Жаңа статистикалық мәліметтерге сәйкес, Apple компаниясының iPhone сатылымдары бірінші тоқсанда шамамен 10%-ға қысқарған. Аңыз смартфондарды сатып алу неге азайған?
Қытай технологиялық компанияларының табысты болуының себебін білесіз бе?
Жоғары сапа мен арзан бағаның арасалмағын дәл анықтау. Фото primelog.ru сайтынан алынды
2,234
оқылды

Apple компаниясының қиындықтар биыл күшейе түсетінін businessinsider.com сайты жазды. Бұл сайттағы хабарламаға сілтеме жасаған Aikyn.kz смартфондардың жаһандық сатылымындағы өзгерістерді түсіндіреді.

Apple-дің негізгі нарығы Қытайда iPhone сатылымы төмендеді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: VisionChina

Жаһандық смартфон нарығында сатылым 7,8%-ға өскен, өйткені қытайлық смартфон өндірушілерінің құрылғыларына сұраныс артқан. Дүйсенбіде (15 сәуір) International Data Corporation зерттеу фирмасы жариялаған есеп бойынша, Оңтүстік Кореяның Samsung компаниясы 2024 жылдың бірінші тоқсанда америкалық әріптесінен 10 миллион бірлікке артық смартфон сатқан. Енді Samsung 2023 жылдың соңғы үш айында жоғалтқан бірінші орынына қайта шықты.

Америкалық алпауыттың өнімдерінің сатылымы 9,6% төмендеп, Apple-дің биылғы қиындықтарын күшейтіп жібергендей.

iPhone жеткізілімдерін бүкіл технологиялық сарапшылар мен әлем қаржыгерлері мұқият бақылайды. Өйткені смартфондар компанияның сатылымының негізгі бөлігін құрайды. Компанияның соңғы тоқсандық есебіне сәйкес, 31 желтоқсанда аяқталған 2023 жылдың төртінші тоқсанында компания 69,7 миллиард долларға iPhone телефондарын сатқан. Компанияның екінші  табыс көзі – қызмет көрсетуден 23,1 миллиард доллар табыс алынған.

Apple-дің биылғы қиындықтары көп болатын сияқты. Фото appleinsider.ru сайтынан алынды

Apple осы жылы көптеген қиындықтарға тап болды. Оның себебі мынада. Компанияның негізгі нарығы Қытайда iPhone сатылымы төмендеді. Apple шығындарын азайту үшін қымбат тұратын, ондаған жылдарға созылған электр көлігі жобасынан бас тартты. Оның үстіне басқа ірі технологиялық компаниялар сияқты жақында Apple-дің үстінен АҚШ әділет министрлігі монополияға қарсы сот ісін қозғады.

Смартфондардың жаһандық сатылымдары соңғы 9 айы бойы өсімді көрсетуде, бұл 7,8%-дық жылдық өсімді білдіреді. Өткен жылы жыл сайынғы сатылымдар 8,1%-ға өскен. Бұл сұраныс пен инфляцияның әлсіздігі салдарынан 2013 жылғы деңгейден де төмен түскен 2022 жылмен салыстырғандағы өсім.

Смартфон нарығындағы негізгі 5 ойыншының арасында үздіктер тобы өзгеруі мүмкін. Соңғы жылдардағы әлем экономикасындағы қиындықтардан кейін технологиялық компаниялар өздерінің стратегияларын жаңарта бастады.

Сарапшылардың пікірінше, Apple мен Samsung екеуі де бірінші тоқсанда теріс өсім көрсеткен, дегенмен, корейлік компанияның өткен тоқсандармен салыстырғандағы позициясы күштірек болғанға ұқсайды. 

Бұл жерде бір тенденцияға назар аударғымыз келеді. Apple мен Samsung-тың сатылымдары жыл санап төмендеп келеді. Ал қытайлық Xiaomi және Transsion өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда сәйкесінше шамамен 34% және 85% өскен. Олар жоғары сапа мен арзан бағаның арасындағы арасалмақты дәл анықтағандай. 

Жаңа технологиялық заманда 1,5 млрд халқы бар алпауыт елдің көшбасшы болуға әлеуеті де жоғары. Ағылшын экономисі Джон Кейнс айтқандай, «жоғары сұраныс көп ұсыныс» туғызады. Сонымен бірге, әлемдік бәсекеде жеңіске жету үшін Қытай мемлекетінің технологиялық компанияларды жасырын қолдауын да жоққа шығара алмаймыз.