Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев палата бюросының отырысын өткізіп, су тасқынының салдарынан өңірлерде қалыптасқан жағдайға байланысты сенаторлардың алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ іс-шара барысында депутаттар 3 сәуір күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Сенаторлар аймақтарға барды
556
оқылды

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жағдайдың күр­делі екеніне назар аударып, әріптестерін проблема­ны шешуге ықпал ету және алдағы уақытта мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін күш жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін айтты.

«Еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қарғын су елді мекендерді басып, жолдар мен көпірлерді шайып кетіп жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайға қарсы тұру және оның зардаптарын жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Президентіміз басты міндет адам шығынына жол бермеу екенін баса айтты. Мұндай қиын жағдайда мемлекет азаматтарды жалғыз қалдырмай, қолдау көрсе­тетіні анық. Барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар палата Спикері өңірдегі тұр­ғындарға қолдау көрсету үшін Сенат пен мәсли­хаттардың үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

«Қазірдің өзінде бірқатар сенатор өңірлерге барып, жергілікті жерлерде атқарушы органдарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта біз осы бағыттағы кешенді жұмысты күшейтіп, мәслихат де­путаттарымен бірге жергілікті жерлердегі проб­лемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысының бекітілген күн тәртібіне сәйкес сенаторлар алдағы сәрсенбіде «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғы­лы­ми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану тура­лы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарай­ды. Бұл Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін еңбек көші-қоны шеңберінде бес елдің аумағында тануды көз­дейді.

Осылайша, ЕАЭО елдерінің аумағында жұ­мысқа орналасқан жағдайда философия докторы (PhD), бейінді доктор, ғылым кандидаты және ғы­­лым докторы сияқты ғылыми дәрежелер рас­тау­сыз танылады.

Одан бөлек, палата отырысында «Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Қырғыз Респуб­ликасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады.

Заң Халықаралық азаматтық авиация ұйымы­ның стандарттары мен ұсынылған тәжірибесіне сәйкес апатқа ұшыраған әуекемелерінің жолау­шылары мен экипаждарын іздеу және құтқару үшін мемлекеттер арасында ынтымақтастық орнатуды мақсат тұтады.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен ке­ліп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.