Су тасқыны басталғаннан бері облыста 2 886 үйді су басса, 2 639 үй су астында қалып отыр.
Су басқан елді мекендер
656
оқылды

Су тасқынының қайталануын күтіп, шығысқазақстандықтар өзендердің жағалауын нығайтып жатыр. Осындай жұмыс облыстың бірнеше ауданында жүргізілуде.

– Су тасқынының екінші толқыны жақындап қалды, осыған байланысты өзен арналарын тазарту, оларды тереңдету, жағалауды нығайту жұмысы жүріп жатыр, – деп хабарлады ШҚО ТЖД.

Оның ішінде Қатонқарағай ауданындағы Өрел өзенінің жағалауы және Алтай ауданының Зубовск кентінде Гребка өзенінің жағасын нығайтады.

Естеріңізде  болса, осыдан екі-үш күн бұрын осы Өрел өзенінің арнасынан асып, тоғыз үйдің ауласына су жайылып, үш үйді су алған. Сол кезде аудан әкімдігі ауа температурасының күрт төмендеуінен өзен арнасына мұз қатып, салдарынан судың деңгейі көтерілген. Сонда арнайы техникаларды іске қосып, мотопомпалармен суды сыртқа шығарған. Құм салынған қаптардан бөгеттер қойылды. Өзен арнасын қар-мұздан тазарту жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Сондай-ақ Күршім ауданында Қалғұтты өзенінің жағалауы да дәл осылай қапшықпен нығайтылды. Егер бұл тосқауыл көмектеспесе, бөгет түрінде екінші қорғаныс желісі бар, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір ол жақтағы өзендерге ғана емес, көлік жолдарына да ерекше назар аударылған. Мәселен, Глубокое ауданындағы облыстық маңызы бар Веселовка-Верх-Уба және Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік тасжолдарын қар суы шайып кетуінің алдын алу бойынша жұмыстары жүргізіліп, жолдарға топырақ төселді.

Ал Солтүстік Қазақстандағы жағдай сейілер емес. Себебі, құтқарушылар Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылының тұрғындарын көшіріп болды. Негізі жұрт апаттық жағдайға дайын болғанымен, мұндай судың тасқынмен келеді деп ойламаған. Бұған дейін ауылды су басып қалатын-ды. Онда да ауылдың шетіндегі Береговой көшесінен аспаған. Осы жолғы апат ауылды толықтай шайып өткен. Түн ортасында келген апаттан тұрғындар құжатын алып әрең үлгерген.

«Есіл өзенінің деңгейі күрт өсуіне байланысты Долматово, Соколовка ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау басталды. 18-і  күні түнде Соколовкада 42 адам эвакуацияланса, Үлкен Малышкадан – 150 адам, соңғы тәулікте 70-і көшірілді. Ал Долматово тұрғындарын әлі көшіріп жатыр. Дыбыстық хабарлама берілісімен Виноградовка, Пресновка, Налобино, Белое, Пенково ауылдарында эвакуациялық пункттерді ұйымдастыру үшін барлық күшті жұмылдырдық. Қазір пункттер барлық қажет затпен қамтылған», – деп хабарлады Қызылжар ауданының әкімдігі.

Кейін Ольшанка ауылының барлық тұрғыны көшірілді. Оларды Якорь ауылының орта мектебінің эвакуациялық пунктіне апарған. Жалпы әкімдіктің хабарлауынша, Қызылжар ауданында барлығы 13 уақытша орналастыру пункті ашылған. Олардың бірі  бұрын үлкен Малышкада болса, енді оны Пенково ауылына тасымалдауға тура келді. Қазір онда 208 адам бар, оның ішінде 43-і бала.

Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасында су деңгейі қайта көтеріле бастаған. «Облыстағы су тасқыны жағдайы әлі де күрделі болып отыр. Қазір екінші су толқынының келуіне байланысты Сергеев су қоймасында су қайта көтеріліп, 21 см-ге жеткен. Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында жағдай аса күрделі. Қызылжар ауданының елді мекендері және облыс орталығының Подгора, Кожевенный, Заречный, Косогор шағынаудандары су астында қалды. Су тасқыны басталғаннан бері облыста 2 886 үйді су басқан болатын. 2 639 үй әлі су астында қалып отыр», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.