Қарттық кезеңдегі әлеуметтік мәселе өте көп.
Қария туған жерінен топырақ бұйыруды «әдемі өлім» деп түсінеді – әлеуметтанушы
6,990
оқылды

Соның бірі – қарттар үйіндегі жағдай. Қазір ол жердегі шынайы оқиғаны көзбен көріп, қартайған шағында адамның нені ойлап, не нәрсе жайлы толғанатынын зерттейтін адам аз. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз, әлеуметтанушы Айгерім Жақыпбек біраз уақыттан бері аталмыш тақырыпқа қызығып, докторлық диссертациясын қарттық кезеңдегі әлеуметтік мәселелерге арнаған. Жақында осы жөнінде әлеуметтанушымен тілдесіп, көлемді сұхбат алған едік. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырман қауымның назарына зор ықыласпен ұсынамыз...

 Айгерім ханым, қарттық кезең мәселелерін зерттеп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Зерттеуге аталмыш тақырыпты таңдауыңызға не себеп? Әңгімемізді әуелі осыдан бастайықшы...

Қарттық кезең мәселесін зерттеуге 10 жылдан бері қызығып келемін. Мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Түркістан облысына қарасты ауылдарда 2014 жылдан бері әртүрлі әлеуметтік тақырыпта зерттеулер жүргізіп, түрлі сауалнама, сұхбат пен фокус топ өткіздім. Сол зерттеулердің барысында барған ауылдарымда сауалнама алу үшін әр үйге кіріп, сауалнамаға жауап беруін сұрайтынмын. Адамдардың көбі бірден бас тартқысы келіп тұратын, сауалнама сұрақтарына жауап беруге қорқатын. Бірақ сол ауылдардағы қарияларға біздің не істеп жүргеніміз қызық болып, сұрақтарымызға жауап бергісі келетін. Үйлеріне шайға шақырып, бізбен сөйлесіп, ауылдың өзекті мәселелерін айтып, сауалнамамыздың сұрағына барынша ашық жауап беруге тырысатын. Осылайша, маған ауылдарға барғанда ата-апалармен cөйлескен, барған ауылымның тыныс-тіршілігімен танысқан, халықтың жағдайын білген ұнай бастады. Қариялардың өмірін жақсырақ біле бастадым.

Қариялардың жаңа нәрсеге қызығушылығы бар, бірақ...

Олар әлеуметтік, саяси және мәдени тұрғыда белсенді болмаса, жастар «уақыт жоқ» деп сылтау айтып, белсенді, ашық қоғамның құндылықтарын  төмендете бастайды деген ой келді. Өкінішке қарай, ауылда тұратын қариялардың көбі  жаңа нәрсеге қызығушылығы бар болғанымен, олар үйдің төңірегінен шықпайды, бос уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған, қариялардың мәдени өмірі тек той, құдалық, құдайы тамақпен шектелген деген ой келді. Олардың бос уақыттағы әлеуметтік, саяси және мәдени белсенділігін арттыру бойынша ізденістер жасап көргім келді.

Осылайша, өзімнің мамандығыма қызығушылығым да арта түсті. 2018 жылы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша докторантураға түстім. Диссертациялық тақырыбымды «Қарттардың әлеуметтік эксклюзиясын жеңудегі белсендіруші технологиялар (Шымкент қаласы мысалы)»  деп алып, сол бойынша ізденістер жүргізе бастадым. Қарттық кезеңнің мәселелері мен оны шешудің технологияларын іздеу жұмысым 2018 жылы басталды. 2020 жылы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының жүргізген «Қазақстандағы қарт адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары мен олардың қажеттіліктерін бағалау» бойынша әлеуметтанулық ұлттық кешенді зерттеудің құрамында болып, Шымкент және Түркістан облысында қариялар мен сарапшылардан сұхбат алдым. Бұл зерттеудің мәліметтері қазір қалада және аудан орталықтарында бой көтерген «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының» ашылуына әкелді. Ол менің қарттық кезеңді зерттеуге қызығушылығымды  арттырды.

 Сізбен сұхбаттаспас бұрын әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды шолып шықтым. Байқағаным, Шымкенттегі қарттар үйіне жиі барады екенсіз. Сондағы қариялармен сұхбаттасып, күнделік жүргізесіз. Қалай ойлайсыз, қазір қарттар үйінің ахуалы қалай, қарияларға жағдай жасалған ба?

Иә, мен осы жылдың басынан қарттық кезеңдегі «жалғыздық» мәселесіне көп көңіл бөле бастадым. Зерттеуімнің негізгі сұрақтары: «Неге қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын  жақсы ұстанатын, кеңейтілген отбасылар саны көп Шымкент қаласы мен  Түркістан облысында қарттар үйіне сұраныс бар?», «Қарттар үйінде тұратын қариялардың өмір жолы қандай?», «Қариялар қарттық өмірін неге қарттар үйінде өткіземін деп шешті, ол шешімге не/кім әсер етті?», «Қарттардағы жалғыздық қалай көрініс табады» және «Олардың өмірін жақсартуға қандай технологиялар көмектесе алады?». Осы сұрақтарға жауап іздеп, қарттар үйінде тұратын қариялардан және сол жерде жұмыс істейтін мамандармен сұхбаттаса бастадым. Әлеуметтік желіде менің парақшамды М.Әуезов атындағы ОҚУ «Әлеуметтік жұмыс» мамандығында оқитын студенттер көреді. Соларға қызықты ақпарат болсын, зерттеуге қызығушылықтары ашылсын деген мақсатта күнделік жүргізе бастадым. Барып, жасаған сұхбаттарым туралы қысқаша айтып бердім. Ол күнделік тек студенттер ғана емес, сондай-ақ басқа да адамдарға қызық бола бастады. Менен таныстарым "қарттар үйі туралы, онда кім тұрады, қандай оқиғамен түседі, неге өкінеді, нені қалайды, ұлты қандай, балалары қайда?" деген сияқты көп сұрақ қоя бастады. Бұл сұрақтар маған алдағы уақытта қарттық кезеңдегі әлеуметтік мәселелерге байланысты  қысқаша видеолар түсіре бастау керек  екен деген ой салды. Тағы да зерттеуіме өзге қырынан қызығушылығымды арттыра түсті.

Зейнетақының 70 пайызы ұсталады

Енді «қарттар үйінің ахуалы қалай?», «қарияларға жағдай жасалған ба?» деген сұрағыңызға тоқталар болсам, ол жерде тұратын қариялардың пікірінше, жағдай жасалған. Себебі қарияларға барлық әлеуметтік-медициналық көмек қолжетімді. Қарттар үйінде белгілі бір кесте бар. Кесте бойынша ас ішу, демалу, бос уақытты өткізу уақыты көрсетілген. Ол жерде медициналық қызметкер (дәрігер, мейірбике, қараушы), психолог, психотерапевт, әлеуметтік қызметкер, заңгер және ас әзірлеушіден жүргізушіге дейін қызметкерлер жұмыс істейді. Бұл дегеніміз әр қарияға құқықтық, психологиялық, медициналық және бос уақытты ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетіледі. Қарттар үйінде тұрып жатқан қарттардың барлығы алып жатқан қызметіне қанағаттанады. Алайда оларды толғандыратын сұрақ мынау: қарттардың зейнетақысынан оларды асырау үшін 70 пайызы ұсталады, бірақ бұл пайыз қарттардың зейнетақы мөлшеріне қарамайды. Мысалы, бірінің зейнетақысы 150  000 теңге  болса, екіншісі 70 000 теңге алуы мүмкін.  Сол сомадан 70% ұсталады және бәріне бірдей әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Соған кейбір қариялар қанағаттанбайтынын айтты. Бұған олар әлеуметтік әділетсіздік деп қарайды.

Әртүрлі тағдыр: бір-бірімен жақын араласпайды

Мен барған қарттар үйінде 121 қария тұрады. Бұл тек қарияларға ғана арналған үй емес, онда мүгедектігі бар адамдар да  тұрады. Екі түрлі санатты адамдар тобын біріктіріп, бір үй жасаған. Қариялар мүгедектігі бар адамдармен сөйлесіп, оларға жылу беріп, ата мен апаның рөлін көрсетеді деген негізгі идея болған сыңайлы. Бірақ өкінішке қарай, менің бақылауым бойынша, онда тұратын қариялар мен мүгедектігі бар адамдардың арасында үлкен байланыс жоқ. Тіпті, қариялардың өз арасында әлеуметтік байланыстың деңгейі төмен, себебі олар бір-бірімен дос, жақын жолдас, жақын адам ретінде араласпайды.  Ол жерді баспана және әлеуметтік-медициналық қолдау үйі ретінде көреді. Оған себеп – сол жерде тұратын қариялардың әлеуметтік, экономикалық, отбасылық,  мәдени және денсаулық деңгейлерінің әртүрлілігі. Әр қарияның өмір жолы өзгеше. Мысалы, кей қариялар үйсіздерге арналған оңалту орталығынан келген, кейбірі өз үйінен келген, біреулерінің  білім деңгейі жоғары, екіншісі орта білімді, бірі өмір бойы жұмыс істеген, ал екіншісі қара жұмыста болып, өзін құл сезінген, үшіншісі жұмыс істемеген. Бірінің баласы бар, екіншілері  баласыз, үшіншілері балалары олардан бұрын дүниеден өткен, сондай-ақ біреулері араққа құмартқан, екіншісі дінді ұстаушы, бірі деменцияға ерте ұшыраған, екіншісінің есі сау. Міне, осылай жалғаса береді...

Осындай әртүрлілік оларға дос табуға, араласуға, бір-біріне сенуге, бақытты сәттерді сезінуге, өмірлік құлшынысқа, бірге іс-шаралар жасауға кедергілер келтіреді. Бір-бірімен жақын араласпайды. Менің бақылауымша, әлеуметтік байланыстар төмен болған кезде қарттық кезеңде «бақыт сезімін» сезіну деңгейі де төмен болады. Сол себепті қарттар үйінде тұратын қариялар үшін ол үй тек баспана мен әлеуметтік көмекті алатын «мемлекеттік үй» секілді

Бір қарияның айтуынша, «қарттар үйі –  әртүрлі тағдырлардың тоғысқан жері»; екінші бір қарияның айтуынша, «қарттар үйі – өлім күтетін жер»; үшінші бір қарияның айтуынша, «қарттар үйі – өмірі тыныш өтпеген қария үшін тыныштық табатын жер»; төртінші қария «қарттар үйі – әттең-ай деп өкінішпен өмір сүретін жер» дейді.

 Қариялардың өмір сүру сапасын жақсартатын, денсаулығын сақтауға көмектесетін қандай әлеуметтік мүмкіндіктер бар?

Қазіргі таңда бізде қарттарды қолдауға байланысты қаржылық қамсыздандыру бар, яғни зейнет жасына толған қарттардың бәрі дерлік зейнетақы алады. Медициналық қызметке тегін қолжетімділік бар. 2020 жылдан бастап қалаларда және кей аудан орталықтарында қарттардың бос уақытын ұйымдастыру және олардың денсаулығын сақтау бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашыла бастады. Сондай-ақ  қарттарға үйде көрсетілетін әлеуметтік қызмет саласы дамып келе жатыр және қарияларды санаториялық демалыс орталықтарына жіберу сияқты мемлекеттің тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қарттарды қолдау бойынша әлеуметтік саясат жүйеге қойылмаған...

Мен осы тақырыпты зерттеу барысында түсінгенім: қарттардың өмір сүру сапасы – олардың денсаулығына, әлеуметтік байланыстары мен белсенділігіне, отбасында бала-шағалы, немере-шөберелі болуына, қоғамда құрметті, бағалы болуына, қаржылық жағдайына, сапалы медициналық қызмет алуға қолжетімділігіне, тұрғын үймен қамсыздану деңгейіне, бос уақытын өткізуге арналған мәдени және ойын-сауық мүмкіндіктеріне қолжетімділігіне, қоғамда қауіпсіз және тәуелсіз өмір сүруге, ақпаратқа қол жеткізу және цифрлық әлемге қатысу мүмкіндіктерімен тікелей байланысты. Осы жайттар қоғамда дұрыс жүйеге қойылған болса, қарттық кезеңде сапалы әрі бақытты өмір сүру деңгейі жоғарылайды. Өкінішке қарай, бізде қарттарды қорғау мен қолдау бойынша әлеуметтік саясат дұрыс жүйеге қойылмаған. Ол бағытта біраз зерттеулер мен жұмыстар атқарылуы керек. Менің зерттеуім – қарттық кезеңнің мәселелерін ашуға кішкене ғана күш. Бұл  мәселе бойынша үлкен ұлттық жоба жасақталып, бағдарлама жасалуы керек деп ойлаймын.

 Жақында 73 жастағы қариямен сұхбат құрғаныңызды көрдім, естідім. Қызығы, сол сұхбатта қарттық кезеңдегі «өлім» мен «бақыт» ұғымдары жайлы сөз болды. Осы туралы кеңірек айтып беріңізші. Қарт адамның түсінігіндегі «бақыт» дегеніміз не? «Әдемі өлім» дегеніміз не?

 Қарттық кезеңді көп қария даналықпен, ақылмен, сый-құрметпен, өмірлік тәжірибемен, бақытпен, өлімге дайындықпен сипаттайды. Қариялар әрдайым «әдемі қартаю» туралы көп айтады. Олар оны деннің саулығымен, отбасының татулығымен, отбасында қарияға деген сый-құрметпен, балаларының амандығымен және оларды  үйлендіріп, келін түсіріп, қызын тұрмысқа беріп, той жасаумен, немерелерін бағумен, балаларынан мейірім мен қамқорлық сезінумен байланыстырады. Қарттар үйінде тұратын қарттар өзін әдемі қартаюдан шектелген сезінеді. Олардың пікірінше, «әдемі қарттық» деп үйде бала-шаға, немере-шөберенің ортасында отырып, солардың қылықтарынан бақыт сезімін сезініп, шаруасына көмек беріп, бір керегіне жарап отыруды айтады.

Отбасында тұратын қарттар үшін қарттық кездегі бақытты сезімді оларға  балаларының жақын тұруы сыйлайды. Қариялық шаққа өткенде, балаларын жиі көріп тұруды аңсайды. Бұл – бір өңірлік ерекшелік. Сондай-ақ қалада тұратын қарттар зейнет жасына келгенде жақсы демалу, шипажайларға бару, әлеуметтік байланыс орнату, адамдармен араласуды «бақыт сыйлайтын сезім» деп сипаттайды.

73 жасар қария: «Әдемі өлім» – туған жерден топырақ бұйыру

Қариялармен сөйлескенде, өлім туралы ойларын көп қозғайды. Тіпті, оған қалай дайындық жасайтынын бөліседі. Алайда мен осы қарттар үйінде тұратын 73 жасар атамен сұхбаттасқанда ғана «әдемі өлім» деген сөзді бірінші рет естідім. «Әдемі өлім» – қария үшін өзінің туған жерінде, әке-шешесі, бауырлары, ағайыны жерленген топырақта жерлену және жерлеу рәсімінің дұрыс өтуі екен. Бұл атаның бала-шағасы бар. 43 жасында әйелімен ажырасып кеткен, сол кезден бастап балаларын араластырмайды екен. Балалары кейде іздеп келіп тұрады дейді. Сонда балаларына өзінің осы «әдемі өлім» туралы өтінішін айтады екен. 

Тағы бір атаның баласы Алматы қаласына жұмыс барысымен көшеді. Баласы «бізбен жүріңіз» десе, ата: «мен Алматыға жерленгім келмейді, жаным өзімнің жерімнен шықса деймін» деп бармай қалған.

 

Тағы бір атадан естігенім: қызына зейнетақы алатын картасын беріп қойған екен, «мен өлгенде осында жиналған ақшаға мені жөнімен жерлейсің...»,депті.

Олар әлі де өзі үшін емес, бала-шағасы үшін өмір сүреді...

  Сонда қарттар үшін өмірде не маңызды?

Түркістан облысындағы қарттар бала-шағаны өмірінің мәні және маңызы етеді. Олар сол үшін өмір сүреді. Мысалы, қарттар үйіндегі аталардың арманы – отбасында бірге тұру. Бірақ олар өздерін балаларына масыл сезінгеннен қашады. Баласының жұмыс істеуін ойлап, отбасында жанжалдың болмауына, жақсы өмір сүруіне өзін кедергі санамас үшін қарттар үйін таңдайды.  Қарттар үйінде тұтатын қариялардың ішінде көбі зейнетақыларын жинап, балаларына беріп отырады. Олар әлі де өзі үшін емес, бала-шағасы үшін өмір сүреді, соны ең маңызды етіп алған. Одан маңызды  нәрсені көргісі жоқ.

Әр қария үшін ең маңыздысы – бала-шағасы, отбасы, немере-шөбересі және денсаулық. Әрине, олар біреуге тәуелді болудан қорқады. Сосын оларға «әдемі қартаю» мен «әдемі өлім» маңызды.

 Әлеуметтанулық зерттеу барысында қарттық кезеңдегі жалғыздыққа ықпал ететін факторларды анықтай алдыңыз ба?

 Қарттық кезеңдегі «жалғыздық» тақырыбын әлі де зерттеп жатырмын. Менің жинақтаған ақпараттарым бойынша, қарттық кезеңдегі «жалғыздық» сезімі – отбасының болмауы немесе бола тұрып, отбасында өзіңді бөлек сезінумен байланысты.

Қарттар әйелін жоғалтқанда, өзін жалғыз сезінеді

Мұны бір мысалмен түсіндіруге тырысып көрейін. Қариялардың ішінде әйелдерге қарағанда, ер адамдар әйелін жоғалтқанда, жалғыздық сезімін қатты сезінеді. Бұлай болуының себебі: біздің қоғамда әкені отбасымен, яғни балаларымен байланыстыратын адам – ана. Анасы өмірден өткенде, отбасының берекесі де бірге кетеді. Әке баласымен тікелей байланыс орнатпаса, осы дертке ұшырайды. Қарттар үйіндегі ер адамдардың көбі – әйелі өмірден өткеннен кейін өзін өз үйінде  бөтен сезінгендер.

Сонымен қатар жалғыздыққа ықпал ететін басты факторлар – денсаулық, қоғамда өзін керексіз сезіну, эмоционалды оқшаулану немесе стреске түсу, өзінің мәртебесі мен құндылығын жоғалту, жақын адамынан айырылу, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы.

Әдетте «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп санайтын қазақ халқы үшін бұрында қарттар үйінің болуы біртүрлі ыңғайсыз жағдай секілді көрінетін. Тіпті, әлі күнге дейін қоғамдық ортада «қарттар үйіндегілердің бәрі өзге ұлттан, онда қазақтар жоқ» дейтін де айтылады. Меніңше, бұл стереотип тәрізді. Осы туралы білгім келеді. Одан кейін қарттар үйіне өз еркімен келетін немесе сонда тұруды қалайтын қариялар болды ма?

 Әрине, бұл – стереотип. Қарттар үйінде тіпті қазақтар көбірек деуге болады. Ал мен сұхбаттасқан адамның бәрі қарттар үйіне өз еркімен келген. Шыны керек, өз басым сол жерге қатты қалап келген жанды көрмедім. Бәрінде өмірлік жағдай қарттар үйіне алып келген. Мысалы, біреудің әлеуметтік жағдайы нашар болады, үйі жоқ болады. Қазақ отбасында көбіне – айғай, ұрыс-керіс. Қариялар содан шаршап, қажып, осы жерді өзі іздейді.

Ал қала мен ауылдағы қарттық кезеңнің қандай айырмасы бар?

Бұл сұраққа жауап беру үшін сізге сол өзім сұхбаттасқан қариялардың сөзін мысалға келтірейін.

«Қалада 70-ке келсе де аяғынан өкшелік туфлиін шешпейтін, салоннан шықпайтын, 2 бала тауып «мен бала тудым» деп өзіне қарап жүретін әйелдер мен ауылдың әйелдерінің айырмашылығы бар ғой, әрине» (қариямыздың сөзінен)

Түркістан облысында жүргізілген зерттеудің нәтижелері бойынша, қала мен ауылдағы қарттықты мемлекеттің әлеуметтік саясаты бөліп-жармайтынына қарамастан, айырмашылық пен ерекшелік респонденттермен сұхбатта айқын көрінді. Олардың пікірінше, қарттық шақ зейнетке шыққаннан кейін басталады. Дегенмен зейнет жасы ауыл мен қалада бірдей болғанымен, қартаю жасы екі түрлі. Мысалы, респонденттер қалада қарттық кезеңді 70 жастан асқаннан кейін келеді деп санаса, ауылдық жерлерде 50 жастан бастап кіреді деп есептейді. Ауылдық жерде қарттық кезеңнің ерте басталуын ауылдағы үй жағдайының (жуынатын бөлме, ыстық су) төмендігімен, үй шаруашылығындағы қара еңбекпен, бала санының көп болуымен, ақ орамал мен ұзын көйлекті киюмен байланыстырады. Қалада қарттың кезеңнің 70 жастан басталуын респонденттер зейнеттен кейін де қарияларға жұмыс істеуге мүмкіндіктің бар болуымен, үй шаруашылығындағы жұмыстың аздығымен байланыстырады.

«... қалада от жақпайды, тіке жүріп тіке келеді, міне сондықтан олар 80-ге келгенше жұмыста істей береді, оларға қалада жұмыс табылады. Сондықтан да 80 жастан асқан қалалық тұрғындар қарт кісілер деп ойлаймын»;

 « ... қаладағы әжелер ауылда тұратын әжелерге қарағанда жас әйелдер құсап жүреді. Олар өздерін 60 жасқа келсе де қарттар қатарына жаттық деп санамайды. 70-жастан асқан соң айтатын шығар»;

Қаладағы қарттық: «қаладағы қариялар жастардан қалыс қалмай сәнді киініп жүреді», «тырнақтарын, шаштарын бояйды», «қалада енді көбінесе жеке отырады, шуменен басын ауыртқысы келмейді», «қалада енді жұрттар өзін-өзі күтеді, ауылдағы сияқты емес», «қалада болса 70-ке келсе де аяғынан өкшелік туфлиін шешпейтін, салоннан шықпайтын, 2 бала тауып «мен бала тудым» деп өзіне қарап жүретін әйелдер мен ауылдың әйелдерінің айырмашылығы бар ғой, әрине».

Міне, ауыл мен қаладағы қарттыққа байланысты респонденттердің пікірі – осы.

Сонымен, қарттық кезеңдегі негізгі мәселелерге нені жатқызар едіңіз?

 Қарттық шақта негізгі алты мәселе бар. Түркістан облысында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесіне сүйене отырып, қарттық кезеңдегі негізгі алты мәселені былай деп жіктеген болар едім. Зерттеуге 55-85 жас аралығындағы 50 респондент іріктеліп, олардан тереңдетілген сұхбат алынды.

Бірінші – денсаулық

«... Қазіргі таңда қарттар көбіне қант диабеті, қан қысымымен көп ауырады, кемінде 10 адамның 5-еуі осы ауру түріне шалдығады».

«Менің қатты қиналып тұрған ештеңем жоқ, мына денсаулығым болмаса. Аяғымда артрит, артроз деген ауруларым бар, солар маған қиын».

«Құлағым естімейді, кейде көзім көрмей қалады, оның бәрі ештеңе емес қой, жақсымын шүкір, денсаулығымды балалар емдетеді ғой мені».

Екінші – ауруханаларға тіркеудегі жүйенің қиындығы мен ондағы кедергілер

«Қазір квота деген шыққан ғой, уақытылы ауруханаларға барып жата алмайды қариялар. Егер де сол квотаны жойса, уақытылы емделіп тұруға мүмкіндіктер болады, сол қарттардың өмірін жақсартады».

«Дәрігерге көріну қазір қиын, электронды талон алу керек, жазылу керек, кезек күту керек, т.б. Маған қарт ретінде мұны жасау қиын».

Үшінші – қарт адамның өз еркімен қалаған әрекеттерді жасаудағы қиындықтар немесе кедергілер

«Қариялардың өз еркімен бұрынғыша әрекет ете алмауы негізгі мәселе, мысалы, біздің аяғымыз ауырады, жүре алмаймыз, давление болады, неше түрлі қарттарда ауру бар ғой енді, бас айналу дейді, сол үшін біз жастардан көмек сұраймыз».

Төртінші – сапалы өмір сүруге қаржының жеткіліксіз болуы немесе зейнетақы  көлемінің аздығы

« ... Қариялардың арманы ақшамыз көп болса, пенсиямызды көбейтсе өкімет».

«Негізгі мәселе зейнетақы жасын төмен түсіру керек, баяғыдай әйелдерді 56 жаста, ерлерді 58 жаста шығару керек».

Бесінші – қарияларды қарттар үйіне өткізу

«Қазіргі таңда қарияларды қарттар үйіне өткізу белең алуда және бұл қоғамдағы үлкен мәселе. Қартайған адам бала секілді, оларға көбіне жылы көзқараспен қарау қажет».

Алтыншы – әлеуметтік байланыстардың төмендеуі

(әсіресе байланыстың формасы виртуалды, яғни интернет арқылы түрлі менеджерлерге ауысқанда)

«Мен интернетке түсінбеймін, сол қарттардың барлығына қиындық тудыратын нәрсе ғой, қазір сол қиындап жатқаннан кейін жастар да көп бізге көңіл бөле бермейді ғой».

Міне, зерттеу аясында өзім көз жеткізген аталған негізгі алты мәселе – осы.

Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жіті жауап бергеніңізге көп рақмет!