Абайдың 200 өлеңін жатқа білетін шахтер
Абайдың 200 өлеңін жатқа білетін шахтер
312
оқылды
Қарағанды облысында Абай Құнанбайұлының 200 өле­ңін жатқа білетін кенші қыз тұрады. «Саран» шахта­сы­­ның маркшейдері Эльмира Казиева кезінде «Абай оқу­ла­ры» мен «Мұқағали оқу­лары» бай­қауының жеңім­па­зы бол­ған. Эльмираның жер астында қыз­­мет етіп жүргеніне – үш жыл. Кен­ші қыз аптасына үш рет 700 метр тереңдікке түсіп, көмір кенін із­деумен, өлшеумен, сараптама жа­саумен айналысады. Еңбек жо­лын 22 жасында бастады. Мектепте оқып жүргенде ұс­таз­дары Эльмирадан көп үміт күт­ті. Ол республикалық «Абай оқу­лары», «Мұқағали оқулары», т.б. әдеби байқаулардың жеңім­па­зы болып, мектебінің абыройын аспандатты. Барлығы дарынды қыз әдебиетші болады деп сенген. Алайда Эльмира оқу бітірген соң Қарағанды мемлекеттік тех­ни­ка­лық университетінің «Марк­шей­дерлік іс» атты мамандығын таң­дады. Оның бұл мамандықты таңдауына әкесі себепші болды. Оның әкесі де кенші. Отбасында екі қыз. Екеуі де әкесінің еңбек­қор­­лығын, қара жұмыстан тайсал­май­­тын өрлігін мақтан етеді. Эль­мира әкесі секілді сыйлы, қан­дай жұмысты болсын еңсеріп ке­тетін мықты маман болуды ар­ман­дайды. Кен орнындағы дәлдік пен тепе-тең­дікті өлшеуге арналған құ­рал-жабдықтар сөмкесі зілдей. Нәзік қыз жұмысына барған са­йын оны иығына асынып, ер­лер­мен қатар жер астына түседі. Оған әл­сіздік көрсетуге болмайды. Себебі бұл жерде төзім мен кәсі­би­лік қана құрметтеледі. – Басында жер астына түс­кен­де бойымды қорқыныш би­лей­тін. Кейін үйреніп кеттім. Кей­де штаттан тыс жағдай бо­лып жатады. Ауа райы күрт на­шар­лағанда тоқтан ақау шы­ғып, желдеткіштер істен шы­ғып қала­ды. Сондай кезде шах­та­да ауа тапшы болып, шұғыл қа­уіп­сіз жерге шығуға тура келе­ді. Өмір секунд­тармен есеп­те­леді. Деген­мен өзің қалаған маман­дық­тың ыс­тық-суығына төзу керек, – дей­ді кенші қыз. Эльмираның анасы – тәрбие­ші. Қызының таңдауына қарсы бол­ған жоқ. Әкесі қызына кен ісін­дегі ерекшеліктерді әңгімелеп, өмір­лік тәжірибесімен бөлісіп оты­рады. – Әкем екеумізде ортақ әңгі­ме көп. Шахталарды са­лыс­­тырып, кө­мір іздеу ісін­де­гі айыр­ма­шы­лық­тарды талқылай­мыз, – дейді Эльмира. Эльмира – Абай Құнанбаевтың ұр­пағы. Жұмыстан тыс кездері сүйікті хоббиі өлең оқумен ай­на­­­лысады. Жаны нәзік, қолы темір­дей кенші аруды әріптестері де құр­меттейді. – Шахтада жұмыс істеуге ер адам­дардың өзі тәуекел ете бер­­мейді. Мұнда тұрақтап қалу өте қиын. Көбісі шыдамай тас­тап кете­ді. Ал қыз балалар сирек келе­ді. Эльмира өзінің табан­ды­лы­ғын көрсетіп келеді, – дейді әріптесі Жангелді Қошанов. – Басында ер адамдармен жұмыс істеу қиын болды. Оларға айтқаныңды тыңдату оңай емес. Дегенмен ер адамдар көп сөзді емес. Өз жұмыстарын беріліп іс­тей­­ді, – дейді Эльмира. Биыл Эльмира үшін көктем ме­рекесі айрықша өтпек. Ол сол күні жаңа өмірге қадам баспақ. Оның болашақ жары да кенші.   Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы