Дирижерлік номинация бойынша Нұрғиса Тілендиев атындағы үшінші «Өз елім» фестивалінің жеңімпазы мен Астана қаласы әкімінің кубогінің иегері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, "Құрмет" орденінің иегері Руслан Баймурзин өз ісінің шебері болудың құпиясын ашып, бүгінде классикалық шығармаға жаны құштар жастардың көбейгенін айтты.
Классикалық музыкаға қызығатын жастар көп – дирижер Руслан Баймурзин
5,299
оқылды

– Сәуір айында Гаэтано Доницеттидің «Қоңырау» операсын қойғалы жатырсыздар. Қазір қызу дайындық жүріп жатқан болар...  «Қыз Жібек», «Абай» секілді кез келген белгілі шығарманы әрбір орындаушы өзінше орындауға тырысады. Сіздің бұл шығармадағы ерекшелігіңіз неде?

– Негізі Доницеттидің «Қоңырау немесе Дәріханашының неке түні» шығармасы – әлемдегі белгілі операның бірі. Оркестрдің сүйемелдеуімен толық нұсқада Қазақстанда бірінші рет қойлғалы отыр. Екіншіден, «Астана Опера» театрының ішінде жас әншілерді дайындайтын халықаралық вокалды академия бар. Шығарма соның биылғы түлектердің қатысуымен орындалмақ.  Үшіншіден, шығарма «Астана Операның» Күләш Бәйсейітова атындағы Камералық залда өтеді. Т Teatro Piccolo аясындағы өтетін спектакльдердің артықшылығы – әртістердің көрермендерге жақын орналасуы. Соның арқасында әртістердің қимыл-қозғалысын ғана емес, олардың бет-жүзіндегі эмоцияны көріп, ішкі жан дүниесін сезінуге мүмкіндік туады.

Қойылымға тоқталсақ, бұл шығарма опера-фарс жанрында жазылған туынды. Ал фарс дегеніміз комедияны білдіреді. Бұл қойылымда «комедия дель арте» театрының элементтері болады. Яғни, костюмдерден декорацияға дейін сол дәуірдің элементтерінен тұрады. Жалпы, Г.Доницеттидің музыкасы өте әдемі, ал техникалық тұрғыда күрделі болып келеді. Себебі оның опералары вокалистен виртуозды техниканы, хас шеберлікті талап етеді. Екіншіден, Доницеттидің музыкалық стилі речетатив күйде, яғни қарасөз секілді бір-бірімен тақпақтап сөйлейтін диалог. Оны орындайтын вокалист италиян  тілін  жақсы меңгеріп қана қоймай, оны түсіне білуі тиіс.

– Қойылымды орындайтын басым көпшілігі жастар деп қалдыңыз? Оларға жауапкершілік артуға қорықпадыңыз ба?

Қазір жұрттың басым бөлігі жастар классикалық музыкаға қызыға бермейді деп ойлайды. Бірақ қателесесіздер, классикалық әуенге қызығатын жастар өте көп. Біздің халықаралық академияның өзінде жылдан-жылға тапсырушылар көбеймесе, азайған емес. Тек биыл қабылдаушылар саны шектелді. Соған қарамастан бізде Хорватиядан, Ресейден, Тәжікстаннан  түскен студенттер бар. Олардың классикалық музыкаға деген ынтасы зор. Қазір олардың жалындап тұрған шағы емес пе? Көзсіз батылдық, жігер, мінез бар. Саналары уланбаған әлі таза. Қағілез, айтқаныңды бірден қағып алып, бойына сіңіреді. Өздері талантты, олардың болашағына деген үмітіміз зор. Қазірдің өзінде көптеген опералар мен концерттерге қатысып, өздерінің өнерін шыңдауда.

– Былтыр жаңа жылдың алдында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Орыс маусымы» атты Астана мен Мәскеудің фестивалі өтті. Көрші елді қандай дүниемен тамсандыра алдыңыздар?

Бір айға созылған фестивальға Мәскеудің танымал Геликон операсы келіп, театрлар арасында өзара концерт бердік. Бұл біздің Мәскеу өнер майталмандарымен бірінші жүздесуіміз емес. Мемлекетаралық кездесуде екі елдің театрлары әрдайым өзара тәжірибе алмасатыны белгілі. Осы жүздесуде де бір-бірімізден аларымыз да, үйренеріміз де көп болды. Әсіресе, оларды жарқын әртістерімізбен ғана емес, қазақ әуенімен тамсандырдық. Тіпті, біздің әуенге ессіз ғашық болды десек те болады.

– Кез келген өнер адам секілді дирижер де өзінің қарым-қабілетін әр дайындық сайын шыңдай түсетіні белгілі. Дегенмен дирижердің оркестрсіз дайындалуы мүмкін бе? Оркестр мен дирижер арасындағы байланыс үндестігі үзілмей ме?

Әр музыканттың өзінің музыкалық аспабы болады. Ал дирижердің аспабы – оркестр. Оркестрсіз дирижер өзінің өнерін көрсете алмайды. Бұған дейін консерваторияда оқыған-тоқыған білімнің бәрі теориялық білім болып саналады. Сондықтан дирижердің біліктілігі оркестрмен күнбе-күн дайындығымен ғана шыңдай алады. Сонда ғана өз ісінің хас шеберіне айнала алады. Әрине, оркестрмен жұмыс істеудің өз қиындығы, жауапкершілігі бар. Олар саған қарап бой түзейді, сені тыңдайды. Сол үшін тыным таппай жұмыс істеу керек. Мәселен, партитура жаттап қана қомай, шығарманың стилін, стилистикасын зерттеп, оның шығу тарихын қарап, композитордың өмірбаянынан бастап, оның бұл шығарманы жазуына не түрткі болғанына дейін білуің тиіс. Дирижер тіпті дайындық өтіп, концерт біткеннен кейін де ертеңгі күніңді, репитицияны ойластырып тұрасың. Оның үстіне, оркестр жай ғана құрал емес, кеудесінде жаны бар адамнан құралған. Әрқайсысының көңіл күйі, көңілін қас-қабағынан бағып-бағдарлай алуымыз керек. Оркестрдің өзінде 80 адам, сахнада 50-60 шақтысы хордың әртісі, 10-15 шақты солист, балеті және кардэбалет бар. Соның бәрінің басын қосып, сахнаға шығарманы әдемі үндестікпен шығару – қиынның қиыны. Жұмыс сонысымен қызықты, қызғылықты. Он жылдан астам тәжірибемде біраз нәрсені үйрендім, білдім. Әлі де үйренерім көп.

– Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» дирижерлердің халықаралық байқауының жеңімпазысыз. Жастайыңыздан музыкалық білім алып, өнер жолында келесіз. Таңдауыңыз неліктен дирижерлікке түсті?

Өзім Көкшетаудың тумасымын. Кішкентайымнан музыкаға бейім болып өскендіктен, балалар музыкалық мектебіне түсіп, Серік Сәрсенбаевтан тәлім алдым. Домбырашы ретінде Алматыда өткен байқауда бірінші орын алып, сол кездегі қазылар алқасының төрағасы Айтжан Тоқтағанов артынан мені Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына оқуға шақырды. Сонда 10-сыныптан бастап, дирижерлік пәні жүретін. Сол кезде мектеп оркестрдің дирижері Самат Құрмантаев деген ағамыз әрдайым оркестрмен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін. Міне, осыдан бастап дирижерлікке ынтам ашылды.  Тағдырдың маған берген сыйы шығар. Көптеген мықты деген дирижерлерден тәлім алып, үйренгенім көп. Атап айтар болсам, Нұрлан Жарасов, Абзал Мұхитдинов, Алексей Людмилин сынды корифейлер.

– «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижері ғана емессіз, домбырада да мықты ойнайсыз. Тіпті, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағановтан тәлім алыпсыз. Өзіңізге дирижерлік әлде домбырада ойнау жақын ба?

Опера сахнасына домбырамен жиі шығып тұрамын. Арасында жеке де, оркестрмен де орындаймын. Бірақ дирижерлік пен жеке орындаушылық екі бөлек дүние. Домбырада ойнағанда тек қана домбырамен сырласқандай боласыз. Ал дирижерлікте адамдармен жұмыс істеп, басшылық етесіз, бұл – мүлдем басқа дүние. Екеуі де жаныма жақын. Кәсібің, өнерің іштен шыққан балаң секілді. Жақсы-жаман деп бөле алмайсыз. Дирижерліктің домбыраға, домбыраның дирижерлікке деген әсері бар.