«Ұлы дала жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.
Әзербайжанның Қарабақ жылқысы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысады
900
оқылды

1 сәуірде  JORYQ  республикалық ат спорты федерациясының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті.

Кездесу барысында әлемде теңдесі жоқ «Ұлы дала жорығы» бірегей жобасы жан-жақты талқыланды. Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен 2024 жылы халықаралық деңгейде өткізілгелі отырған марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен және ұйымдармен байланыс орнатуға ерекше қолдау көрсетуде.

Б.Тұрлыбеков дипломатты алдағы марафон-бәйгеге дайындық барысында тығыз ынтымақтастық үшін Әзербайжан Республикасының ат спорты федерациясымен байланыс орнатуға ықпал етуге шақырды.

Бұған жауап ретінде Әзербайжан елшісі Ат спорты федерациясының жобаларын, соның ішінде Әзербайжан шабандоздарының, сондай-ақ әлемдегі ең мықты жылқы тұқымдары, Әзербайжанның ұлттық символына айналған Қарабақ арғымақтарының «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысуына ықпал жасайтынын жеткізді. 

Биыл «Ұлы дала жорығы» халықаралық дүбірлі додасының Ботай (СҚО) - Бозоқ (Астана) жаңа бағыты таңдалып алынды. Кем дегенде 15 шетелдік команда қатысады деп күтіліп отырған биылғы марафон-бәйгенің қашықтығы 500 шақырымды құрайды.

Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының мәні терең  адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен, ол  ғылыми дәлелденген. Ал VIII-X ғғ. көне түркілердің киелі мекені болған Астана маңындағы Бозоқ қалашығы жарыстың аяқталу нүктесі. 

«Ұлы дала жорығы» – жылқы баласының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.