Жыл санап Сыр өңірінде заманауи ғимараттар бой түзеп, құрылыс саласы қарыштап дамып жатыр. Әсіресе, Қызылорда қаласының сол жағалауы күннен-күнге көркейіп келеді.
Жолаушылар тасымалы жұмысы жүйеленді
910
оқылды

Бұған дейін облыс орталығында ауданаралық, қалааралық жолау­шылар көлігіне қатысты шешімін күткен мәселелер аз емес еді. Соның ішінде жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін автобекет жайы көпті толғандыратын. 

Бұған дейін қаладағы ескі авто­бекеттің талапқа сай болмауынан ауданаралық және қалааралық авто­бустар ашық аспан астында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Жолаушылар тасымалы бір ғимаратқа зәру бол­ғаны­мен, бұл келеңсіздікті жедел шешу мүмкін болмады. 

Көп жылдан бері шешімін таппай келген бұл мәселенің түйіні биыл ғана тарқатылды. Игілікті бастамаға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұйыт­қы болды. Қызылорда қаласы­ның сол жағалауынан жаңа автобекет ғимаратын салуға дереу шешім қа­был­данып, көпшіліктің үзілген үміті қайта жалғанды. Жаңа автобекет халықтың талап-тілегі мен сұра­ны­сына сай сол жағалаудан бюджет қар­жысы есебінен 975 млн теңгеге заманауи үлгіде бой түзеді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика сала­сы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыда автобус­тармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Соған сәйкес, жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында былтыр жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданды. Осылайша, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толық­ты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан әсем ғимараттан алыс жолға  аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын!  Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын! Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыс­тың алтын көпірі болсын!», – деді автобекет ғимаратының ашылу рәсі­мінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге негізделген жаңа ғимаратта жүргізушілерге, мүгедектігі бар аза­мат­тарға барлық жағдай қарас­тырыл­ған. Жолаушылар автовокзал­дан халықаралық және түрлі бағыт­тағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады. 

Сол жағалауда бой түзеген жаңа автобекет ғимараты жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, әсем келбетімен қала көркін айшық­тай түсті. Тұрғылықты халықтың да көптен күткен тілегі қабыл болып, зор ризашылығын білдіруде. «Қала­дағы автобекет ғимаратын салу көп жылдан бері шешімін күткен мәселе еді. Заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимарат көпті қуанышқа бөледі. Енді ауданаралық, қалааралық сапарға шыққан жолаушылар жайлы қызмет алатын болды. Бұрынғыдай аптапты ыстық пен аязды күндері ашық аспан астында әбіржіп тұр­маймыз. Осы орайда халықтың та­лап-тілегін ескеріп, елдің жайын ой­лаған аймақ басшысына көпшілік­тің алғысы шексіз. Күн санап көр­кейіп жатқан қаламыздың тағы бір көрікті ғимаратпен толығып жатқа­нына қуаныштымыз», – деп риза­шылығын білдірді қала тұрғыны Са­пар Әли.

Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде барлық сала бойынша ілгерілеу байқалады. Соның ішінде жолаушылар тасымалы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, аймақта автопаркті жаңарту ісі басымдыққа ие. Атап айт­қанда, Қызылорда қаласындағы қо­ғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі берілген. Бұдан өзге, орманшыларға 95 техника, вете­ринария саласының мамандарына – 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағ­дайлар қызметіне 17 арнайы техника  алынды. Сол сияқты «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының же­ңім­паздарына күнделікті ел тұрмы­сына ең қажетті деген заманауи үл­гідегі 29 арнайы техника берілді. Осы орайда айта кету керек, биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі ден­саулық сақтау ұйымдарына 200 сани­тарлық автокөлік сатып алынбақ. 

Сонымен қатар қала тұрғын­дары­на арзан бағамен  қызмет көр­сететін 100 экотакси 1 млрд теңгеге алынған. Электр қуатымен жүретін бұл көлік­тер ортақ желі арқылы жұмыс істейді. Ең бастысы, жолау­шыларды діттеген жеріне сенімді әрі қауіпсіз жеткізеді.

Өңірде атқарылған өрелі істер мұ­нымен шектелмейді.  Биыл «Қазақ­стан темір жолы» компа­ния­сының және жергілікті кәсіпкер­лердің демеушілігімен 600 млн теңгеге жуық қаржыға тоғыз жолдың торабындағы бас қақпа – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізілді. Бүгінде вокзал аумағы абаттан­дырылып, жаңадан жарық шамдар орнатылған. Сондай-ақ жуырда «Қызылорда – Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 заманауи вагон алынып, толығымен жаңа­ланды.

Сыр халқы асыға күткен әуе­жай­дың жаңа терминалының құры­лысы да аяқталуға жақын. Терминал құры­лысы «Болат Өтемұратов» қоры­ның қолдауымен 17 млрд теңгеге жуық қар­жыға халықаралық талап­тарға сай етіп салынып жатыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы