«Ән атасы – Әміре» мен «күш атасы – Қажымұқан».
Әміре мен Қажымұқан. Бір суреттің тарихы
4,516
оқылды

Осы суретті бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіден кезіктірдім. Бірақ сурет қай жылы, қай жерде түсірілгені жайлы нақты ақпарат жоқ. Барлығы болжам ғана. Сондықтан өнер иелерінің жүріп-тұрған уақытын салыстырып, естеліктерге негізделген дерекке сүйеніп, бұл суреттің нақты түсірілген уақытын анықтамақ болдық. Осы ниетпен С.Мұқанов, С.Бегалин, Н.Анов, М.Тоқжігітов, Ж.Шәкәрім секілді жазушылар мен қалам ұстаған зерттеушілердің естеліктерін қарап шықтық.

Алғашқы көзге түскені – Қажымұқан мен Әміренің жақын достығы. Жол түсіп кездесе қалса, сырлас әңгіме айтылып, көрген-білгенін бөлісіп отыратын. Алайда олар екеу емес, үшеу болған деседі. Үшіншісі Иса Байзақов. Осы үшеуінің басы қосылса таң атырып, күн батырып әңгімелесе береді екен. Әсіресе, бұл Қоянды жәрмеңкесінде анық байқалатын. Тіпті, ел арасында Қажымұқаннан: «Жанымда Иса мен Әміре болса, шіркін, маған одан артық дүниенің керегі жоқ», деген сөз қалған дейді.

Әуелі сурет интернет кеңістігіне қайдан келгенін анықтап алайық. Осы мақсатта суретті табуға lens.google іздеуішін пайдаландық. Желіге бізге қызықты фотоны ең алғаш e-history.kz сайты салыпты. 2013 жылы "ҚР ОММ қорларының аса құнды құжаттар галереясы" деп жүктепті.

Әңгімемізге арқау болған суретте ешқандай жазу жоқ. Әміре мен Қажымұқан жылы киімде. Өнерпаздар орындықта отырған сияқты. Жапырақсыз ағаштар. Әміренің артында көлеңке түскен ғимарат, ал Қажымұқанның артындағы нысанды шелегі бар құдыққа ұқсаттық.

Фотоға кейіннен қосылып жазылған жазбада 1925 жыл деп көрсетілген. Егер мысал ретінде осы жылды алсақ, Әміре Қашаубаев Парижге барып, әуелете ән салып келген кез. Атағы жер жарып тұр. Шабыты тасып тұр.

Әміре Қашаубаевтың шетелге шығу құжаты

Шамамен осы уақытта сол кездегі ел астанасы Қызылордада Қазақстан Советтерінің V съезінде "басқа салалармен бірге ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің алдағы дамуы жайлы терең талдау жасалына келіп, нақты  мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру жөніндегі шешім қабылданды" (Шәкәрім Ж. Әміре Қашаубайұлы, 2006).

Шешімді орындау үшін жан-жақтағы әртістерді түгендеу басталады. Көп ұзамай бұл да дайын болады да, "Еңбекші қазақ" газетінің  1925 жылғы 29 қазандағы санында келесі хабарлама жарыққа шығыпты.

"Семей губерниялық ағарту бөлімі арқылы Семей губерниясынан театрға арнап  8 адам шақыртылды. Олар:

1. Қашаубайұлы Әміре (әнші);

2. Байзақұлы Иса (ақын);

3. Шанаұлы Жұмат (артист);

4. Мұңайтпасұлы Қажымұқан (балуан);

5. Қуанышбайұлы Қалыбек (артист);

6. Мұздыбайұлы Құсайын (цирк ойынын біледі);

7. Құлсейітұлы Зәрубай (артист);

8. Уәлиқызы Майра (әнші әйел)

Бұлардың жол шығынына 1 500 сом ақша жіберілді, басқа да губерниядан шақыртылатын артистер де есепке алынып жатыр" (Шәкәрім Ж. Әміре Қашаубайұлы, 2006)

Бұл хабарды Әміре бастаған топ Қызылорда қаласында естіген. Өйткені Сәбит Мұқановтың "Көңілді сапар" эссесін оқып отырсақ, Әміре мен Қажымұқан әуелден ол жаққа аттанған сияқты.

"Ақмешіттегі V съезге баратын делегаттары әуелі Орынборға жиналып, содан арнаулы пойызбен аттанады. Басқа жақпен баратын пойыз ол кезде Қазақстан өлкесінде жоқ...

... Жүрер алдында байқасам, мен мінетін вагонға төрт қызық адам отырғалы жатыр: қазақтың атақшы әншісі – Әміре Қашаубаев, атақты ақын-импровизатор – Иса Байзақов, дүниежүзі чемпионы атағын алған цирк балуаны – Қажымұқан Мұңайтпасов, қазақтың мыңдаған әндері мен күйлерін жазып алып, том-томдап жариялаған композитор – Александр Затаевич. Бұлардың бәрімен де мен жақсы таныспын. Вагонға кірсек: Әміре, Иса, Қажымұқан және бір делегат бір купе, Затаевич пен маған және екі делегатқа бір купе қатар келген екен" деп жазады Сәбит Мұқанов (Қажымұқан қағанаты, тарихи-деректі басылым, 2001)

Және бұл уақытта қос алып Қажымұқан мен Әміре Қызылордада болғаны жайлы тағы бір дереккөз бар. Жазушы-журналист Н.Анов келесідей жазады: "... ол кезде "Советская степь" редакциясында қызмет істеп жүріп, 1925 жылдың декабрінде Қызылорда қаласында тұратынмын. Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаев Қояндыдағы сияқты, бұл жолы да қапелімде кіріп келді. Сөйтсем, олар Қажымұқанды да өздерімен бірге ала келген екен" (М.Танекеев. Қажымұқан, 1964)

Енді фотоның түсірілген жері жайлы бірер сөз. Әлеуметтік желіде жарияланған аталмыш фотоға тәжірибелі фотосуретші Болат Омарәлиев "Бұл сурет Қызылорда вокзалына келеді, біз суретшілер ондайды ажырата аламыз" деп пікір қалдырыпты. Осы пайымға сенбеуге еш себеп жоқ. Өйткені музыкант маман бір-екі нотадан музыканы анықтай алса, суретші маман да өзі ғана байқайтын детальдардан көп нәрсе көреді. Және бұл сөзді қуаттаушы ретінде жоғарыда жазған естеліктер де жанама дәлел бола алады.

Қорыта келгенде, бұл фото 1925 жылдың күз айларының соңы немесе 1926 жылдың қыс айларының басында түсірілген деп есептейміз.

1926 жылдың қаңтар айында театр ресми ашылғаннан кейін, республика көлемінде гастрольге аттанады. Қажымұқан  бас кезінде ғана Қызылордаданың өзінде театрда өнер көрсетіп, қолдау білдіргені болмаса, кейін қайта циркке оралған екен. Және сол уақытта одақ көлеміндегі чимпионатқа шақырылып, дайындықты бастап кетеді. Ал Әміре кезекті сапары Мәскеу консерваториясындағы концертке және Германиядағы Франкфурт қаласындағы көрмеге барып қатысады.

Құрметті оқырман, осы жазбамыздың мақсаты әуелде айтқанымыздай суреттің жайын анықтау еді. Біздіңше, "қашан?" және "қайда?" деген сұраққа жауап алғандаймыз. Болашақтағы бір жазарымыз "үш дос" атанған Қажымұқан, Әміре және Исаның арақатынасы мен достық әзілдері жайлы болмақ.

Рүстем Нүркенов