Елде бірнеше күннен бері бірқатар өңірлерде су тасып, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі 38 елді мекенде сақталып тұр.
Су тасқынынан кейін волонтерлер ауылды қайта қалпына келтіруге көмектесіп жатыр
1,225
оқылды

Алайда бірнеше өңірлерде жағдай тұрақталып, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, 19 715 адам үйлеріне оралды.

Осыған орай табиғаттың тосын мінезімен күресіп жүрген «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының волонтерлері жағдай тұрақталған аймақтарда тұрғындардың үйлерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетті. 

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, волонтерлер тек қарғын сумен күресу жұмыстарына ғана емес, үйлерді қайта қалпына келтіруге де жұмылдырылуда. 

 

«Еліміздің бірнеше аймақтарында су деңгейі түсіп, тұрғындар үйлеріне оралуда. Біздің волонтерлер азаматтардың үйлері мен үй аумағын тазалап, қалпына келтіру жұмыстарына қол ұшын созуда. Қалпына келтіру шаралары Қостанай қаласының аудандарынан басталып, республиканың басқа да өңірлерінде жалғасын табады. Көмекке мұқтаж тұрғындар әр аймақта орналасқан «Жастар рухы» жанындағы штабтарға жүгіне алады»,  деді А.Искандерова.

Күні кеше арқалықтық волонтерлер Новый кентінде тұратын жалғызбасты зейнеткердің үйіне барып, көмек көрсетіп қайтты. Апат басталғалы оқиға орнының басы-қасында жүрген Ақбаян Жаңбырбай су тасқынының алдын алу жұмыстарымен қатар қалпына келтіру істеріне де атсалысудамыз дейді.

«Қазіргі таңда өңірімізде жағдай тұрақты. Бүгін Новый кентінің судан зардап шеккен үйлерінің біріндеміз. Мұнда жалғызбасты 74 жастағы әжеміз тұрады. Әже егде тартып, өздігінен қимылдауы қиынға соққандықтан, бірінші осы үйден бастайтын болып шештік. Қыздар үй ішін тазаласа, ұлдар сырттағы жұмысқа қолғабыс етуде. Алдағы уақытта да көмек керек тұрғындарға қол ұшын созатын боламыз»,  деді ол. 

"Мынадай қиын уақытта біздің қасымыздан табылып, қолғабыс етіп жүрген волонтерлерге мың алғыс",  дейді Қымбат әжей.

«Су тасқыны бәрімізді әбігерге салды. Ауылға су келгенде бізді эвакуациялау жұмысына құтқарушылармен бірге қатысып жүрген осы волонтерлер. Үйге оралғанда жинау жұмыстарын жасауға қиналдым. «Жастар рухының» волонтерлері су тасқыны болған уақыттан бұрын да көмектесетін. Осы жолы да мені назардан тыс қалдырмады. Жұмыстарына сәттілік тілеп, көп рақмет айтамын»,  деп ыстық ықыласын білдірді.

Айта кетейік, қарғын су елді жайлағалы бері Жастар қанатының 3 300-ден аса волонтерлері отандастарымызға көмек көрсетуде. Волонтерлер еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жәрдемдесіп, үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсенді түрде атсалысатын болады.