Ақмолалық дәрігерлер төтенше жағдай режимінде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданында санавиацияның көмегімен егіз баланы аман-есен босандырып алды.
Тайынша ауданында егіз нәресте дүниеге келді
1,795
оқылды

Ақмолалық дәрігерлер төтенше жағдай режимінде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданында санавиацияның көмегімен егіз баланы аман-есен босандырып алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Бұл екі облыстың денсаулық сақтау басқармалары арасындағы төтенше жағдай кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету жөніндегі келісім арқасында мүмкін болыпты. 14 сәуір күні Көкшетау қаласының санитарлық авицация дәрігерлері Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданына барып жедел көмекке жеткен. Санитарлық авиация желісіне шұғыл шақырту жүктілік мерзімі 28 апта болған әйелге кесарь тілігін шұғыл арада жасау қажеттігіне байланысты болған. 

«Әйел екі бірдей нәрестені дүниеге әкелді. Ұл баланың салмағы 930, ал қыз баланың салмағы 900 грамм болып туды. Екі сәбидің де тыныс алуында және уақытынан бұрын туғандықтан жағдайы ауыр болды. Дәрігер-неонатолог Татьяна Шафигина мен мейірбике Марина Черепашкова оқиға орнына жедел түрде жетті. Ұл баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін ол Көкшетау қаласының көпбейінді облыстық ауруханасының Көкшетау қалалық перзентхана орталығына жеткізілді. Қыз бала емді жалғастыру үшін Тайынша ауданының орталық аруханасында қалдырылды. Оған облыс дәрігерлері тәуліктің 24 сағатында кеңес беру мүмкіндігімен білікті көмек көрсетуде», – деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы