Жапонияға бағыт алған ұшақтан ауа компрессорының бөлшегінде жасырылған 146 келі алтын табылды. Бұл ірі алтын контрабандасы деп бағалануда.
Компрессорда жасырылған құны 10 миллион доллар болатын алтын тәркіленді
Құны 10 миллион доллар болатын 146 кг алтын тәркіленді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: kevinjeon00
4,372
оқылды

Ұшақтың жүк бөлігінде жасырылған алтын туралы cnbc.com сайты хабарлады. Сайттағы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz шекарадан алтынды жасырын кім өткізбекші болғанын, оның себебін түсіндіреді.

Контрабандалық алтын осы екі компрессордың бөлшектері түрінде жасырылған. Фото customs.gov.hk сайтынан алынды

Кеден арқылы жасырын өткізбекші болған қомақты алтын құймаларын Гонконгтың кеден қызметі 27 наурызда тәркілеген. Нарықтық бағасы 10,7 миллион доллар болатын бағалы металл  Жапонияға жөнелтілетін бөлшектер түрінде жасырылған.

Қала билігінің дүйсенбі күнгі (8 сәуір) мәлімдемесіне сәйкес, 146 келі алтын екі ауа компрессорының бөліктері түрінде жасырылған.

Шенеуніктер ұсынған фотосуреттер алтынның бұрандалы және цилиндрлік пішінге ие болғанын және олардың бояу қабатының астында таза алтын құймалар екенін көрсетеді. Бөлшектердің бетіндегі сызаттар астында сары алтын анық көрінеді.

Боялған бөлшектердің астында таза алтын құймалары көрінеді. Фото customs.gov.hk сайтынан алынды

Гонконг кедені тергеу нәтижесінде 3 сәуірде осы іске қатысты 31 жастағы ер адамды ұстаған. Ұсталған азамат кепілмен босатылып, тергеу жалғасуда. Гонконг заңы бойынша контрабандалық жүкті тасымалдауға кінәлі деп танылған адам 2 миллион долларға дейін айыппұл төлеп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Кеден қызметкері дүйсенбі күні жергілікті тілшілерге мұндай көлік бөлшектері сияқты құйылып жасырылған алтынның алғаш рет табылғанын айтқан.

Шенеунік контрабанда операциясының мақсаты Жапониядағы 10% импорттық баж салығын төлеуден жалтару екенін және операция сәтті болған жағдайда 1 миллион доллар үнемдеуге болатынын мәлімдеген.

Контрабанда алтынмен ғана емес, валютамен де жасалады. Төмендегі видеода елінен қашқан шенеуніктің валюта контрабандасы күлкілі жағдайда көрсетіледі:

Әлемдегі ең ірі алтын сауда орталықтарының бірі саналатын Гонконг ақпан айында алтын құймаларын қаладан заңсыз алып өтпек болған тағы екі күдіктіні ұстаған.

Екі жағдайда да контрабандалық алтын Макаоға баратын көліктерден табылған. Контрабанданың құны 1 миллион доллардан асады.

Бағалы металдың бағасы геосаяси белгісіздік жағдайында 2024 жылы рекордтық деңгейге жетті. Тауардың спот бағасы дүйсенбіде (8 сәуір) АҚШ-та ең жоғары деңгейде, 2 340 доллардан жоғары бекітілген.