Атырау қаласы маңындағы Атырау, Рембаза шағынаудандарында және Еркінқала, Алмалы Атырау, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінде жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
Мамандар Жайық өзенінде су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті
Фото: ortcom.kz
2,930
оқылды

Мамандардың болжамы бойынша, су тасқыны 20 сәуірге қарай болуы мүмкін.

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев су тасқынының алдын алу жөніндегі жедел штаб алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«Мұндай болжам өзеннің ағысы, Ресей территориясындағы Ирикла су қоймасынан ағып жатқан су мөлшері және аталған қойма мен  Жайық өзені арасындағы қашықтыққа байланысты айтылып отыр. Күзгі, қысқы, жазғы мезгілде өзендегі ағыстың жылдамдығы сағатына 5 шақырым болады. Көктемгі мезгілде  тасқын мезгілінде бұл көрсеткіш сағатына 10 шақырымға дейін жетеді. Атырау қаласынан Ирикла  су қоймасына дейінгі қашықтық 1700 шақырым. Осындай факторлар белгілі бір болжам жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен Ресей еліндегі Орынбор, көршілес  Батыс Қазақстан облысындағы өзендерде әлі де болса, мұз қатып жатқанын ескерсек, тасқын кез келген уақытта болуы мүмкін. Сол себепті, қазіргі уақытта Жайық жағалауын бекіту, бөгет орнату жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр», - деді Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта Атырау қаласы маңындағы Атырау, Рембаза шағынаудандарында және Еркінқала, Алмалы  Атырау, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінде жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА