Бекзат Саттархановтың кіндігі киелі Түркістанда кесілді.
Мәңгілік сағынышқа айналған батыр бейне
Фото: ҰОК
1,826
оқылды

4 сәуір – бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні. 20 жасында олимп шыңын бағындырып, сол жасында мәңгілік мекеніне аттанған ол тірі болса 44 жасын тойлаушы еді... Келте ғұмырында өшпес із қалдырған чемпионның бейнесі жыл сайын алыстаса да, даңқы күн санап асқақтап барады. Мәңгілік сағынышқа айналған батыр бүгінде мыңдаған қазақ баласының бокстағы айнымас қаһарманына айналған... Ұлттық Олимпиадалық комитет қазақ спортының қаһарманы туралы жазды.

Бекзат Саттархановтың кіндігі киелі Түркістанда кесілді. Анасы Сырлыкүл құрсағына сәби біткенін естігенде, дәрігер атаулыдан тығылып жүріпті. Себебі қан қысымының жоғары болуына байланысты жүктілікті тоқтатуы мүмкін еді. Ал ана болса... Ана болса, жүрегінің астындағы жүректің аман болғанын қалады. Осылайша, өз өмірін қатерге тігіп, батыр ұлды босанды. 

1980 жылдың 4 сәуірінде  өмірге Бекзат келді  

Ол кішкентайынан әлжуаз боп өсті. Мұны байқамаған жан жоқ шығар. Анасы да ұлдарының ішіндегі осы бір баласын күннен, желден қорғап әлек болатын.  Аулада өсіп тұрған гүл де, көшеде ілініп тұрған әдемі сурет те Бекзаттың назарынан тыс қалмайтын. Әдемілікті жаны сүйгені сонша, даладағы гүлдерді анасына жинап әкелуден тынбаушы еді... 

Бойындағы ұяңдығы, тәрбиесі, үлкенге көлденең келмейтін биязы мінезі Бекзатты боксқа әкеледі деп ешкім де ойлаған жоқ. Бірақ ол 15 жасында өзінің өмірлік таңдауын жасады. Ол боксқа келді. 

Ал қалған бес жылда өзгелерге өмір бойы бағынбайтын белеске шықты. 20 жасында Олимпиада чемпионы атанды. Ғасырлар тоғысқан сәтте алыс құрлықта, алыс Аустралияда қазақтың көк байрағын желбіретті. Мұндай бақты талай спортшы армандаумен ғана өткен еді. 

Бүгінде Бекзат жайлы естелік жазғанымызға 24 жыл толды. Біз Бекзатты тағы бір Олимпиадада топ жарады деуші едік.  Біз Бекзаттың мықты бапкер болғанын көреміз деуші ек. Біз Бекзатты қазақ боксшыларын жетелейтін нағыз көшбасшы болады деуші ек. Бірақ бұл – тағдыр. Оның өз жоспары бар...

2000 жылдың 31 желтоқсанында ол қаза тапты 

Бүгінде Бекзат Саттарханов жайлы түрлі фильмдер түсіріліп, оның атында бокстан халықаралық турнир өткізіліп келеді. Бекзаттың атында көше де, спорт сарайы да бар. Тіпті, оның атын алған бауыры да бүгінде 15 жастан асты. Сырлыкүл Шойбекова мәңгілік сағынышын ел есінен шығармау үшін бір немересіне Бекзат Саттархановтың атын берген. 

«Қазір Бекзат атты немерем жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүр. Құдайдың құдыреті ғой, Бекзатымнан айнымайды. Жүріс-тұрысы да, келбеті де келеді. Боксқа қатысып, спорттан да жақсы нәтиже тіркеп жүрді. Бірақ 15 жасқа келгенде өзім бокстан шығарып алдым. Спорттың жолы оңай емес. Көз алдымда жүргенін қаладым. Қазір ол да жақсы жігіт боп өсіп келеді, шүкір. Немерелеріме ағасы туралы жиі айтамын. Мендегі немеренің көбісі – қыз балалар. Оларға тәрбие беріп, ақыл айту – әжелік міндетім. Бір қуантатыны, бәрі де әдепті, бәрі де өз орнын біледі. Қазақтың тәрбиесін бойларына сіңірген. «Сендердің осындай ағаларың болған», – деп бір айтқаным-ақ оларға жеткілікті. Ағаларының ерлігін немерелерім де мақтан тұтады», – дейді Сырлыкүл ана.

Ал талантты жазушы Унзила Мыңбайдың «Чемпиондыққа жетелеген арман» атты тырнақалды туындысында Бекзат Саттарханов жайлы жылы естеліктер бар. 

«...Көзді ашып-жұмғанда жазғы каникул да өте шықты, ал жаңа оқу жылында 15 жастағы спортшының жетістігі еселене берді. 

«Сабақ басталған соң боксты қоя тұрады», – деген анасының ойы жайында қалды. Үлкен спортқа енді қадам басқан бозбаланың залдан оңайлықпен шықпайтыны белгілі еді. 

Көп ұзамай күздің жаңбырлы, суық күндері басталды. Бұл – күн қысқарып, жаттығу уақыты ұзара түскен кез. Болашақ чемпион баратын бокс залы үйден тым алыс, Түркістанның екінші шетінде еді. Әр кеш сайын жанын қоярға жер таппаған анасы вокзал жаққа шығып, қараңғы көшелерді торуылдаумен болады. Сәлден соң Бикош келуі керек. Ол кейде жаяу, кейде жүгіріп жетеді үйіне. Өйткені бұл уақытта автобустар тоқтап қалатын. 

«Залда жаттыққан адам боксшы болады, ал тағы да аянбай тер төккен адам чемпион болады. Себебі жаттығудан соң үйге дейін тағы 12 шақырым жаяу жүремін», – дейтін ол. 

«Жаңбырдың астында қаласың ба? Қара суықта осылай жүргенің дұрыс па?», – дейді ашулы анасы шәйнекті отқа қойып жатып.  

Содан соң: «Бикош, боксты қойсаңшы енді» деген әңгіме тағы басталады.  Осы сәтте Бекзат тоқтай қалды. Оның жаттығудан соң алаулаған бет-жүзінен жаңбыр тамшылары домалап жатты. Бұл жолы ол анасына ерекше, нұрлана қарады да: «Анашым, боксты тастай алмаймын», – деді. 

Ұлының осы бір бақытты көзқарасынан анасы бәрін де түсінген еді. Осыдан соң бұл әңгімені қайта қозғаған жоқ. Бокс баласының өмірлік серігіне айналғанын ұғынды. Бұдан кейін медаль қоятын  орын даярлап, кубок пен жүлделердің шаңын сүртіп, кенжесінің әрбір жеңісінен соң кең дастарқанын жаюды әдетке айналдырды. Тіпті, ұлының басқа қалада жаттығуына да келісті. Тек бірде-бір рет оның жекпе-жегін көру үшін жарысқа барған емес...».

Бұл Бекзат туралы әңгіменің бір үзіндісі ғана...

Сидней Олимпиадасының өткеніне де 24 жыл болды. Одан бері біраз чемпион шықты. Алдағы уақытта да қазақ спортының жұлдыздары жарқырай түседі. 

Ал Бекзат біздің жүрегімізде мәңгілікке қалады...