Сала мамандарын даярлау туралы айта отырып, тең жағдай жасау қажеттілігіне ғана емес, сонымен қатар аграрлық мамандықтардың талапкерлері мен студенттеріне жеке преференциялар беру қажеттілігіне тоқталды.
Бес жыл ішінде жыл сайын 800 су маманын дайындауымыз керек – Ақылбек Күрішбаев
1,684
оқылды

Ақмола облысының Шортанды ауылында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Ауыл шаруашылығын табиғи апаттарға бейімдеудегі аграрлық ғылымның рөлі» тақырыбындағы көшпелі отырысы өтті.

Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті А.Күрішбаев Президиум отырысының ашылуында қазір бәріміз климаттың қалай тез өзгеріп жатқанына, оның кері әсерінен ауыл шаруашылығы зардап шегіп, орасан зор шығынға ұшырағанына куә болып отырғанымызды атап өтті. Бұл жағдайда аграрлық ғылымның рөлі бірнеше есе артады. Ол тек қолданыстағы ғана емес, сонымен бірге болашақ меселелерді шешудің оңтайлы нұсқаларын жедел ұсынып, сол арқылы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуі керек.

Дәл осы жолмен бүгінде барлық технологиялық дамыған елдерде ғылым дамып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тауып отыр. Біз жаһандық табиғи сын-қатерлер жағдайында аграрлық ғылымды басымдықпен дамыту қажеттілігі туралы осы қарапайым шындықты әлі толық түсінген жоқпыз.

Қазақстандық ғылымның артта қалуының себебі аграрлық зерттеулерді ұйымдастырудың тиімсіз құрылған жүйесінде, басқарудың ескі стереотиптерінен арылуға және табысты әлемдік тәжірибені ескере отырып, өз жұмысын өзгертуге қабілетсіздігінде жатыр. 

Біздің аграрлық ғылымның дамуын тежейтін 3 ірі жүйелік мәселені ажыратуға болады.

Бірінші – ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен тақырыптарын анықтау кезінде жүйелік кемшіліктерді жою және оларды орындауға ғылымның әртүрлі бағыттарының, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдардың мүмкіндіктерін тарта отырып, пәнаралық тәсіл негізінде әзірленген ірі ғылыми-техникалық бағдарламаларды (мегагранттарды) іске асыруға көшу. Бұл аграрлық ғылымға бөлінген бюджет қаражатын шашу мен тиімсіз пайдаланудың басты себептерінің бірі әдетке айналған ұсақ тақырыптардан алыстауға мүмкіндік береді (2023 жылы 139 шашыраңқы жобалар іске асырылды, оның ішінде 31 - БНҚ бойынша және 108 – ГҚ бойынша).

Осындай ірі интеграцияланған жобаларды іске асыру нәтижесінде біз мультипликативтік әсерге ие боламыз. Экономиканың стратегиялық маңызды мәселелерін шешуден басқа, олардың нәтижелері университеттердің жаңа білім беру бағдарламаларына айналады. Олардың негізінде әр түрлі бағыттағы жоғары білікті мамандарды ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы ғылыми кадрларды даярлау басталады. Ең бастысы, аграрлық ҒЗИ-да ғалымдар тұрақты жұмыспен қамтылады, тиісінше, даму және зерттеу қызметі алынады.

Отырыста академия әзірлеп жатқан су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығындағы генетикалық ресурстарды дамыту, құрғақшылыққа бейімделген агротехнологиялар мегажобалары бойынша нақты ұсыныстар ұсынылды.

Екінші – дамыған елдердің тәжірибесі бойынша ҰАҒББО (НАНОЦ) басқарушы компаниясын әкімшілік құрылымнан аналитикалық орталыққа трансформациялау арқылы ғылыми ұйымдарды басқарудың тиімді жүйесін құру, ол форсайттық зерттеулер негізінде ғылыми зерттеулердің басымдықтары мен тақырыптарын айқындайтын, сервистік функционалды күшейтуге, жаңа білім мен шетелдік технологияларды трансферттеуге, дайын әзірлемелерді коммерцияландыруға баса назар аудара отырып, ғылыми ұйымдардың қызметін үйлестіріп, білімді тарату және ғылыми кадрларды даярлайтын болады. 

Бұдан басқа, «ҰАҒББО» КЕАҚ құқықтық мәртебесін мемлекеттік коммерциялық емес қорға айналдыру ұсынылады. Оның қызметтері мемлекеттік тапсырма, яғни бюджет есебінен қаржыландырылатын болады.

Ал бізде, басқарушы компания атынан ҰАҒББО (НАНОЦ)  іс жүзінде еншілес ұйымдардың дивидендтері есебінен күн көретін қосымша әкімшілік құрылымға айналды. Жалпы, аграрлық ҒЗИ мен тәжірибелік шаруашылықтарда бюрократия мен ғылымды әкімшілендіру күшейе түсті. Олардағы ғылыми қызметкерлердің үлесі 9 - дан 45% - ға дейін, қалғандары – ӘБП және техникалық персонал. Осы орайда сұрақ туындайды, «Дайын асқа тік қасық» демекші, онда кім ғылыммен айналысады?

Үшінші – дамыған елдердің тәжірибесі бойынша заманауи ғылыми кадрларды даярлауда зерттеу университеті моделінің мүмкіндіктерін пайдалану.

Сала мамандарын даярлау туралы айта отырып, ол тең жағдай жасау қажеттілігіне ғана емес, сонымен қатар аграрлық мамандықтардың талапкерлері мен студенттеріне жеке преференциялар беру қажеттілігіне тоқталды. Атап айтқанда, бұл аграрлық, педагогикалық және медициналық мамандықтар арасындағы стипендия мөлшеріндегі бар сәйкессіздікті жоюға, аграрлық мамандықтарды таңдаған талапкерлер үшін өту балының шегін төмендетуге, оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру кезінде мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуге қатысты. Бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар Үкіметте және ХҚКО-да бұрыннан бар екенін атап өтті. Енді олар бойынша нақты шешімдер қазірдің өзінде қажет. Өйткені жақын болашақта аграрлық мамандардың тапшылығының артуы экономика үшін елеулі теріс салдарға әкелуі мүмкін. Өйткені бүгінде бұл құбылысты су шаруашылығы саласында байқап отырмыз.

«2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын игеру небәрі 59%. Кадрларды даярлауға осындай көзқараспен Ауыл шаруашылығын, су саласын қалай дамытамыз? Мәселен, өткен жылы «Су ресурстары және суды пайдалану?» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана келіп түсті, мемлекеттік гранттардың 70%-ы игерілмеген күйінде қалды. Сонымен қатар алдағы 5 жыл ішінде экономиканың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін біз жыл сайын 800 су маманын дайындауымыз керек», - деді А.Күрішбаев.

Қорытындылай келе, А.Күрішбаев «Аграрлық ғылым саласындағы түбегейлі өзгерістерді тиісті қаржыландыру және табысты жүргізу арқылы Қазақстанда осы саланы ғылыми қамтамасыз етудің заманауи жүйесін құруға болатынын айтты.

Әйтпесе, ғылыми негізделген алдын алу шараларын аздаған шығынмен қабылдаудың орнына, біз әрдайым өсіп келе жатқан табиғи апаттардың жағымсыз салдарымен күресуге мәжбүр боламыз. Сонымен бірге келтірілген залалды қалпына келтіру үшін үлкен шығын мен миллиардтаған қаржылар жұмсалатын болады.

Отырыста сондай-ақ, ҰАҒББО (НАНОЦ) Басқарма төрағасы Б.Касенов, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшысы А.Моргунов, Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым хатшысы И.Тоқбергенов, Парламент депутаттары, агробизнес өкілдері және аграрлық ғылымның жетекші ғалымдары сөз сөйледі.

Ұлттық Ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысының қорытындысы бойынша аграрлық ғылымды дамыту жөнінде және кадрлар даярлау бойынша тиісті аналитикалық жазбаны дайындап, ҚР Үкіметіне жолдау туралы шешім қабылданды.