16 мыңнан астам эвакуацияланған қазақстандық үй-жайына оралды.
Су тасқыны: елдегі қазіргі ахуал
893
оқылды

«Қазавтожол» мәліметтері бойынша, бүгінгі күні күннің жылып, қардың еруінен Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы ұзындығы 7 575 метр болатын сегіз учаскеде, яғни халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды су басқан. Салдарынан жалпы ұзындығы 411 шақырым жер, яки Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңызы бар 11 автожол учаскелерінде жол жабылған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Азаматтық қорғау қызметтері 116 949 адамды, оның ішінде 40 781 баланы құтқарған. 112 539 мал басы қауіпсіз жерге көшірілді. 16 мың адам үйіне оралды.

Еліміз бойынша барлығы 9,8 млн м3 астам еріген қар суы сорылып, 2,9 млн астам қапшық пен 1,4 млн тонна инертті материал төселді. 3 709 тұрғын үй мен 2475 аула аумағынан су бұрылды.

Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақтағы Тауыш ауылынан еріген судан 106 адам, оның ішінде жеті бала құтқарылды. Қазір олар Жангелді ауданының Торғай ауылына жеткізілді. Кейбірі ағайын-туғанының үйіне барды.

Петропавлда Есілдегі су деңгейі аздап түсіп, елдің алаңдаушылығын басқандай болды. Судың көтерілуі де баяулай бастады. Бір тәуліктің ішінде су деңгейі небәрі 8 см-ге, яғни 1 метр 349 см-ден 1 357 см-ге жеткен. Су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын Шал ақын ауданы Ұзынжар ауылына тұрақтауға мүмкіндік жасап қойған. Мұнда мектеп және мектеп жасына дейінгі балалары бар отбасылар тұра алады. Негізі ауыл аудан орталығынан 42 км қашықтықта, республикалық маңызы бар трассада маңында орналасқан.

«Қазгидромет» РМК гидрологиялық мониторингінің деректеріне сәйкес, Атырау облысындағы Жайық өзенінің су деңгейі 8-9 сантиметрге көтерілді. Су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде.

«17 сәуірде Ирикла су қоймасынан ағын көлемі 436 м3 /с жетті, су жіберу көлемі 345 м3/с», – делінген хабарламада.

Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданындағы 15 отбасы бүлінген мүліктеріне өтемақы алып үлгерді. Оларға 14,6 млн теңге өтемақы төленді. Материалдық шығынды есептейтін комиссияға Әйтеке би ауданының 122 тұрғынынан өтініш түсіп, оның 42 үйі техникалық байқаудан өткізіліп, 35 үйге баға берілген.