Адамнан ақылды машиналар қашан пайда болады деген сұраққа технологиялық саланың сарапшылары әртүрлі датаны айтады. Олардың арасында ірі сомаға бәс тіккендер де бар.
Илон Маскпен бәстесіп 10 миллион доллар ұтып алуға болады
ЖИ екі-үш жыл ішінде «білімді адамның» деңгейіне ғана жетеді. Фото newochem.ru сайтынан алынды.
2,501
оқылды

Іскерлік әлеміндегі беделді Financial Times жетекші техно компаниялардың басшыларының адамнан ақылды жасанды интеллект жүйелері туралы пікірлерін жариялады. Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып, танымал инженерлер мен зерттеушілердің болжамын талдайды.

Адамның бақылауынсыз қалған роботтар қандай іс-әрекеттерге баратыны белгісіз. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Andriy Onufriyenko

Өткен жылдардағы жасанды интеллект жүйелерінің жетістіктері интеллектуалды тапсырмаларды адамдардан да толық, жылдам орындайтын машиналар жақын жылдары пайда болады деген үмітті күшейтті.

Қарапайым тұтынушыдан бастап ғылыми орталықтардың мамандары да адамнан ақылды машиналардың қабілеттерін сынап көруді, адамның бақылауынсыз қалған роботтар қандай іс-әрекеттерге баратынын білгісі келеді. Бұл жерде қызығушылық та, үрей мен қорқыныш та бар.

Жасанды интеллект жүйелері жылдам жетіліп келуде, миллиардтаған қаржылық ағындар Кремний алқабындағы компаниялардың алдынан моральдық кедергілерді мүлдем сыдырып тастағандай. Бірақ ұстамды ЖИ зерттеушілері адамнан ақылды машиналардың дәуірі адамзат үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ұдайы ескертуде. 

Сонымен адамнан ақылды машиналар қашан пайда болады?

Адамнан ақылды машина келесі жылдың аяғында жасалуы мүмкін. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Gremlin

Жасанды интеллектке көп уақыты мен күш-жігерін арнайтын Tesla және SpaceX компанияларының қожайыны миллиардер Илон Маск өткен аптаның дүйсенбісінде (8 сәуір) Жалпы жасанды интеллект (ЖЖИ – адамнан ақылды машина) келесі жылдың аяғында жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ оның ойынша, ЖЖИ-ді 2025 жылдың соңына дейін жасау үшін екі шарт орындалуы керек: бірінші, электр энергиясының тапшылығы болмауы; екінші, графикалық процессорлар мен чиптер жеткілікті болуы. Сонда ғана Масктің ойынша, адам интеллектінен асып түсетін машина өмірге келеді.

Маск осы екі шартты жиі қайталайды, өйткені ЖИ жүйелері үшін электр қуаты оның басты азығы, тамағы, ал графикалық процессор мен чиптер оның миы екенін ол жақсы түсінеді. Ал ЖИ жүйелеріне өте көп энергия мен өте сапалы жабдықтар керек.

Сонымен Илон Масктің жасанды интеллект 2025 жылға қарай адамдарды басып озады деген болжамымен OpenAI, Google және Meta сияқты жасанды интеллект жүйелерінен бөлек дамытып жатқан бәсекелестері қолдамай отыр. Жасанды интеллект индустриясындағы басқа жетекші мамандар бұндай жылдам серпіліске күмәнмен қарайды.

Маркус 2025 жылдың соңына қарай адамнан ақылды ЖИ болмайтынына 10 миллион долларға бәс тіккен. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Image Source

Meta компаниясының жасанды интеллект бойынша бас ғалымы Янн Лекун болса ЖЖИ-ді жасау үшін ондаған жылдар керек дейді. Оның ойынша, ЖИ үлгілерін үйрету мысықты үйретуден де қиын.

Бұл саланың көрнекті қайраткері, Anthropic-тің негізін қалаушы Дарио Амодей ЖИ екі-үш жыл ішінде тек «білімді адамның» деңгейіне ғана жетеді деп болжайды. Ол ЖИ қашан адам мүмкіндіктерінен асып түсетінін болжаудан бас тартқан. Google DeepMind негізін қалаушы Демис Хассабис жақында ЖЖИ-ге 2030 жылға қарай қол жеткізуге болатынын айтқан.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман ЖЖИ үшін нақты мерзімді айтудан үнемі бас тартады. ЖИ бір ғана емес бірнеше сала бойынша адамдардан қашан асып түсетінін бағалауды сұрағанда Альтман: «Мен бұл үшін нақты уақыт кестесін қалай қою керектігін немесе ЖЖИ деген не екенін білмеймін», – деп жауап берген. Дегенмен құрылғанына 8 жыл ғана болған ChatGPT-ді жасаған OpenAI-дің бағасы қазір 80 миллиард доллардан асқан. Бұл ЖИ болашағына деген инвесторлардың сенімін білдіреді.

Альтманның ЖЖИ-ді бағалауды білмеймін деген сөздерінің астарында да миллиардтаған долларға бағаланатын түйін жатыр. Өйткені OpenAI-дің ең ірі демеушісі Microsoft корпорациясы екенін белгілі. Келісім бойынша екі компания арасындағы коммерциялық қарым-қатынас машиналар ЖЖИ деңгейіне жеткенде тоқтатылуы тиіс. Бұл OpenAI үшін Microsoft-тан келетін миллиардтаған доллар ағыны да тоқтайды дегенді білдіреді. Сондықтан Сэм Альтман үшін ЖЖИ-дің не екенін «ұзақ уақыт білмеген» қаржылық жағынан өте тиімді. 

ЖЖИ жасау үшін неге бәсеке өте жоғары болуда? Өйткені оны бірінші болып шығаратын компанияға атақтан бұрын қаржылық табыс маңыздырақ. Олардың басты мақсаты – триллиондаған доллар табыс әкелетін технологияға иелік ету, сол арқылы әлемдік технологиялық билікке қол жеткізу. 

Осындай ЖЖИ дайындау жарысы қызып жатқанда осы саланың жетекші қайраткерлері оның қашан және қалай келетініне бәс тігуде. Солардың ішінде Маск Кремний алқабындағы ең үлкен оптимист болып саналады. Масктің болжамы бойынша 2030 жылға дейін ЖИ мүмкіндіктері бүкіл адамзаттың біріккен ақыл-ойы мен мүмкіндіктерінен де жоғары болмақшы. Бұл адамның қабілетінен де жоғары мүмкіндіктері бар ЖЖИ емес, суперинтеллект болмақшы. 

Кейбір сарапшылар Масктің болжамына мүлдем күмәнмен қарайды. 2016 жылы өзінің жасанды интеллект стартапын Uber-ге сатқан ғалым Гэри Маркус өткен аптада Маскпен бәстесіп, «2025 жылдың соңына қарай адамнан ақылды жасанды интеллект болмайтынына» 10 миллион долларға бәс тіккен. Маркус бұрын ЖЖИ-ге адамзат «осы ғасырдың соңына» қарай ғана қол жеткізетінін жазған болатын. 10 млн доллар кімге бұйыратынын келесі жылдың соңында білеміз. Масктің тәуекелшіл адам екенін әлем жұртшылығы жақсы біледі. Сіздің де Маскпен осылайша бәстесуіңізге болады.