек» деп мені жұ­мыс­қа жіберді. Балаларымды ба­ла­­­­бақшаға, мектебіне, үйірмесіне өзі алып барып, алып келеді. Енем­нің арқасында осы уақытқа дейін өз ма­ман­дығымды иеленіп жүрмін. Ана­ларымның бірі жарық дүниеге әке­ліп, ұшқыш мамандығын таң­дауыма жол сілтесе, екіншісі сол ма­ман­дықты әрі қарай жалғас­тыруы­ма себепші болды. Дегенмен әйел заты болғаннан кейін жұмыс­пен қатар, отбасын да қатар алып жү­руің тиіс. Әзірге өзімді толық­қан­ды жоғары санатты маманмын деп айта алмаймын. Өйткені қыз­мет­тік жылдарымның арасында дек­реттік демалысқа шықтым. Үзі­ліс уақыты өз әсерін береді. Мы­­­салы, бір жыл бойы тікұшақ бас­қа­рып, тәжірибе жинайсың. Қан­дай да бір жұмысты атқару ба­ры­сында қолың шынығады. Осы қар­қынмен келе жатқан кезде де­ма­лысқа шы­ғып, біршама уақыт әуеге көтеріл­мей­сің. Ал ұзақ уақыт бойы ұшақ­пен ұшпағаннан кейін жи­наған тәжірибені қайта қалпына кел­тіру қа­жет болады, – дейді Ақерке.

«Өртті сөндіру үшін күніне 50-60 рет су құю қажет болды»

Әуеге көтерілген сәтте әрбір ми­­нут, секунд маңызды. Кез кел­ген мамандықтың қызығымен қа­тар, қиындығы болатыны рас. Әсі­ресе, күрделі әуе кемесін бас­қару кезінде өзіңнің ғана емес, бір­неше адам­ның өміріне жауап­кер­шілікті арқалайсың. Кейіп­кері­міз – Абай облысында болған ала­пат өрт кезінде күні бойы тік тұ­рып қызмет еткен мамандардың бірі. Ұшқыш­тың өзі тілсіз жаудың салдары ауыр болғанын, қаншама адам­ның от­басынан жырақ кетіп, қауіпті алаң­да өрт сөндірумен ай­на­лысқанын айтып еске алды. Ұш­қыштың сөзінше, әуе көлігін тіз­гіндеген ма­­ман, ең біріншіден түр­лі жағ­дайларға психологиялық тұрғыда дайын болуға тиіс.

– Әуе көлігі болғаннан кейін әр­түрлі факторлар болады. Ұшақта қан­дай да бір ақау пайда болып, өмі­ріңе қауіп төнген жағдайда жұ­мыс­ты дәл уақытында нақты та­лап­тарға сай орындау маңызды. Біз адам өмірі үшін жауап береміз. Өрт сөндіру, қандай да бір ауыл хәлде жатқан адамды тасымалдау немесе әртүрлі биіктіктегі таулы аймақ­тар­ға қону сияқты жұмыс атқары­ла­ды. Жақында Абай облысында бол­ған өрт салдарынан қаншама жер күлге айналды. Өрт ке­зінде жол­­дасым екеуміз екі тікұ­шақ­пен екі жерде жұмыс істедік. Ұшақ тіз­гіндеу кезінде қиын­дық­пен бетпе-бет ­келге сәттер өрт сөн­діру кезін­де болды деп ойлай­мын. Себебі өрт ау­мағы үлкен бол­­­­ғандықтан, оны сөн­діру де оңай болған жоқ. Бір ау­­­мақтағы өртті өшіру үшін бір эки­­паж күніне 50-60 рет су құю қа­­­жет болды. Таң атқаннан түскі уа­­қытқа дейін бі­рін­ші экипаж жұ­мыс істесе, түстен кеш батқанға дейін екінші экипаж шығып, өрт болған аймақта жүрді. Шыны ке­рек, физикалық және психоло­гия­лық тұрғыда әлсіредік деп айтсақ да болады. Бірақ жұмыс барысы бол­ғаннан кейін әлсіздік пен шар­шауды сезінуге мұршамыз болма­ды. Өрт сөндіріліп аяқт­ал­ған­ша, соңына дейін жұмыс істедік, – деп сөзін түйіндеді ұшқыш А.Шопа­таева.

Құрт жайған тракторшы келін

Ал Арайлым Байдашова – төрт жыл бойы трактор тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығында тынбай еңбек етіп жүрген жан. Арайлым салмағы 4 тоннадан асатын көлік тізгіндеу арқылы шөп шауып, қыстаққа тасымалдаумен айналысады. Сондай-ақ кейіпкеріміз трактор айдап, шаруашылықпен айналысқан сәттерін кадрға таспалап, әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап отырады. 

– Трактор тізгіндеу ісін жолдасым үйретті. Бастапқыда көлікті, мотоциклды үйреніп бастадым. Бірақ мотоциклден құлап қалған соң оны қайта айдауға бетім қайтып қалды. Қазір мотоциклге аса міне қоймаймын. Алғашында жолдасымның шаруаға үлгермей жүргенін көргеннен кейін мен де трактор тізгіндеп көретінімді айтып ұсыныс тастадым. Екеуміз кез келген жұмысты бірлесе атқарамыз. Өкінішке қарай, қазір жастар ауылға келе бермейді. Оның үстіне, байланыс нашар болғандықтан, ғаламторға кіре алатын жер табу үшін бірнеше шақырым жүру қажет, – дейді тракторшы келін.

Кейіпкеріміз негізінен есеп және аудит мамандығы бойынша білім алған. Осыған дейін Жылжымайтын мүлік орталығында жұмыс істеп келген. Өзінің айтуынша, болашақ жарын да қызмет бабымен жүрген уақытта жолықтырған. Бүгінде ауылдың тынымсыз тіршілігіне бойы үйренген тракторшы келін – үш баланың анасы. Бір қызығы, Арайлым трактор тізгіндеумен қатар, мал бағып, бие мен сиыр да сауады. 

– Қазір қыстақтағы шаруаны жолдасым Дарын екеуміз жүргізіп отырмыз. Шаруашылық ата-әжемізден қалған, сондықтан оны әрі қарай жалғастыру мақсатында жолдасым екеуміз істі тоқтатқымыз келмеді. Жаздыгүні таңғы бестен бастап жұмысқа кірісеміз. Бие мен сиыр сауып, майым мен құртымды жасап, қалаға өткізіп отырамын. Әзірге кәсібім – осы. Келешекте дәл осы кәсіпті әрмен қарай жандандырып, үлкен фермер құрып, қымызды бренд өнім ретінде шығарғым келеді, – дейді А.Байдашова.

Әңгіме барысында екі кейіпкеріміздің де бойынан бір қасиетті байқадық. Ол – істі соңына дейін нәтижелі атқаруға деген табандылық пен батыл мінез. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөзге осы сәтте тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Себебі олар – отбасының ұйытқысы ғана емес, ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, қоғамның алға жылжуына серпін беріп отырған қайсар күштің иелері. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы