8 сәуірдегі ресми дерек бо­йынша, елімізде су тас­қы­ны басталғалы бері 76 мың­­ға жуық адам құт­қа­рылған. Оның ішінде 18 мың­нан астамы – бала.
Еріктілердің еңбегі ерен
760
оқылды

Тасқын судан қауіпсіз жерге көшіріл­ген төрт түліктің саны 69 мың бастың үстінде. Тәулік бойы ұйқы көрмей, тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқан­дар­дың қатарында волонтерлер де бар.

Бүгінде елімізде 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Республикадағы еріктілер қозға­лыстарының жұмысын үйлестіріп отырған орталық – «Ұлттық волон­терлік желісі» Мемлекеттік ор­ган­дармен өзара іс-қимыл де­партамент басшысы Айбек Досымбетовтің сөзінше, еліміз аумағы бойынша 20 өңірде жедел телефон штабтары ашылып, қыз­мет көрсетіп жатыр. «Ол жердегі волонтерлер тұрғындардан келген әртүрлі сұраққа жауап беріп, қоңы­рау шалған азаматтың қа­жет­тілігіне орай кеңес айтып, ба­­­ғыттап отырады. Еріктілер штаб­­та тек тұрғындардан телефон қоңырауын қабылдап қана қой­май, төтенше жағдай қызметі, құт­қарушылар, әскерилермен де байланыс орнатып, апат болған жерде қызмет көрсетушілермен арадағы өзара байланыс секілді түрлі қызметті үйлестіріп отыр», – дейді ол.

Қазіргі сәтте еліміздің 15 ай­мағында гуманитарлық көмек орталықтары ашылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, республика жұртшылығы да су тас­қынынан зардап шеккен тұр­ғын­дарға қолдан келгенше қол ұшын созуға тырысып бағуда. Аталған гуманитарлық орталық­тар­да жұмыс істеп жатқан волон­тер­лер алдымен жиналған көмек заттарды сұрыптап, жинастырып, реттейді. Содан кейін жүк көлік­теріне тиеп, су басқан өңірлерге жөнелтіп жатыр. «Бүгінге дейін республика бойынша 550 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Дәл қазір 25 мыңнан астам ерікті волонтерлік қызмет көрсетуде», – дейді Айбек Досымбетов.

Қарғын судың салдарынан жапа шеккендерге көмек беруде алматылықтар да қол қусырып отырған жоқ. Өткен аптада өңір­лерге гуманитарлық көмектің ал­­ғашқы партиясы жөнелтілді. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы берген деректерге сүйенсек, алты күннің ішінде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған. Соның ішінде 2,5 тоннадан астам киім-кешек, 1 тонна гигиеналық өнімдер, 3,5 тоннадан астам азық-түлік, тұрмыстық заттар және тағы басқа бар. Біз Алматы қаласында орналасқан қабылдау пунктерінің жұмыс қарқынын білу мақсатында Алматы қаласы еріктілер фронт-офисының жетекшісі, Qamqor Charity қоғамдық қорының төра­ғасы Бағдат Анарбаевамен бай­ланысқа шықтық. Бағдат Бек­болатқызы еліміздің батысы мен солтүстігінде су тасқыны болуына байланысты арнайы штаб өз жұ­мысын бастағанын, сондай-ақ көмек қабылдау пункті үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, штабтың жұмыс уақыты таңғы сағат 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін болса да, еріктілер мезгілге қарамастан көмек беруде. «Біз күн сайын әр өңір­мен байланыстамыз. Су тас­қынынан зардап шеккен аймақтар қазіргі ахуалды және қандай зат­тар қажет екенін хабарлап, бізге барлық ақпаратты жолдап оты­рады. Алдыңғы аптада еріктілер­мен бірге Орал қаласына 10 тонна гу­манитарлық көмекті табыстап қайттық. Ал қазір Атырау облы­сына гуманитарлық көмек жинап жатырмыз. Бүгін біз гуманитарлық көмектің 1 партиясын жіберуді бастадық. Жиналған заттардың бір бөлігін Атырау облысына Air Astana және Fly Arystan компа­ниялары, екінші бөлігін қаламыз­дың кәсіпкерлері тегін жеткізіп беруге ниет білдірді. Біз сұраныс бойынша барынша қолдау көр­сетіп, көмек беруге тырысамыз. Сондай-ақ бізде күнделікті call-орталығы жұмыс істейді», – дейді Б.Бекболатқызы.

Айта кету керек, алматылық ерік­тілер осыған дейін Қазақ­стан­да және әлемде болған табиғи апат­тар кезінде де үнсіз қалмай, қолдан келген көмегін аянып қалған емес. Былтыр Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 тонна, ал Абай облысындағы қызыл жалынның салдарынан қиындық көрген тұр­ғындарға 5 тоннадан астам гума­ни­тарлық көмек жинады. Одан өзге еріктілер фронт-офисі демеу­шілер тарта отырып, бір жылдың ішінде 10 мың аз қам­тылған от­басыға, 350 жетім балаға, 800-ден астам қартқа көмек көрсеткен.

Алматы қаласы Жастар сая­саты басқарма басшысының орын­басары Азиз Кажденбек гу­манитарлық көмекті жинауға қа­тыс­қандар әртүрлі жастағы адам­дар екенін айтады. «Игі іске ат­са­лысқан қаламыздың әрбір тұр­ғын­ына белсенділігі мен қолдауы үшін қала әкімдігі атынан алғы­сымды білдіремін. Сондай-ақ қиын сәттерде көмек берген ерік­тілеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Еріктілердің еңбек­қор­лығы мен қала тұрғындары кө­ме­гінің арқасында біз су басқан ай­мақ­тарға аз уақыт ішінде көмек қолын созып жатырмыз, – дейді ол. 

Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына да алғашқы жәр­дем жеткен. Аймаққа гумани­тарлық көмек Алматы, Түркістан, Атырау, Астана, Қызылорда об­лыстарынан көрші мемлекет­тер­ден (Қырғызстан) келіп жатыр. «Ақтөбе қаласында волонтерлік штаб құрылып, бірнеше бағытта жұмыс істей бастады. Жалпы, жұрт­шылықтың қолдауымен 300 тон­наға жуық гуманитарлық кө­мек жиналды. Оның 250 тоннадан астамы жапа шеккен жандарға берілді», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық Жастар ресурстық ор­талығының бөлім басшысы Ақбаян Әбішева.

Жалпы, Ақтөбе облысы ау­мағында 1 061 үйді су басқан. Тасқыннан эвакуацияланған 1 636 адам уақытша орналастыру пункт­теріне орналастырылып, 10 663 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірі­ліпті. Табиғи апаттан зардап шек­кендерге кәсіпкерлер де көмегін беруде. «Арнайы ашылған есеп­шот­та жиналған қаржы «Қамқор-Ақтөбем 2024» қоғамдық қорының бақылауында. Қазіргі кезге дейін халықтан, кәсіпкерлер мен ком­па­­ниялардан қорға 316 997 394, 78 теңге қаражат жиналды. Қаладағы 30-ға жуық мектеп эвакуациялық орталыққа айналды. Волонтерлер мен студенттер жүк жинау мен құт­­қару жұмыстарына белсене ат­­са­лысып жатқанына куәміз», – дейді облыстық жастар ресурс­тық орталығының маманы Жоламан Асанұлы.

Еріктілер ұйымдары жоғарыда аталған қызмет түрімен шектеліп қалмай, жағдайға орай түрлі акция ұйымдастырып отыр. «Ұлттық волон­терлік желісі» Мемлекеттік ор­гандармен өзара іс-қимыл де­пар­тамент басшысы Айбек Досым­­бетов тасқын су зардабын жою ісінде де волонтерлер қар­қын­ды жұмыс істегелі отырғанын жет­кізді. «Осы жұмыстарға қо­сым­ша тағы бір акция ұйым­дас­тырып жатырмыз. Ол – волон­тер pro-bono деп аталады, яғни бұл қоғам игілігі үшін қосымша қыз­мет. Енді көмекке мұқтаж аза­маттар волон­тер-заңгерлердің қыз­метіне жүгіне алады. Бұл жерде де қызмет тегін көрсетіледі. Pro-bono волонтерлер тасқыннан зардап шеккен тұр­ғындардың құжаттарын қалпына келтіруге, өтемақы алуына көмек­тесіп, қағаздарын реттесуге қол ұшын береді. Біздің бұл акция­мызды қол­дап тегін заңдық қызмет көр­сету ісіне атсалысайық деп өтініш беріп жатқан азамат да көп», – дейді ол.

Одан бөлек, волонтерлер су басқан 9 облыс аумағында қиын­дық көрген тұрғындарды, арнайы эвакуацияланған азаматтардың орналасқан жеріндегі жатын-орнын ұйымдастыру, ыстық тамақ әзірлеу және оны уақытылы жеткізіп отыру, жылы киімдерді тарату секілді міндеттерді мой­нына алған. Сондай-ақ еріктілер құтқарушы мамандардың, әс­кери­лердің уақытылы тамақ­та­нуын да ұйымдастыруға атсалы­сып жатыр.

Әзірлегендер:

Бауыржан БАЗАР, 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ