Кейбір аймақтарда профилактикалық жарылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Су тасқыны: Бірлік бар жерде – тірлік бар
ТЖМ-ның баспасөз орталығынан алынды
982
оқылды

Кеше Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 52859 әскери бөлімінің жиынтық құтқару тобы Ақмола облысы Целиноград ауданының Шұбар, Қажымұқан елді мекендерінде су тасқынына қарсы  шаралар жүргізді.  Жиынтық құтқару тобының күшімен үйлерге, көшелер және ауылдарға жақын жерде бөгет құрылыстары салынып жатыр. Профилактикалық жарылыс жұмыстары да басталды. 

Тіпті, Түркістан облысының құтқарушылары мұз кептелісінің алдын алу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы Чистополье ауылының маңындағы Ақанбұлы өзенінде жарылыс жұмысына көмек көрсетті. Мұзды жарудың жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрады.

Ал Атырау облысының құтқарушылары су тасқынымен күресіп қана қоймай, тұрғындарға психологиялық көмек көрсетуде. Әлеуметтік қызметкерлер мен психологтерден құралған топ  эвакуациялық жерлерді аралап, су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғындармен әңгімелесуде. Сөйтіп, психологтер зардап шеккендерді тыңдап, психологиялық көмек беріп жатыр.

БҚО-да алдын ала эвакуация жасалды. Өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қала маңында орналасқан «1 саяжай» және «2 саяжай» бау-бақша серіктестіктеріндегі тұрғын үйлерді су басып қалуы мүмкін.  Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен тұрғындарға бірнеше күн бойы ескерту парақшалары және хабарламалар жүргізілді.  Кейбір тұрғындар эвакуациялық пункттерге немесе туыстарына орналастырылды. 

Ал Петропавлға Қарағанды және Павлодар облыстарының ТЖД топтары келіп, 120-дан астам құтқарушы және 70-ке жуық техникамен қамтамасыз етілді.

Қазір министрліктің негізгі күші өзендердің ағынын реттеу және тасқын суын өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Еліміздегі су қоймаларындағы жағдайға келсек, Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 99%-ға толы, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. 

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасына 99% су жиналған. Әзірге су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Шығыс Қазақстан облысында бес ірі су қоймасы орта есеппен 62%-ға толды, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Осы аптада су тасқынының белсенді кезеңі басталады деп күтілуде.

 

Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 65%-ға толды, олар да штаттық кесте бойынша жұмыс істейді. Өңірде Шаған өзенінің деңгейі әлі де артып, бүгінде Шаған су қоймасына ағын секундына 690 текше метрге жетті. Жайық өзені бойынша су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Ресейдің жедел мәліметтері бойынша, Ириклин су торабынан су жіберу кешегі деңгейде – секундына 1 680 текше метр. Бұл су Қазақстан шекарасына 15-20 күнде жетуі мүмкін, сондықтан су тасқынының алдын алу үшін министрлік пен Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдіктерінің қызметкерлері өзен арналарын мұз қабатынан тазартып, кептелістің алдын алу жұмысын атқарып жатыр. 

Қазір жергілікті жерде министрлік пен облыс әкімдігінің қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, суды қауіпсіз өткізуді реттеуде. Сонымен, барлық объектілерде тәулік бойы кезекшілік және су айдындарындағы ахуалға сағат сайын мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, халықты ауызсумен қамтамасыз ету, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін жерасты суларын пайдалану жоспарланып отыр. Сондай-ақ су қорын іздеу-барлау мен мемлекеттік мониторинг жүзеге асырылады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева хабарлады.