Айтуынша, күйеуі Бишімбаевты жақтайды.
"Менің күйеуім Бишімбаевты жақтайды, ол оны қорғаған сайын мен қатты қорқамын": желі қолданушысының оқиғасы
1,017
оқылды

Қазақстанда қазір әйелін қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын қоғам жіті бақылауға алған. Осы тұста әлеуметтік желіде өздерінің де тұрмыстық зорлық-зомбылық көретіндерін айтқан әйелдер күйеулерінің Бишімбаевты қолдайтындарын мәлімдеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

TikTok желісінде жазба қалдырған әйел өзінің үш жылдан бері тұрмыста екенін, бір баласы барын және екіншісіне аяғы ауыр екенін жазады. Күйеуімен қатынасы жақсы емес екенін айтқан ол отбасында ұрыстың жиі болатынын жасырмайды.

“Жүкті болмас бұрын үйіме кетіп қалғанмын, енді бірнеше айдан бері арамыз жақсы. Барлығы өз орнына түскендей, бақытты өмір сүре бастадық. Бишімбаевқа қатысты атышулы сотты біз де қарап отырмыз. Оның кінәлі екені анық қой”, – деп жазады әйел.

Айтуынша, күйеуі Бишімбаевты  жақтайды.

“Ол бар болғаны 5-7 жылға ғана сотталуға лайық дейді ол. Сөзінше, бұл абайсызда адам өлімі болған қарапайым отбасындағы дау. Мені оның бұл позициясы шошытады. Біздің барлық ұрыс-керісіміз бен қол көтеру жайттары артта қалды деп ойлағам. Мен оның ақылы толысып, дұрысталды деп үміттенгем. Күйеуім оны (Бишімбаев – ред.) ақтаған сайын маған өте қорқынышты”, – дейді ол.

Бұл жазбаның астына жазылған пікірлер де өте көп және әралуан. Олардың ішінде әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған Бишімбаевты даттағандардың саны басым болғанымен, сотталушыны ақтайтындар да жоқ емес. Мәселен, сондай қолданушылардың бірі: “Әйел дұрыс болса еркек ешуақытта мұндай әрекетке бармайды” деп жазған. Бұл пікірді жазған ер адам екенін атап өтудің маңызы бар. Мұндай пікірді жақтаған әйел азаматтар да кездеседі. “Әйелмін және менің пікірім де осындай”, – дейді олардың бірі.

Жазба астына өздерінің тұрмыстық зорлыққа ұшырағанын баяндаған әйелдер қауымы Бишімбаевқа қатаң жаза шығаруды талап еткен. Меруерт есімді желі қолданушысы қоғам ішінде “Бишімбаевты жақтайтын ер азаматтардың көп екенін” атап өтіп, мұны “өте қауіпті” дейді.