Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы үйлестірушісінің шақыруымен Норвегияның Шпицберген аралында Дүниежүзілік тұқым қоймасына біздің елдің даласында өсетін жем-шөп дақылдарының ерекше тұқым үлгілерін өткізіп келді.
«Қиямет қамбасы» немесе Шпицбергендегі ерекше қойма
863
оқылды

Мақсат – әлемде қандай да бір апатты жағдайлар болса, еліміздегі өсімдіктердің түрін сақтап, олардың жойылып кетуіне жол бермеу. 

Аталған ғылыми-зерттеу инс­­­титуты – еліміздің аграрлық ғы­лым жүйесінде көшбасшы ұйым. Инс­титут соңғы жылдары бір­неше ха­лықаралық жобаны жү­зеге асы­рып келеді. 2022 жылы дү­­­ние­жүзі­лік «Жемдік дақылдар зерт­ханасы» Be BOLD Crop Trust бағ­дарламасы бойынша конкурс жа­риялаған бо­латын. Байқауға қа­тысқан отандық ға­лымдар үздік­тер қатарынан та­был­ған. Бүкіл әлем бойынша аса өзек­ті деп ұсы­ныл­ған 90 жобаның 45-і іріктелген. Осы 45 жобаның қа­тарына қазақстандық ғалым­дар­дың да жұмыстары енгізілген. Со­нымен, ғылыми еңбек нәтижесінде біз­дің ел үшін де аса құпия қой­ма­дан орын бөлінген. 

«Қыстың қамын жаз ойла»

Айта кетейік, Норвегияда 2008 жы­­лы салынған қоймаға дүние­жү­зін­­дегі 89 тұқым банкінен 6 000-ға жуық өсімдік түрінен сұрыпталған 1,1 миллионнан астам тұқым үлгі­лері арнайы әкелінген. Мұндағы үлгілер жаһандық апат жағдайында бү­кіл әлемдегі тұқым қорын сақ­тау­ға арналған, сондай-ақ ауыл­ша­руашылық дақылдарының жаңа сорт­тарын жасау кезінде селек­цио­нерлер үшін резервтік көмек ре­тін­де қызмет етеді деген мақсатта жет­кізілген. 

Шпицберген тұқым банк­і- не сақтау үшін біздің ға­лымдар 8 ботаникалық түрге жа­татын 522 сынаманы іріктеп ал­ған. Қатарында мал азығына аса қа­жетті жоңышқа түрлерінен 247 сы­нама, бидай шөп түрлерінің 130 үл­гісі және өзге де дақылдар бар. Бұ­лар негізінен көпжылдық азық­тық дақылдар мен дәнді дақылдар түріне жатады.

Әлемдік маңызы ерекше қой­ма­ға барып, ма­­мандарға Қазақ-стан­нан жетк­і­зіл­ген тұқым түрле-рін сеніп тап­сыр­ған Қазақ егін­­­шілік және Өсім­дік шаруашылығы ғы­лы­ми-зерттеу инс­титутының, «Же­м-шөп дақыл­да­ры зерт­ха­на­сының» ғылыми қыз­меткері, жоба жетекшісі Са­қыш Ержанова келе­шек ұрпақ, әлем үшін маңыз­ды іс жасал­ғанын айтып отыр. 

«Өзіміздің зерттеу жұмыс­та­ры­мыз­дың нәтижесінде әлемдік қой­ма­ға біздің елден де жем-шөп тү­ріне жататын өсімдіктердің тұ­­­­қымын тапсыру – үлкен жетістік. Бұл – көп­жылдық еңбектің нәтижесі. Келешек үшін әлем ғалымдарының қа­тарында болып осы бір үлкен жо­баға атсалысу, ғылыми еңбекпен ай­налысу – барша институт ұжы­мы­ның еңбегі. Алда тағы да өзге  тұ­қым түрлерін сол жерге апарып, өзі­мізге тиесілі ұяшықтарға қою мақ­сатымыз бар», – дейді ғалым.

Әлемдік маңызға ие болған мұндай тұқым қойма­сы­ның міндеті – жаһандық апат­тар­дан адамзатты аман сақтап қалудан бөлек, Жер бетіндегі өсімдік атау­лы­ның жойылып кетпеуінің ал­дын алу. Ғалымдар әлемде болуы мүм­кін ядро­лық соғыс, астероидтың құлауы немесе жаһандық жы­лы­ну сияқты апаттар жасыл әлемді жоқ етуі ықтимал деп болжайды. Ал қойма осы апаттардан алдын ала сақтану мақсатында жер ас­ты­на салынған. 

«Отандық бір топ ғалым барып әлем­дік маңызы бар нысанмен та­ныс­тық. Өз еңбегімізді, отандық өсім­дік тұқымының үлгілерін тап­сы­рып қайттық. Тұқым сақтау бойын­­ша әлемдік заңдылық бар. Сол заңдылық бойынша кез келген маңызы зор деп таңдалған түрлер кем дегенде үш жерде сақ­та­лып, бо­лашаққа жолдануы ке­рек. Шпиц­берген аралына жет­кі­зіл­ген түрлердің келесі бір санаты өзіміз­дің институттың генафондық қой­масында сақтаулы тұр. Енді бір бө­лігін Үндістандағы дүниежүзілік тұқым сақтау банкіне жеткізуді жос­парлап отырмыз. Біздің Қазақ егін­шілік және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның тарихы сонау кеңестік дәуірде бас­талды ғой. Биыл 90 жыл толып отыр. Осы институт еліміздегі түр­лі өсімдіктерді зерттеп, талай дү­ние­лер жасады. Ғалымдардың зер­делеуінің негізінде жаңа сорт­тар өмірге келді. 2002 жылы осы өзі­мізде бар өсімдік тұқымын сақ­тау туралы шешім шығып, ға­лым­дар жұмыла жұмыс істеп, соның ар­қасында қазір үлкен қойма пай­да болды. Бүгінде өзіміздің ғана емес, өзге елдерден де түрлі өсім­дік­тердің тұқымы жеткізіліп жа­тыр», – дейді ғалым, ҰҒА акаде­ми­гі Ғалиолла Мейірман. 

Тұқым қалай сақталады?

Норвегияның Шпицберген жаһандық тұқым қоймасы – Шпицберген аралында орна­лас­қан ерекше орын. Қоймада негізгі ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның тұқым үлгілері қауіпсіз әрі ерек­­ше жағдайда сақталуда. Мұнда дү­ниежүзілік көгалдандыру мате­риал­дарының тұқым банкі жер бе­тінде бар барлық ауылшаруа­шы­лық өсімдіктерінің отырғызу мате­риал­дарын сақтау үшін БҰҰ-ның қам­қорлығымен Норвегия еліндегі Шпиц­берген аралында 2006 жылы са­­лынып, 2008 жылы алғаш рет ауыл шаруашылығы саласындағы тұ­қым түрлері сақтауға қойыла бас­­тады. Тау мен мұздық астын­да­ғы алып қорды салу үшін әлем ға­лым­­дары атсалысқан. Жобаны Нор­вегия үкіметі қаржыландырған екен. Құпия ғимараттың құны 9 млрд доллар шығынды қажет ет­кен. 

Жер бетінен 120 метр те­рең­­­­дікте және теңіз дең­гейі­­­нен 130 метр биікте орна­лас­­қан кешен немесе банк кез кел­­­ген жарылысқа төтеп бере­тін есік пен қабырғалар арқылы бе­­кем­­делген. Ішкі көріністі ба­қылау үшін ерек­ше каме­ра­лармен жаб­дық­талған. Мәңгі тоң болып тұ­ратын тоңа­зыт­қыш сынды тұқым қой­­масы компьютердің процес­соры тәрізді үл­гіде жа­сал­ған. Тұ­қым­­дар төрт қабатты ты­ғыздалған не ауа, не газ өтпейтін ерекше қап­­тамамен қапталып, әлгі қап­­шы­қ­тар ар­найы кон­тей­нерлерге са­лы­нады. Сөй­тіп, өзі­нің тіркеу нө­мір­ле­рі бойын­ша қойма сөре­ле­рі­не ор­наластырылады. 

Мұндағы температура тұрақ­ты: –18°C. Ғалымдардың пайым­дауын­­­ша, мұндай сал­қын­дық тұ­қым­­­­ның баяу қартаюын қам­та­­ма­сыз етеді екен. Мәңгі тоң өл­кесі болғандықтан әрі аз ғана тек­тоникалық белсенділік төмен болуына бай­ланысты тұқым қоры үшін Шпиц­бер­ген арнайы таңдал­са ке­рек. 

Қойма қашан ашылмақ?

Ғалымдар бұл қойманың ашылу мерзімін кем деген­де 200 жыл мен 1000 жыл мерзім ара­лығы деп болжаған. 

«Күндердің бір күні адамзат бақытсыздыққа ұшырап, қиын-қыстау сәтті бастан кешуі ға­жап емес. Ол жаһандық соғыс не­месе табиғи апат болуы да мүм­кін. Осындай алапаттан аман қал­ған адамдар әлемдік ауыл шаруа­шы­лығын және жалпы планетаның өсім­діктерін нөлден бастап қалпы­на келтіруге мәжбүр болуы ықти­мал. Осындай жағдайда адамзат ба­ласы бір ғана сөзді есте сақтауы ке­рек. Қазір бұл «Шпицберген» деп аталып жүр. Кейін SOS дегенге ұқ­сайтындай ұғым не түсінік бо­лып енгізілуге тиіс. Адамдар сон­дай кез­де жер әлемін қайта көгалға бө­леп қана қоймай, өздеріне азық ре­­тінде қолданатын өсімдік түр­ле­рін өсіріп алуға қол жеткізуі ке­рек. Қой­ма осы мақсатта соғылды. Қой­­мада тұқым түрлерінен бөлек, түрлі жағдайда қолдану нұс­қау­лықтары да әртүрлі үлгіде жазылып бе­­кітілуде. Негізінде, мұндай банк­тер тіпті әр елдің өзінде болуы ке­рек», – дейді Дүниежүзілік тұ­қым қой­­масының менеджері Бра­йан Лай­ноф.

Жер шарында басқа тұқым сақ­тайтын қоймалар болса да, Шпиц­бергендегі нысан олардың ішіндегі ең қауіпсізі және ерекше ойлас­ты­ры­лып салынғаны болып отыр. Жер­дің екі полюсіндегі барлық мұз жаһандық жылынудан еріп кетсе де, Шпицберген зардап шекпейді. Бұл ретте қоймадағы жағдай тұ­қым­­дарды мың жылға дейін пай­да­лануға жарамды күйінде сақтай­ды, ал қойманың өзі ондағы «мүлікті» ядролық со­ғыс пен астероид құласа да қорғай алады деп отыр ма­­­ман­дар. 

Associated Press агенттігі құ­пия­­сы мол Шпицбергендегі бұл тұ­қым қорын сақтаушы орынды жан-жақты зерделей келе, «Қиямет күн­нің қоймасы» деген атау берген екен. 

Қоймада барлығы 4,5 миллион үлгіні сақтауға болады. 

Мұнда бидай мен арпаның түр­лерінен бөлек, бұр­шақ өнімдері, жүгері, соя және жер­­жаңғақтар мен түрлі же­міс­тер­дің тұқымдық коллекциялары сақ­таулы. Тұқым сақтау қоймасына Қа­зақстаннан бөлек, Колумбия, Эфио­пия, Үндістан, Кения, Мек­си­ка, Перу, Филиппин, Ресей, Ук­­­­раина, Грузия, Тәжікстан, Әзер­бай­жан, Армения, Өзбекстан, Бе­ла­русь, Эстония, Латвия, Литва бол­са, Германия, Мали, Мадагас­кар, Қытай, АҚШ, Солтүстік Ко­рея, Ауғанстан және Сирия сынды ел­дерден жөнелген өнімдер сақ­тау­ға қойылған. 

Әлем ғалымдары, оның ішінде қытайлық генетиктер де Шпиц­бер­ген жаһандық астық қоймасы то­лық қуатына жеткенде, әлемдегі ең маңызды тұқым қорына айна­ла­ды деген пікір айтқан. 

Маңызы мен мәні ерекше осы­нау құпиясы мол қойма шынымен де әлем үшін ерек болары сөзсіз. Ал оған біздің ел үшін де арнайы орын бөлінгені расында да маңыз­ды. Әлем елдері өздеріндегі дән мен дақылдың үлгілерін болашақ үшін деп жер қойнауына тығып жат­са, демек адамзат үшін бұл істің мәні бар екені анық. Сон­­дықтан жо­ғарыда атаған Қазақ егін­шілік және өсімдік шаруа­шы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның жанында қалыптасып келе жат­қан тұқым сақтау қорына мем­ле­кеттік тұрғыда көңіл бөлініп, ұлт­тық дең­гейде танылуы маңыз­ды. Тұқым сақтау қорының ұлттық маңызы артса, еліміздегі қожырап кету­дің аз-ақ алдында тұрған гене­ти­ка жә­не селекция саласының да тамы­ры­на қан жүгірер еді. 

Бердібек ҚАБАЙ