Айтуынша, екеуі тағы да татуласуға қадам жасапты.
Бишімбаевпен қатар тұрғым келмейді: бұрынғы әйелін соққыға жыққан ер адам мәлімдеме жасады
1,236
оқылды

Алматыдағы «Life Town» тұрғын үй кешенінің жанында Александр Ким Салтанат есімді бұрынғы әйелінің телефонын сындырып, оны қатты соққыға жыққан. Бүгін ол ақталып, видео жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Мен Александр Ким, бұрынғы әйелім Салтанат екеуміздің арамызда болған жанжалға байланысты видео түсіріп отырмын. Мен біріншіден , оның әке-шешесінен және туыстарынан кешірім сұраймын. Менің әрекетім ақтауға келмейді. Мен Салтанатқа қол көтермеуім керек еді. Бірақ оқиғаның қалай болғанын айтып бергім келеді. Біз 11 жыл бойы бірге тату-тәтті өмір сүрдік, бір-бірімізді жақсы көрдік. Бірге саяхаттадық, туған күндерімізді тойладық, бірге мүлік алдық. Ол 4 баланы дүниеге әкелді. Басқа отбасылар сияқты біз де  ұрсысып, татуласып жүрдік. Сондай жанжалдардың бірі ажырасуға әкелді. Бірақ біздің бір-бірімізге деген сезіміміз өшкен жоқ», – деді Ким.

Ким 2024 жылғы 3 сәуірде Тараздан Алматыға Салтанатпен кездесуге барған. Айтуынша, екеуі тағы да татуласуға қадам жасапты.

«Бәрі жақсы өтті. Подьезге кірер кезде мен оның телефонын сұрадым.  Салтанат пен балалардың суретін көргім келді. Мен оның телефонынан белгісіз бір ер адаммен бірге тұрған суретін көрдім. Мүмкін қызғанған шығармын. Мен оның телефонын жерге ұрып, шағып тастадым. Видеода мен Салтанатты қатты жұдырықпен ұрып құлатқандай көрінер, бірақ мен тек қолымды қатты сілтеп жіберген едім. Мен оны қатты ұрған жоқпын. Маған сеніңіздер демеймін, бірақ мені тыңдауларыңызды өтінемін. Мен оны тіпті итермеуім де керек еді. Бірақ эмоцияға берілдім», – деп ақталды ер адам.

Ол телефондағы сурет үшін бұрынғы әйелін ұрғанын мойындаған. Содан кейін ол Таразға кетіп қалған.

«Салтанаттың полицияға арыз жазғанын видео жарияланғаннан кейін білдім. Оның бетінде сырылған, жырылған жер жоқ, көгерген із жоқ. Оқиға 4 сәуірде кешкі уақытта болды, ал ол экспертизадан 5 сәуірде сағат 11.00 шамасында өткен. Мен әділ жаза алуға дайынмын. Бишімбаевтың сот процессі кезінде, Бишімбаев сияқты қоғамның ауыр жазасын алғым келмейді. Мен бұрынғы әйелімнің әрекетін түсінбеймін. Сол оқиғадан кейін оның әлеуметтік желідегі оқырмандары көбейген», – деді Ким.

Салтанаттың соққыға жығылған видеосын таратқан қоғам белсендісі Жанна Ахметова әйелдің бұрынғы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп, әрең қашып құтылғанын жазған еді.

«Тағы бір Салтанатты құтқару керек. Бұл әйелдің аты шынымен Салтанат. Монстрмен 11 жыл некеде болған ол ажыраспақ болған. Балаларын алып Тараздан Алматыға әрең қашып келген. Алайда, күйеуі ізіне түскен, оны күштеп қайтадан Таразға алып кетпекші. Әлеуметік желідегі парақшасында Биыл 1 сәуір күні «Life Town» тұрғын үй кешенінің жанында күйеуі Салтанаттың телефонын сындырып, есік алдында оны аяусыз соққыға жықты», – деді Жанна Ахметова әлеуметтік парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, қазір экс-министр Қуандық Бишімбаев өзінің азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауда отыр. 27 наурыздан бері Жоғарғы соттың тікелей эфирінде өтіп жатқан оның соты бүкіл елдің назарында.