Бүгінде облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды.
Батыс Қазақстанда 94 елді мекенге су тасқыны қаупі төніп тұр – Нұрлан Байбазаров
Фото: БҚО әкімдігі
1,810
оқылды

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі Орал қаласымен қоса, 94 елді мекенге қауіп төндіріп отыр. Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері 3700-ге жуық тұрғын эвакуациялық орталықтарға орналастырылған. Оның 2700-ге жуығы үйіне оралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Нұрлан Байбазаров БҚО-дағы су тасқынына қатысты ахуал бойынша жасаған үндеуінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Үкімет басшысы орынбасарының мәліметінше, қалған мыңнан астам адам 13 эвакуациялық пунктте. Олар азық-түлікпен, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар өңірде қосымша 30 мыңнан астам орын эвакуациялық пункттер дайындалды.

«Облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бір реттік төлемдер жасалды. Алдағы уақытта төлемдер жалғасатын болады», – деді Н.Байбазаров.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, қазіргі ең маңызды мәселе – су тасқынының екінші кезеңі. Алдыңғы күні Ресей Федерациясының Ирикла су қоймасынан секундына 2 170 текше метр су жіберілсе, кеше 1 670 текше метрге түскен.

«Соған қарамастан, жағдай күрделі. Орал қаласы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге дейін көтерілді. Бұл Орал қаласына ғана емес, өзен бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 94 елді мекеніне қауіп төндіреді. Облыста су тасқыны зардаптарын азайту үшін қажетті ресурстар жұмылдырылды. Орал қаласындағы Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті алты учаскеде ұзындығы 5 шақырым болатын бөгеттер салынып жатыр. Басқа да аудандарда қауіпсіздік шаралары атқарылуда. Жалпы су тасқыны бойынша ахуал жедел штабтың бақылауында», – деді Н.Байбазаров.