Биылғы көктем елге оңай тимей тұр. Қызыл судан келген қиындық Батыстағы ағайынды да айналып өтпеді.
Әлеуметтік көмек көлемі артты
568
оқылды

Бүгінгі күні қала маңындағы саяжайлардағы 2 994 үйді су басты. Төтеншеліктер 13 732 адамды эвакуациялады. Оның ішінде  5 703 -і – бала-шаға. Бұлардың ішінде 19 адам мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қазір өңірде  2 300 адам эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Қазір аймақта судан зардап шеккен ағайынға бір жолғы әлеуметтік төлемдерді төлеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, комиссия келтірілген шығынды есептеу үстінде.  

БҚО Төтенше жағдайлар депар­таментінің ақпараты бойынша, Жайық өзенін жағалай орна­ласқан Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарында 84 елді мекен болса, бүгінде осы елді-мекенді су басу қаупі бар. Өңірде ахуал әлі де күрделі болып отыр. Қазір төтеншеліктер тәу­лік бойына тынымсыз саяжай тұрғын­дарын қауіпсіз жерге көшірумен айналысып жатыр. 

Облыс орталығы мен үш шағынау­дандарында да су басу қаупі төнген. Су тасу қаупі бар Зачаганск, Круглозер­ный, Желаев ауылдарында өзен жа­ғалау­ларын бекіту жұмыстары қар­қында жүргізілуде.

Жалпы, көктемгі су тасқынының алдын алу мақ­сатында облыс аума­ғында 56,1 шақырым уақытша валдар соғылып, 60 мыңға жуық топырақ тол­тырылған қаптар салынған. Жал­пы, су тасқынына қарсы жұмыстарға 6 478 адам жұмылдырылған.

Тасқынға тосқауыл болу жұмысына техникадан бөлек, адам күші де көптеп тартылуда. Адам күші қо­ғам­дық тәр­тіпті қамтамасыз ету,  қауіпті ай­мақ­тарда қалған тұрғындарды эвакуа­циялау, құтқару жұмыс­тарын жүргізу, медико-психологиялық көмек көрсету және жағаларды биіктету жұмыстарына тартылған. 

– Қазір Орал маңындағы Комитерн, Курени, Исатай-Махамбет көшесінің бойы, Жеңіс алаңы, Жас натуралистер стансасы, Круглоозерный, Серебряков  елді мекендері мен Елизаров және Яик­ская көшелерінің қиылысы қауіпті ай­мақ саналады. Адам күші негізінен осы жерлерге шоғырландырылды. Одан бө­лек, құм толы қап дайындау пункте­рін­­де де жұмыс қайнап жатыр. Су Орал­ға қатты келіп жатыр. Біз барлық сцена­риге дайын болуымз керек, – деді Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов. 

Бұл жұмыстарға негізінен ТЖМ қызметкерлері, полиция қызмет­керлері және әскери қызметкерлер тар­тылған. Қиын сәтте өңірге Қы­зылорла,  Қостанай, Маңғыстау, Түр­кістан, Ақтөбе, Қарағанды облысы­нан және Шымкент, Астана, Алматы қала­ларындағы төтеншеліктер мен әскери бөлім сарбаздары келіп, көмек қолын созуда. Сондай-ақ волонтерлер да қол­ғабыс қылып жүр. Жалпы, БҚО-на өзге өңірлерден 800-ге жуық техника келген. Қазір бұлардың бәрі қауіпті аумақтарға қойылып жұмыстар жүріп жатыр. 

– Су тасқыныны ең қауіпті кезеңі 19 сәуірден кейін басталады, – деп болжап отыр  «Қазгидромет» РМК БҚОФ директорының орынбасары Олжас Садыров. 

Өңірде су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Ал су тасқынының бірінші кезеңінен зардап шеккендер әлеуметтік төлем­дерді, гумани­тарлық көмектерді алып бастады. 

Бұл туралы БҚО әкімінің орын­басары Бақытжан Нарымбетов айтты. 

– Бүгінгі күні облыс бойынша 677 отбасы бір реттік әлеуметтік төлемді алды. Бұл үшін 124,8 млн қаржы жұм­салды. Бұрын әлеуметтік төлемнің кө­лемі 184 600 теңге болды, қазір бұл сома 369 200 теңгеге өсті. Қазір тұрғын­дардан 2013 өтініш келіп түсті.Олар қа­жетті құжаттарын тапсырғаннан кейін тисті кө­мекті алады. Ешкім де кө­мектен тыс қалмайды,– деді БҚО әкімі­нің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

Бұдан бөлек, саяжайларда тұратын тұрғындарға азық-түлікпен көмек беріліп жатыр. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы