Смартфондар балалардың «қимыл-қозғалысын азайтып депрессияға ұшыратады» деген ата-аналар «технология өмірлік дағдыға айналуы тиіс» деген көзқарастың ықпалынан шыға алмауда. Бірақ психолог дәрігерлер жасөспірімдердің психикалық ауруларының экспоненциалды өсуінен қорқа бастады.
«Смартфонсыз балалық шақ» қозғалысы қарқын алуда
Балаларға таза ауа, қимыл-қозғалыс керек. Фото kartin.papik.pro сайтынан алынды
2,233
оқылды

Онлайн өмірдің балаға әсерін талдаған Financial Times-тың мақаласында смартфондардың пайдасы мен зияны бағаланған. Aikyn.kz осы материалдың негізінде мамандардың қорқынышы қаншалықты негізді екенін түсіндіреді.

Баланы телефонмен жұбатуға болмайды. Фото businessman.ru сайтынан алынды

Ата-аналар балалары үйде отырып-ақ виртуалды әлемнің «жыртқыштары мен қаскөйлерінің» құрбаны болады деп қорқады. Бірақ телефон балалардың қауіпсіздігі үшін, GPS арқылы бақылау үшін де керек. 

Ал мамандар болса, 2010 жылдан смартфондар кең тарала бастағаннан бері жасөспірімдердің психикалық аурулары еселеп өсе бастағанын айтып дабыл қағуда. 

Әлеуметтік психолог Джонатан Хайдт өзінің жаңа кітабында «Мазасыз ұрпақ» атты кітабында смарт құрылғылар мен ата-аналардың балаларын шектен тыс қорғаштауы балалардың балалық шақтағы дамуын «бұрмалағанын» айтады. Ол 14 жасқа дейінгі балаларға смартфонды қолдануды, 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді тыйым салуды талап етеді.

Соңғы уақытқа дейін бұл орындалмайтын мақсат деп саналды. Бірақ сең қозғалған сияқты. Флорида губернаторы Рон ДеСантис өткен аптада (25 наурызда) 14 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунттар ашуға, пайдалануға тыйым салатын және бүгінге дейін тіркелген жазбаларды жоюды талап ететін заң жобасына қол қойды.

Бұл заң туралы толығырақ  Aikyn.kz арнайы материал жариялаған болатын.

Әлеуметтік желілер әлі қалыптасып үлгермеген баланың психикасына ауыр соққы. Фото dzen.ru сайтынан алынды

Мұндай заңға қарсылар да табылды. Олар мұндай тыйымдар Конституцияға қайшы келеді және ата-аналардың балалары үшін не жақсы екенін шешу құқығына нұқсан келтіреді деп санайды. Ал әлеуметтік медиа мен онлайн ойындардың әлі қалыптасып үлгермеген баланың психикасына ауыр соққы екенін олар ескермейді.

Дегенмен қоғамдық пікір де өзгере бастады. Жүргізілген сауалнамалар смартфондарға тыйым салуды қолдайтын ата-аналар санының артып келе жатқанын көрсетеді. Ұлыбританияда Parentkind қайырымдылық қорының жақында жүргізген сауалнамасы бастауыш мектеп жасындағы балалардың ата-аналарының 77%-ы 16 жасқа толмаған балаларға смартфон қолдануға тыйым салғысы келетінін көрсеткен. Ата-аналар бастаған «Смартфонсыз балалық шақ» қозғалысы да қарқын алуда.

Бізге зомби ұрпақ керегі жоқ, бізге болашақ керек. Фото iphones.ru сайтынан алынды

Қытай болса қауіп-қатерді көруде әлдеқайда алда келеді. Оның кибер-кеңістікте реттеуші мемлекеттік органы өткен жылы 18 жасқа толмаған балаларға смарт құрылғыларды күніне екі сағат артық қолданбауы тиіс деп жариялады. Қытайлық жасөспірімдер ByteDance компаниясының TikTok қытайлық нұсқасы Douyin-ді күніне 40 минуттан артық көре алмайды.

Сонымен қатар батыстық TikTok жасөспірімдер үшін күніне бір сағат уақыт шектеуін енгізді. Қытайдың өз балаларын технологияның шектен шығуынан қорғауда әлдеқайда тиімді екендігі батыс елдерінің заң шығарушыларын ойландыруы керек. 

Бірақ гиперактивті қолданбалар мен тәуелді алгоритмдер қазірдің өзінде қауіп төндіруде. Өйткені олар балалардың психикалық тұрақтылығын және олардың оқу қабілетін төмендетеді. 2022 жылы америкалық жасөспірімдердің үштен бірі YouTube, TikTok, Instagram, Snapchat немесе Facebook-тің кем дегенде біреуін «үнемі дерлік» қолданатынын айтқан. Қазірдің өзінде америкалық қоғам «егер біз зомби ұрпақ өсірсек, Қытаймен жасанды интеллект немесе басқа салаларда шайқаста жеңуіміз екіталай» деген көзқарасқа бұрыла бастаған.

Англияда мұғалімдерге сөмкелерді тінту және құрылғыларды тәркілеу құқығы берілген. Фото dzen.ru сайтынан алынды

Франция, Италия және Нидерланды мектептерде смартфондарды пайдалануға тыйым салды. Англия биыл мұғалімдерге сөмкелерді тінту және құрылғыларды тәркілеу құқығын берді. Бірақ үй мен мерекелерді қалай жеңеміз? Бұл жерде ата-аналар балаларға үлгі болулары тиіс.

Ата-аналар заңсыз басқара алатын жалғыз нәрсе – бұл өз құрылғыларын аз пайдалану. Үстел басында смартфонды қарап отырып, балаларыңызға технологияның зияны туралы айтудың пайдасы жоқ. «Бұл жұмыс үшін керек» деген сөздер де көмектеспейді. 

Смарт құрылғылардың жаман қасиеттерінің бірі – ата-аналар балалары оларға кедергі келтірмес үшін смартфон беріп, оларды алдаусырату. Баланың тыныш отыруы үшін бұл әдіс көптеген отбасыларда жаман әдетке айналған.

Қытай Коммунистік партиясы мен барлық технологиялық компаниялардың басшылары қазірдің өзінде балаларын бұл «смартфон қарғысынан» қорғап жатыр. Қазақ елі де қоғам болып, отбасы болып ақылға салып, технологияның бүгінгі жас ұрпаққа жасап жатқан зиянды әрі бақылаусыз экспериментін тоқтату керекпіз. 

Бұл дені сау, ақылды ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет!