Ертеректе «Тимеңдер киесі ұрады» дегенді көп естуші едік.
Кие туралы күйлердің тарихы: «Ақсақ құлан», «Жаралы ақбөкен», «Ақсақ киік»
Фото автордыкі
2,607
оқылды

Қазақта «кие» деген ұғым бар. Мұның түсіндірмесін кітаптарда былай берген екен: «Кие – қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің қасиеттілігін, жоғары тылсым күшін білдіретін ұғым». Айтып-айтпай не керек, оны барлық қазақ біледі. Сене ме, сенбей ме ол басқа мәселе. ХХІ ғасырдағы қазақтың түсінігі жайлы сөз қозғаудың керегі жоқ. Біздің жазбағымыз басқа дүние. 

Күні кеше Қазақстан Президенті ақбөкендерді атуға тыйым салды. Нақтысын айтсақ, Ақордадан жеткен хабарда «Президент қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді» деп келеді. Бұл көптің ішінде жүрген тілек болса керек. Әлеуметтік желіде сүйінші сұрағанның қарасы көп болды. Біразының «дұрыс болады, әйтпесе, жағдай одан бетер ушығар еді, ақбөкеннің киесі ұрады» деген сарында жазбаларды көзіміз шалып қалды. Осыған орай, күйшілік өнердегі киелі жануарға қатысты бірнеше күйге тоқталып өтуді жөн санадық.  

«Жаралы ақбөкен»

Ертеде бір мерген өмір сүріпті. Аңшылықты кәсіп етіп, ауыл-аймағын асырап жүрсе керек. Аңға шыққан сайын, «қанжығама бәленбай олжаны байлаймын» деп ниеттеніп жүреді. Одан басқасын көрсе де керек қылмайды екен.

Күндердің бір күнінде тағы да далаға аттанады. Бұл жолғы ниеті – ақбөкен. Жол-жөнекей басқа аң пен құс кездессе де, елемей жүре беріпті. «Оғымды тек ақбөкенге жұмсаймын» дейді. «Іздеген – табар» дегендей, күн сарыла жүріп бір ақбөкен үйіріне кезігеді.

Қанжығам майланды, табан терім ақталды деп ыңғайлана береді. Іштей «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп дұғасын айтып, мылтықтың шүріппесін басып қалады. Ақбөкендер үрке жөнеліп, қыратты асып кетеді.

Аңшы мерген бірден көздеп атқан бөкенін іздейді. «Құралайды көзінен атқан» мерген осы жолы жаңылыпты. Атқан оғы бөкеннің артқы сирағына тиіп, ақсаңдап ол да қашып бара жатады. Сонда мерген «Мен ешқашан мүлт кетпейтінмін. Атқаным, сол жерде құлайтын. Үлкендер ақбөкенді атпа, киесі оны сақтайды, сені ұрады деуші еді. Сол екен ғой. Есіміз барда елімізді табайық», – дейді.

Ауылға келіп, осы әңгімені айтып берсе керек. Сол әңгіме дүкеннің ортасында бір сыбызғышы да отырған екен. Әңгіменің желісімен бір күй тартады. Халық арасында бұл күй «Жаралы ақбөкен» деп аталып кетеді.

 

«Ақсақ киік»

Құрманғазы нағашыларының ауылында қонақтап жатса керек. Бір күні нағашылары «әй, жиен, жүр аңға шығып келейік» дейді. Екі сөзге келмейтін Құрекең атын ерттеп соңдарына ілеседі.

Сүт пісірім уақыт өткенде аңшылар бір үйір киікке жолығады. Құрманғазы нағашыларының алдында мақтанайын деп, «Нағашы-еке, киіктің қай жеріне тигізейін?», – дейді. Нағашысы қарап тұрып, «сирағы» деп өз аяғын көрсетеді. Құрманғазы басын изеп, ыңғайланып, атып қалады. Оғы дөп тиген екен. Үш аяқтап ақсаңдаған киік қашқан үйірінің соңына ілеседі. «Қуып жетеміз, алып келеміз» деген жігіттерге Құрманғазы рұқсат етпейді.

Кешкісін Құрманғазы бір жаңа күй тартып отырады. Оны байқаған нағашысы бұл қандай күй деп сұрайды. Сонда Құрманғазы: 

– Нағашы-еке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей, өмір үшін күресте кімге оқ дарымайды? Біздің тұсымызда жаралы жан жалғыз киік пе? Біз де соның қатарындамыз. Бағана мақтанға салынып кетіппін. Сол жерде бір-ақ оқпен атып тастауым керек пе еді?! Не мүлдем тиіспегенім дұрыс па еді?! Бұл күйімді анау ақсаңдап кеткен киіктей жаралыларға арнадым. Аты – «Ақсақ киік» болсын,  – дейді. 

 

«Ақсақ құлан»

Ертеде бір қаһарлы ханның ұлы аңшылыққа шығыпты. Ен далада ары шауып, бері шауып, бір үйір құланға кезіккен екен. Садағын алып оқтала бергенде жанындағы нөкерінің бірі: «Төрем, құлан киелі жануар деуші еді. Тиіспей қойсақ қайтеді. Киесі ұрып жүрмесін», – дейді. Оған көнетін хан баласы бар ма? Садағын алып, айғыр құланды атып жібереді. Жебе айғырдың артқы сирағына тиеді де, жамандықты сезген үйір тұра қашады. Хан баласы бастаған топ үйірдің соңынан қуа жөнеледі. Үйір шаң қаптырып кете барғанда, хан баласы астындағы жүйрігіне қамшы басып, үзеңгілестерінен оза шабады. Нөкерлер төресінен осылайша көз жазып қалған екен.

Аңыз бойынша, серіктері үш күн мен үш түн дегенде тұяқ астында тапталып өлген хан баласын әзер тауып алады. Ақылдаса келе, сол жерде арулап көміп жерлеген дейді.

Бір жамандықты сезген хан «ұлым жайлы жаманат хабар алып келген адамның көмейіне қорғасын құямын» деп ескертеді. Сол кезде уәзірлер ақылдаса келе, ханның алдына төбе бидің өзі барған екен.

Би ханның жанына отырып, домбырасын алып, бірінен соң бірі күйлерді шерте бастайды. Біресе жай күй, келесіде екпінді күй, кейін зарлы күй. Хан биге қарап: «Мына домбыра «балаң өлді» деп тұр ғой», – дейді. Сол кезде би: «Хан ием, балаңыздың өлгенін өзіңізден естіп тұрмын», – деп жауап қайтарады. Хан екі сөйлемейді. «Қорғасын алып келіңдер, жаманат хабарды естірткен домбыра. Ендеше қорғасынды осыған құямыз», – дейді. 

Елден жеткен аңыз бойынша, хан – Шыңғыс хан, баласы – Жошы болған деседі. Домбырамен қаралы хабарды жеткізген Кетбұға би екен. Ал хан баласы жерленген жер – бүгінгі Ұлытаудағы Жошыхан кесенесі.

«Ақсақ құлан» күйі осылай шыққан деседі. Күй бірнеше бөлімнен құралған. Мынау хан баласының құлан үйірін қуғанын суреттеген күй екен.

 

Бұған дейін «Ерке сылқым» күйінің феномені неде? екенін жазған болатынбыз.