Ресми өкіл Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасы орта есеппен 62%-ға толғанын атап өтті.
Ақмола, Ақтөбе облыстарында су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталды – министрлік
679
оқылды

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде елдегі су қоймаларындағы ахуалды баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толы, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасына 99% су жиналды. Бұл нысандар да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр, су ағынының төмендеуі байқалады. Су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды», – деді ол.

Ресми өкіл Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасы орта есеппен 62%-ға толғанын атап өтті.

«Олардың бәрі штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Осы аптада су тасқынының белсенді кезеңі басталады деп күтілуде. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 65%-ға толды. Олар да штаттық кесте бойынша жұмыс істейді. Өңірде Шаған өзенінің деңгейі әлі де артып келеді. Бүгінде Шаған су қоймасына кіріп жатқан ағынның жылдамдығы секундына 690 текше метр. Жайық өзені бойынша су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Ресейдің жедел мәліметтері бойынша, Ириклин су торабынан су жіберу кешегі деңгейде қалып отыр – секундына 1680 текше метр. Бұл су Қазақстан шекарасына 15-20 күнде жетуі мүмкін. Сондықтан су тасқынының алдын алу үшін министрлік пен Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің қызметкерлері өзен арналарын мұздан тазартып, кептелістің алдын алу жұмысын атқарып жатыр», – деді Мөлдір Әбдуалиева.