Компания басшысы қысқартылатын қызметкерлерге жұмыстан шығарылатыны туралы жеке жазба жолдаған. Осының бәрі заңды ма?
Қызметкерлерінің 10%-ын жұмыстан шығарып жіберген. Сіз ол басшыны білесіз
Бас директор қысқарту болатынын жариялады. Фото cosmopolitan.com сайтынан алынды
3,203
оқылды

Нарықтың заңына сәйкес қиындыққа тап болған компания еңбек келісімшарты бойынша қызметкерлерді қысқартуға құқы бар. Осындай бір жағдай туралы businessinsider.com сайты мақала жариялады. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz қысқартудың себептерін талдайды.

Tesla соңғы жылдары тым жылдам өскен, тиімділігі төмендеген. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Reza Estakhrian

Жексенбіде (14 сәуір) Илон Маск Tesla қызметкерлерінің 10%-дан астамына жұмыстан шығарылатыны туралы хабарлама таратқан. Хабарлама Тынық мұхит уақыты бойынша түн ортасында жіберілген. Бұл қысқарту электр көлігін шығару бойынша әлемдегі жетекші компанияның бірі саналатын Tesla-ның қиын кезеңдерді бастан кешіріп отырғанын көрсетеді. Tesla-ның бас директоры электромобиль өндіруші соңғы жылдары тым жылдам өскендіктен, тиімділігін төмендетіп алғанын айтады.

Оның ойынша, қысқартулар компанияның «үнемшіл және инновациялық болуына, өсудің келесі кезеңіне» аяқ басуына көмектеседі.

«Осы сәттен бастап сізге қосымша жұмыс істеудің қажеті жоқ». Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Onurdongel

Жексенбі күні кешке жұмыстан босатылатын жұмысшылар өздерінің жеке пошталарына олардың лауазымдарының жойылғаны туралы электрондық хат алған.

«Осы сәттен бастап сізге қосымша жұмыс істеудің қажеті жоқ, сондықтан сіз Tesla жүйелеріне және физикалық орындарға қол жеткізе алмайсыз», – делінген электрондық хатта.

Жұмыс орындарын қысқарту туралы жаңалықтардан кейін Tesla акцияларының бағасы дүйсенбіде (15 сәуір) 1,2%-ға төмендеді.

Демалыс күндері Tesla жұмысшылары жұмыстан босатулар болуы мүмкін екенін білген, өйткені компанияда қысқаратын адамдардың тізімі жасалуда деген қауесет тараған. Бұған дейін ақпан айында Tesla менеджерлерге компаниядағы қандай лауазымдар бизнес үшін маңызды екенін анықтауды тапсыра бастаған.

Кәсіподақ: «Tesla кейбір қызметкерлерін жұмыстан заңсыз шығарған». Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Sefa Ozel

Бұл 2023 жылдың ақпанында Нью-Йорк штатындағы Буффалодағы Tesla зауытында кейбір қызметкерлерді жұмыстан шығарғаннан бергі компаниядағы алғашқы ауқымды қысқарту болып тұр.

Сол кездің өзінде Workers United ұлттық кәсіподағы Ұлттық еңбек қатынастары бойынша кеңеске шағымданып, Tesla кейбір қызметкерлерін жұмыстан заңсыз шығарғанын жазған. Tesla мұны жоққа шығарып, қызметкерлердің жұмысының нашарлығына байланысты жұмыстан босатылғанын мәлімдеген.

Біздің ойымызша, жұмыс орындарының ауқымды қысқартылуы қытайлық арзан электр көліктерімен бәсекеде Tesla-ның көліктеріне сұраныстың азаюымен, жыл басынан бері акцияларының 31% -дан астам төмендеуімен байланысты. Компания келесі кіріс есебін 23 сәуірде жариялайды деп күтілуде.

Илон Маск: «Tesla-дан кеткендердің барлығына алғыс айтқым келеді. Қоштасу өте қиын». Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторлығы: Pool

Масктің хатының толық мазмұны мынандай:

Осы жылдар ішінде біз әлем бойынша көптеген зауыт ашып, қарқынды дамып келеміз. Осындай жылдам өсумен қатар белгілі бір салаларда рөлдер мен лауазымдық функциялардың қайталануы болды. Өсудің келесі кезеңіне дайындалу кезінде шығындарды азайту және өнімділікті арттыру үшін компания қызметінің әрбір аспектісін қарастыру өте маңызды.

Осы күш-жігердің бір бөлігі ретінде біз ұйымды мұқият тексеріп, бүкіл әлем бойынша жұмыс күшімізді 10%-дан астам қысқарту туралы қиын шешім қабылдадық. Мен қызметкерлерді қысқартудан артық жек көретін ештеңе жоқ, бірақ мұны істеу керек. Бұл бізге үнемді, жаңашыл және өсудің келесі кезеңіне дайын болуға мүмкіндік береді.

Tesla-дан кеткендердің барлығына осы жылдардағы қажырлы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Біздің миссиямызға қосқан үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін және болашақта бар жақсылықты тілеймін. Қоштасу өте қиын.

Қалғандарға алдағы қиын жұмыстар үшін алдын ала алғысымды білдіремін. Біз автомобиль, энергетика және жасанды интеллект саласындағы ең революциялық технологияларды дамытамыз. Компанияны өсудің келесі кезеңіне дайындау барысында сіздің батылдығыңыз біздің жетістік үшін үлкен маңызға ие болады.

Рақмет сізге, Илон.

Міне, осындай қысқартуды шынайы әрі қарапайым түсіндірген жолдау осы. Илон Масктің қызметкерлерге жолдаған жазбасы бизнес мәдениеттің үлгісі ретінде қазақ менеджерлеріне де танымды әрі пайдалы болады деп ойлаймыз.