Қазақстанға Пржевальский жылқылары қайта оралады. Осы жазда 8 бас жабайы жануар тұқымы Қостанай облысындағы «Алтын да­ла» табиғи резерватына жіберіледі. Егер жерсініп кетсе, алдағы 4-5 жылдың ішінде тағы 40 шақты бас әкелінеді.
Кері оралған керқұлан
3,547
оқылды

Жерсіну дегенде айтпағымыз, жа­байы жылқы тұқымдары Еуропа елдерінің хайуанаттар бағынан жеткізіліп, таза табиғатқа жіберілгелі отыр. Әйтпесе, Пр­жевальский жылқысының байырғы ме­кені – қазақ жері екені әмбеге аян. Тарих­шы­лар ұлы даланың шөлді, шөлейтті айма­ғ­ын­да, Ертіс пен Іле бойында ежелден жа­­байы жылқы үйір-үйірімен жортып жүр­­генін жазады. Десе де, Қазақстан аума­ғы­нан оны кездестіру дерегі 1930 жылдардан кейін сап тыйылады. Зерттеушілердің жазуынша, оның негізгі себебі ұлы далаға келген ашаршылық кесірі мен жосықсыз аңшылықтың зардабында жатса керек. 2023 жылғы 24 сәуірде Астанада өткен Қа­зақ­стан – Чехия бизнес форумында  Қазақ­стан­ның Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті мен Прага  хайуа­наттар бағы «Жойылып кету қаупі тө­ніп тұрған жануар түрін  (Пржевальский жыл­қысы / Equus Przewalskii) қорғау тура­лы» меморандумға қол қойды. Аталған ме­морандум аясында Чех Республикасы мен Германия Федеративті Респуб­ли­ка­сы­нан 2024 жылдың 3-4 маусымында бас­тап­қы 8 жануарды (Чехиядан 4 бас, Гер­ма­ния­дан 4 бас), яки Пржевальский жылқысын Қа­зақ­станға алып келіп, Қостанай облысының аумағында орналасқан «Алтын дала» мем­ле­кеттік табиғи резерваты» РММ-ның ау­ма­­ғына реинтродукциялау жоспарлануда. Айта кету керек, жылқыларды тасымалдау міндеттемесін Чех тарапы өз мойнына алып отыр. Сәтін салса, 8 бас CASA C-295M ар­найы әскери ұшақтарымен жеткізіледі.  

Пржевальский жылқы тұқымын қазақ же­ріне қайтару жөніндегі жаңа халықаралық жобаға Еуропадағы бірнеше хайуанат бағы қатысқалы отыр. Жоба аясында Экология жә­не табиғи ресурстар министрлігінiң Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, АСБК, Франкфурт зоология қоғамы, Берлин және Нюрнберг хайуанаттар бағы мен Hortobágy ұлттық паркі (Мажарстан) ынтымақтастық меморандумына қол қойып, ресми серіктес атанды. Биыл 28 ақпанда Астанада аталған серіктестер баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

«Біз жабайы жылқы тұқымын хайуа­нат­тар бағынан  жабайы табиғатқа жіберудің және бір тарихын жазуды бастадық. Бұл жо­ба бұрын Моңғолияда сәтті енгізілді, қа­зір ол жақта тұқым көбейе бастады. Осы­дан кейін Қазақстан Үкіметі де бізге осын­дай өтінішпен жүгінді. Алдағы бес жыл ішінде «Алтын Дала» даласына 40-қа жуық жыл­қы тасымалдау жоспарлануда», – деді Пра­га хайуанаттар бағының директоры Ми­­­­рослав Бобек конференцияда. Прага хайуанаттар бағы бұған дейін 2012–2019 жылдары жабайы жылқыларды Моң­ғо­лия­дағы бұрынғы мекеніне қайтару жобасын іске асырған айта кеткен жөн.

Орман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі комитетінің маманы Бексұлтан Мейірбековтің айтуынша, реинтродукция ор­талығына  жіберілетін 8 бас жабайы жыл­қы арнайы жабдықталған екі қоршауда (вольер) болады. «Бүгінде тиісті қоршаулар са­лынды, күзет шараларына қажетті авто­көлік бар.  Жануарлардың ем-домына вете­ринарлық препараттар сатып алынды. Қа­зір Чехия тарапымен тәжірибе алмасу бойын­ша келіссөздер жүруде», – дейді ма­ман. 

Бір ескеретін жайт, ғалымдар Прже­ва­льс­кий жылқысының ежелгі аты – керқұлан дегенді айтып жүр. Қазақстан биоа­луантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА) мамандары да осы атауды жөн көріпті. Дегенмен ол атауға дау келтіретіндер де көп. Өйткені ұлы далада жосыған тағы жыл­қының атауы бірде тарпаң, бірде құлан, енді бірде керқұлан түрінде аталады. Құлан­ды домбай деп те айтатындар бар. Әйтеуір, нақтыланбаған атау. Бірақ «атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?» демекші, дәл қа­зір жойылып кеткен тұқымды қайта орал­тып, басын көбейту ісі алдыңғы орында тұр. Ат қойып, айдар тағарда бір тоқтамға келіп, ортақ шешім шығару ертеңгі күннің ісі секілді.  

Сонымен Пржевальский жылқысына қо­ныс болар аймақ туралы айтсақ, Қос­та­най облысының Амангелді және Жанкел­дин аудандарының аумағындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты 2012 жылы құрылды. Жалпы, ауданы – 489 766 гек­тар болатын резерватта жабайы тұяқты жануарлар реинтродукциясы орталығы ор­наласқан. Бұл орталық серіктестердің қар­жылай қолдауының арқасында «Алтын да­ла» табиғат қорғау бастамасының ая­сын­да құрылды, басқарушы ұйым – ҚБСА. «Алтын дала» резерваты 3 кластрлі учаскеге бөлінген. Біріншісі – Сарықопа көлдер жүйе­сі тұщы сулы орнитологиялық та маңы­зы бар аймақ. Екіншісі – Торғай өзе­ні­­нің сол жағалауындағы Тосынқұм құмы. Үшінші бөлігі – Ұлы Жыланшық өзенінің бойындағы шөлейттенген далалы алқап. Жал­пы, резерваттағы флораға 370 астам түр кіре­ді, оның ішінде 23 түрі өте сирек кезде­седі. Табиғат жаратқан байлығына орай мұн­дағы омыртқалы жануарлар фаунасы сүтқоректілердің 57 түрін, құстардың 275 түрін, бауырымен жорғалаушылардың 11 түрін, қосмекенділердің 4 түрін және ба­лық­тың  9 түрін қамтиды. Енді оған – кер­құлан келіп қосылмақ.  

ҚБСА мамандары Еуропадан жеткі­зі­ле­тін керқұландар бір жыл көлемінде жар­тылай ерікті жағдайда (қоршау ішінде) ұста­лады деп жобалайды. Себебі осыған дейін хайуанаттар бағында бағылып келген жануарларды ен далаға бірден жібере салу да тәуекелді іс. ҚБСА-ның ветеринар мама­ны Прагадағы хайуанаттар бағында тағлым­дамадан өтіп, жабайы жылқының күтімін үйренуде. 

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ас­социациясының ғылыми директоры Сергей Скляренконың сөзінше, керқұлан­ды Орталық Қазақстанға қайта жерсіндіру жо­басы – осынау бірегей түрді Орталық Еу­разия даласына қайтарудың таптырмас жолы. Себебі Қазақстан даласындағы эко­жүйе мен халық тіршілігі үшін керқұланның маңызы зор. «Жылқы жануары да алғаш рет осы жерде қолға үйретілгені жайлы дерек мол. Қазақ елінің тарихын айтқанда жылқы жануарын атап өтпей жазу мүмкін емес. Ал жабайы жылқыны байырғы мекеніне қай­тару тұрмыс-салты даламен етене байла­нысқан ата-бабамызға деген үлкен құрмет болмақ», – дейді Сергей Скляренко.  

Десе де оның айтуынша, осынау атал­мыш жоба әртүрлі елдердегі Үкіметтік және мемлекеттік емес ұйымдардың бірлесіп әрекет етуінсіз, халықаралық ынтымақ­тас­тық­сыз жүзеге аспас еді. «Жойылып кеткен құлан санын бірнеше мыңға дейін көбейте ал­ғанымыздай немесе жойылып кетуге жа­қын қалған ақбөкенді құтқарып, по­пуля­циясын екі миллионға дейін жеткізе алға­ны­мыздай, біздің даламызда тіршілік етуге бейім Керқұлан жылқысының популя­циясын құру, бұйырса, табиғат қорғау саласындағы ең маңызды жетістіктердің бірі болады. Демек керқұланды қайша жер­сіндіру, әрі ғылыми жоба, әрі халықаралық абырой, әрі табиғат қорғаудағы маңызы зор әрекет», – деп атап көрсетті ҚБСА ғылыми директоры.

Бір есептен биыл Торғай даласына жет­кізілер 8 бас керқұланға осыдан 71 жыл бұ­рын оралған 8 құланның жолын берсін дегіміз келеді. 1953 жылы Қазақстанға Түр­к­менстанның «Бадхыз қорығынан» 8 бас құлан аралдағы «Барсакелмес» қорығына жет­кізілген екен.

«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық пар­кінің Ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Марғұлан Мұсабековтің дерегіне сүйенсек, «Барсакелместе» басы өсіп көбейген құландарды Іленің бойына көшіру қолға алыныпты. «1982 жылы қа­зір­гі «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық пар­кіне  «Барсакелмес қорығынан» 27 бас құлан әкелінді. Табиғи паркіндегі реинтро­дукция жұмысы жақсы нәтижесін берді, қа­зір бізде 3 586 бас құлан мекендейді. Ел ішін­де жануарлардың санын көбейтіп, тари­хи таралу аймағын қалпына келтіру мақ­сатында 2005-2022 жылдар аралығында жалпы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық пар­кінен 304 бас құлан еліміздің басқа өңір­леріне жерсіндіруге жіберілді. Осылайша, құланды реинтродукциялау жұмыстары сәтті жүргізіліп, құландар тарихи мекеніне қайта оралды деп толықтай айтуымызға болады», – дейді ол.

Марғұлан Мұсабековтен естіген және бір дерегіміз керқұландар құ­ланға қарағанда жылқыға жақындау ке­леді. Мәселен, енесіне, өзінен туған ұрға­шы­ға шаппау секілді жылқы малына біткен тек­тілік қасиет керқұландарда да кезігеді екен. Сонымен қатар көктемде тай-құнан­ды үйірден қуып шығу секілді әдеттер де кез­деседі. Ал құлан көп жағдайда ондайға мән бермейтін көрінеді.  

Қазақтың аса бай ауыз әдебиетінде жа­байы жылқыға қатысты дерек, мәлімет көп­теп кездеседі. Аңыз-әпсана, тарихи жыр, мақал-мәтелдерде де ол бірде тарпаң, бір­де құлан, енді бірде керқұлан түрінде кез­деседі. Халқымыздың ежелгі күйлерінің бірі «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихы да осы­нау тағы жылқымен тікелей байланыс­ты. Жошы ұлысына саяхаттап келген тарих­шылар да құла дүзде жосылып, жортып жүрген жануарлар жайында тамсана жаз­ған.

Әйгілі «Қыз Жібек», «Қобыланды» жыр­ларында «Құланнан атты қо­дықты, көлден тартты борықты» деп ке­ле­тін жолдар бар. Ал Махамбет болса: 

«Та­ғы­дай таңдап су ішкен,

Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген 

Тағы сынды жан едік», – деп толғайды.  

В.Радлов тарпаң сөзі қазақ тілінде «тағы жылқ­ы» деген мағына беретінін жазып қал­дырыпты. Ал «Қазақ совет энциклопедиясы» тарпаң – Еуропа жабайы жылқысы, кәдімгі жылқының түр тармағы, түсі сұрғылт, арқасы қара жолақты деп анықтама берген (ҚСЭ, X, 567).

Қазақта «Құлан өз қағынан жерімейді, қа­ғынан жеріген құлан қаңғырып өлер» де­ген сөз жиі ұшырасады. Соған қарағанда та­ғы жануар адам көзіне түспес үшін ел­сіздегі қақтың суын ішіп күн көретін се­кіл­ді. «Қақты жердің қадірін құлан білер, ор­ман-тоғай қадірін бұлан білер» деп айты­ла­тын сөз және бар. 

Белгілі тіл маманы Рәбиға Сыздықова «Сө­здер сөйлейді» атты кітабында: «Ауыз әде­биеті мұралары мен өткендегі ақын-жы­раулар тілінде белгілі бір поэтикалық жүк ар­қалап, жиі қолданылған сөздердің қа­тары­на құлан, бұлан, тарпаң атаулары кіре­ді. Демек тарпаң да – құлан сияқты, тағы жылқының бір түрі. Сөйтіп, бұл үш атаудың үшеуі де – қазақ ауыз әдебиеті мен XV-XIX ға­сырлар поэзиясында белгілі бір образ үшін актив қолданылған сөздер болған», – деп жазады.  

Десе де, керқұлан атауының ауыз әде­­­­­бие­тінде ұшырасуы сирек. Кер­құ­ла сөзі жыл­қының түсіне қатысты айты­ла­ды. Мы­салға, «Керқұла атты – Кендебай»  ер­тегісі. Соған қарағанда құлан мен кер­құ­лан­­ды бөліп қарау қаншалықты дұрыс?!

Бізге белгілісі – жиһанкез, саяхатшылар там­сана жазған кең байтақ даланың байыр­ғы жануарының бір сәтте-ақ Пржевальский атанып кетуі. 1878 жылы Орталық Азияға саяхат жасаған орыс саяхатшысы Николай Пржевальский Қытай мен Жоңғарияның шөлді аймағынан жабайы жылқыларды кездестіреді. Қанша талпынса да, тарпаңдар үйіріне жақындай алмаған ол құланның даладан табылған бас сүйегі мен терісін Ресейге алып кетеді. Кейіннен осы олжаны зерттеген орыстың И.Поляков бастаған өз­ге ғалымдары мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, орыс саяхатшы­сының құрметіне «Пржевальский жылқы­сы» деп атаған. Түз жылқысы, осылайша әлем тарихына Пржевальский атауымен енді.

Осылайша, қазақ даласынан тып-ти­пыл жойылып кеткен жануар қайта отаны­на оралып жатыр. Ғалымдардың пайымын­ша, мұндағы мақсат – дала экожүйесі мен онда тіршілік ететін негізгі түрлерді сақтап қалу.   

Бауыржан БАЗАР