Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының арасындағы реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан республикалық маңызы бар жолды су шайып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 наурыз күні республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» тасжолының 1 090-1 092 шақырымын қызыл су шайып кетті. Аталған учаскеде реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқан. Содан бері көлік жүргізушілері өте алмай, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының арасындағы қатынас қиындады.
Ал 1 сәуір күні тасқын су тоқтап, жол жиектері мен беткейлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды.
«Су басқан учаскенің ұзындығы 1 000 метрді құрайды. Судың биіктігі – 15-тен 20 сантиметрге дейін. Алдағы уақытта еріген суды қауіпсіз ағызып, жол жамылғысын сақтауға мүмкіндік беретін 13 көпір өткелін орнату жоспарланып отыр. Осы көпірлердің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген», – делінген хабарламада.