Қардың күрт еруі мен жауын-шашын мөлшерінің артуы салдарынан көптеген елді мекен су астында қалды.
Волонтер: Су басқан өңірлерге көмектесу – азаматтық борышым
Алтынбек Мерсадық
1,222
оқылды

Қазақстанның жеті облысында (Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ұлытау және Ақмола облыстары) төтенше жағдай жарияланды. Күні бүгінге дейін су тасқынынан жалпы саны 13 500-дей адам құтқарылып, эвакуацияланды. Олардың  ішінде 5 223-і – балалар.

Қазір тасқыннан зардап шеккен облыстарға еліміздің әрбір аймағынан гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр. Баспанасыз қалған халыққа көмек қолын созу мақсатында арнаулы пункттер ашылып, call center   жұмыс істеп тұр.

Астана қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханованың айтуынша, 29-31 наурыз аралығында елордадан 6 үлкен жүк көлігімен Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарына гуманитарлық көмек жөнелтілген. Одан бөлек, өз еркімен 8 жүк көлігі жүргізушілері бірігіп, Қостанайға аттанған.

Су тасқынына қарсы  Астана қаласы бойынша 9 қойма жұмыс істейді. Игі іске 200 ерікті, 30 волонтерлік ұйым ұжымдастырылған. Оның ішінде студенттер мен жеке адамдар, кәсіпкерлер де бар. Телефонға тыным жоқ, тәулігіне 1 000-1 500 қоңырау келіп түседі. Дәл қазіргі уақытта Алматы фронт офисі көмек жинап, су тасқынынан зардап шеккендерге Астана қоймалары арқылы қажетті заттарды жөнелтуді жоспарлап отыр. «Астана жастары» КММ қалалық волонтерлік штабы сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында елорда тұрғындары халыққа қажетті заттарды алып келіп, өткізе алады, деді Э.Есмұханова.

Сонымен, штаб жетекшісінің айтуынша, қажетті заттар тізімі мынадай:

- азық-түлік (тез бұзылмайтын консервілер, макарон өнімдері, күнбағыс майы, жарма, шай, құрғақ печенье);

- жылы киім (жаңа);

- аяқкиім (жаңа);

- балалар сүт қоспалары, жарма, пюре;

- гигиеналық құралдар (тіс пастасы, сабын, сусабын, дәретхана қағазы, жастық, жаялық);

- жылытқыш;

- шам;

- дәрі-дәрмек;

- резеңке етік;

- құм дорбалар;

- сорғы (насос);

- термос;

- ⁠powerbank;

- ауызсу (5л.);

- сіріңке;

- ішкиім, шұлық (жаңа);

- қолғап.

Сонымен қатар қазір жастар арасында өз еркімен ерікті болып, төтенше жағдай кезінде көмек қолын созғысы келетін жандар көп. Солардың бірі – қоғамның дамуына ересен үлес қосып келе жатқан Давид.

3 жылдан астам ерікті болып, елге қызмет етіп жүрген Давид Шәріпов төтенше жағдай барысында волонтерлердің атқарып жатқан жұмысын баяндады.

Қазір жан-жақтан жиналған заттарды сұрыптап, жинап, жүк көліктеріне тиеп жатырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Волонтерлер күн демей, түн демей, осында жүр. Болған оқиға бүкіл қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Сондықтан қиын сәтте  қол ұшын созу – менің  азаматтық борышым, деді Д.Шәріпов.

Жұмыс барысын көзбен көру үшін орталыққа барғанымызда, игі іске септігін тигізіп, қажетті заттар мен азық-түлік әкеліп жатқан жандар да болды.

Олардың берген затын еріктілер ішке қарай тасып жатты.

Одан соң волонтерлер заттарды жүк сақтайтын арнаулы қоймаға әкеліп, іріктеп, пакетке салады.

Ал «Жақсылық жаса» волонтерлер қозғалысының мүшесі  Татьяна Владимировна Брынза топан судан зардап шеккен бірнеше елді мекенге жүк көлігі арқылы гуманитарлық көмек жолдағанын айтады.

Белсенді қала тұрғындарының гуманитарлық көмекке беріп жатқан затының көбі жаңа екенін айтады. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер де қиын шақта қол ұшын созып жатқан көрінеді.

Себебі қазір жағдай өте қиын...

«Жақсылық жаса» ұйымының Астана қаласы бойынша 3 негізгі қабылдау пункті бар. Олар Уәлиханов көшесі 25/2 , Қалдаяқов көшесі 11, әл-Фараби көшесі 16 мекенжайында орналасқан. Қоймаға заттарды тасымалдау демалыссыз жүріп жатыр. Бұл таңғы сағат  9:00-ден кешкі 23:00-ге дейінгі аралықты қамтиды. Өткен аптада Арқалық қаласына, Ақмола облысына қарасты Аршалы, Арнасай ауылдарына гуманитарлық көмек жібердік. Енді Абай облысы, Қызылжұлдыз ауылдық округіне қажетті заттарды жолдайтын боламыз, деді қала тұрғыны әрі белсенді Т.Брынза.

Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті