Ердің атын ел шығарар.
Қиын-қыстау заманда қол ұшын созған батырларға алғыс айту күйлері
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі. Фото: kurmangazy.com
2,387
оқылды

Су тасқыны болып жатқан аласапыран уақытта, елдің бір-біріне көмек көрсетудің құны еселеп артады. Әрқашан да осылай болған. Көрсетілген көмектің алғысы тағы бар. Елдің алғысы сөзбен, жырмен айтылатын. Дегенмен күй тарихында жекелеген адамға алғыс айту күйлері көп кездеседі. Бүгін қазақ күй тарихында ел есінде қалған, танымал күйшілердің атымен тартылатын жекелеген адамдарға алғыс айту күйлерін ұсынбақпыз.

Махамбет. «Жұмыр қылыш»

1838 жылы болса керек. Үзеңгілесі Исатайдан айырылған Махамбет кек алу амалын ойлап, жолға шығады. Барар бағыты – Жайық бойындағы Байбақты елі. Сондағы ойы «тағы да күш жинап, ата жауыма соққы берермін» дейді. Осылайша, ел аралап жүргенде бір ауылға түседі. Ауылда Махамбетті іздеуге салған Баймағамбет сұлтан да қонақтап отыр екен. Бір-бірінің есімін бұрыннан білсе де, алғаш жүзбе-жүз кездесуі екен.

Сәл тосылып қалған Баймағамбет лезде ес жиып, «Махамбетті ұстаңдар!» деп бұйрық береді. Тап бергенде ұстатып, қарап отыратын батыр бар ма? Махамбет те қылышын суырып ұмтылады. Төбелес. Қырғын. Махамбет ұсталды-ау деген мезетте, Байбақтыдан өзімен бірге еріп келе жатқан екі жігіт арашалап, ұстатпай топтан шығарып, аман әкетеді.

Арада аз уақыт өтіп, ес жиған кезде, Махамбет екі досына риза болып күй шығарады. «Батыр, күйдің аты қалай?» деп сұраған жұртқа: «Мына досымның есімі – Садыр, бірақ жұрттың барлығы оны Жұмыр дейді, ал мына досымның есімі – Қылыш. Жаңа күйім осы екі досыма арналған ғой, ендеше күйдің аты «Жұмыр, Қылыш» болсын» деген екен.

Махамбеттің күйі «Жұмыр, Қылыш». Тартатын Қаршыға Ахмедияров.

 

Тәттімбет. «Алшағыр-Шаған»

Ертеде Алтайда Алшағыр және Шаған есімді екі батырдың жайлауы көршілес болса керек. Жыл сайын қыстан шығып, екеуі сол жайлауда кездесіп жүрген екен.

Бір жылы Алшағыр жайлауға келсе, Шаған досы жоқ. Бір апта күтумен өтеді. Екінші апта аяқталғанда Алшағырдың бәйбішесі: «Батыр, біз білетін Шаған болса, мына жайлауға баяғыда-ақ келіп жататын еді. Жаман бірдеңе болып қалған сияқты. Барып, қарап келіңіз», – деп айтады. Бұл сөзге келіскен Алшағыр жанына нөкерлерін алып аттанып кеткен екен.

Бірді-екілі күндік жол жүріп, досы Шағанның қыстағына да жеткен екен. Жақындамай, алыстан бағамдапты. Бәйбішесі сезген екен, досының ауылын қалмақ шауыпты. Еркек кіндіктің барлығын қырып тастап, қатын-қалаш, бала-шағаны құлдық пен күңдікке алып кетуге дайындалып жатыр екен. Досының басы найзаның ұшына қадалып тұр. Ашуға мінген Алшағыр «Аттан!» деп ауылға шаба жөнеледі. Қалмақты түгел қырып, Шағанның досының үй ішін өзімен бірге алып кетіпті. Шағанның жесірі риза болып, көмек берген батырларға алғысын айтқан екен. Бір күйші бұл баянды домбыраға түсірсе керек. Уақыт өте келе Тәттімбет «бұл аңызға мына күй келмейді» деп, өз жанынан жаңа күй шығарыпты. 

Тәттімбеттің күйі «Алшағыр-Шаған». Шертуші Таласбек Әсемқұлов

 

Құрманғазы. «Саранжап»

Бірде күйші Құрманғазы жаламен түрмеге түсіп, ұзақ жылға сотталатындай халде болады. Үкімін Астрахан түрмесінде күтіп жатса керек.

Күндердің бір күнінде жанына бір адамды алып келеді. Түр-сұлбасына қараса нағыз батыр екені көрініп-ақ тұр. Таныса келе батырдың есімі Саранжап екенін біледі. Қалмақтың батыры – Саранжап. Шүйіркелесе тіл табысып, мына жерден қашып шығу амалын қарастырады. Ебін тауып, бір қараңғы түнде түрмеден бой тасалайды.

Екеуі бірнеше күн жүріп бір үйге келеді. Бұл Астраханнан шамамен 50 шақырым жердегі ауыл. Үйге жақындай бере, орта жастағы ер адамды көреді. Үшеуі бірін-біріне қарап тұрып, үй иесі сөз бастайды. «Ассалаумағалейкүм. Құдайы қонақ екенсіздер, төрлетіңіздер», – деп үйге кіргізеді. Шай ішіп, ет желінгеннен кейін үй иесі:

– Қонақтарымызға анау тұрған домбыраны беріп жіберші, – деп әйеліне нұсқайды. – Ағасы, мен сізді танып отырмын. Осыдан бірнеше жыл бұрын пәленбай жерде күй тартқаныңызды көріп таңғалғанмын. Содан бері Құрманғазы күйшіні қайдан іздесем екен деп жүр едім. Құдайдың өзі айдап келіпті маған. Енді осы үйде алаңсыз жата беріңіздер. Бұл біздің үй, есімім – Ерғали болады, –  дейді үй иесі.

Құрманғазы шәкірті Ерғали Есжановпен осылай танысса керек. 

Шамамен у-шу басылғанда, қуғыншылардың ізі көрінбеген соң, әлгі қалмақ батыры Саранжап: «Мен енді үйге қайтайын», – дейді.

Сонда Құрманғазы: «Батырым, сен қалмақ, мен қазақ болсақ та әңгімеміз жарасты. Аталарымыз соғысса да, біз дос болдық. Астраханда түрмеде жалғыз жатқанда өзің келіп, көңілді көтердің. Демеу болдың. Кейін қашып шыққан соң да, бірге қаншама жер жүріп, бір-бірімізге көмектесіп осында келдік. Енді көрісерміз бе, жоқ па кім білсін?.. Мынау саған арналған күйім болсын», – деп күй тартып береді. Ел арасында бұл күй «Саранжап» атанып кетеді.

«Саранжап» күйі. Орындайтын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Айта кетейік, Алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов жеткізген күйлер жайында жазған болатынбыз.