Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыстық Білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды.
Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы өтті
822
оқылды

Форумға Қарағанды облысы мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, ЖОО профессор-оқытушылары, мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сынып мұғалімдері, қосымша білім беру ұйымдарының қазақ тілі мұғалімдері, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, тіл жанашырлары, қоғам белсенділері мен журналистер, блогерлер, жалпы саны 500-ге жуық адам қатысты.

Форумды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыстық Білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы ұйымдастырылады. Алғашқы форум Қарағанды облысы мұғалімдері мен білім саласы мамандары арасында өткізіліп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң – қауымдастық құрылды. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мазмұн қорын көбейту, тілдің заманауи тартымдылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар мен жобаларды таныстырды. Ал Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы өз баяндамасында оқулық сапасы мен мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру тақырыбында өзекті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын айтты. BMG UpSkill компаниясының директоры Әсел Мұхаметжанова бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру, Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығының директоры Игенова Алмагүл Ақмашқызы тіл үйретудегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB басқармасының басшысы Ысқақова Жазира Мақсұтқызы қазақ тілін оқытудағы IT-жобалар туралы айтты.

 Жиында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін арттыру, қазақтілді оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

Әр мұғалімге сыныпта қолданылатын әдістемелер мен нақты құралдар ұсынылды.