15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зом­былықпен күресуге ба­ғыт­талған заңға қол қойды.
Вайнштейн эффектісі: Заң жағадан алғанда...
590
оқылды

Жаңа заң әйелдер мен ба­ла­ларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көз­дейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкім­шілік құқықбұзушылық ре­тінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауап­кер­шілік енгізілді. Бұл жағдайға еліміздегі соңғы уақытта бо­лып жатқан оқиғалардың да септігі тигенін айта кеткеніміз жөн.  

Елдегі жағдайды баяндамас бұ­рын шетелдегі осы тип­тес оқи­ға­ларға бір назар салып өтелік. Осы ретте америкалық продюсер Хар­ви Вайнштейннің оқиғасы ес­ке түседі. 2017 жылғы қазанда The New York Times пен The New Yorker басылымдары Вайн­ш­тейн­нің ұзақ уақыт бойы қызмет ба­бын пайдалана отырып актри­са­лар­ға харассмент көрсет­кенін баян­дайтын мақалалар жа­рия­ла­ды. Бұл уақиғадан соң бас-аяғы 80-ге тарта адам Вайнш­тейннен көр­ген қысымын мәлім­деді. Осы се­бепті Вайнштейн Аме­рика ки­но академиясынан өзі құрған The Weinstein ком­па­ния­сынан қуы­лып, бизнесі банк­рот­қа ұшы­рай­ды. Үстінен бірне­ше әйел ша­ғым­­­данып, ақырында әйел зорлағаны дәлелденіп, 2020 жылы 23 жылға бас бостан­ды­ғы­нан айырылды. Осы­дан соң жы­ныс­тық бопсаға жә­не зорлыққа тап болған қыз-ке­ліншектер #Me­Too деген хэш­тег­пен өз оқиғаларын жаза бас­тай­ды. Бұл хэштегті па­рақ­­шаларында бө­­­ліскен әйелдер та­нымал режис­сер­лерді, актер­лер­ді, алып ком­па­ния басшыларын айыптады. Нау­қанның кең етек алғаны сон­ша­лық көптеген лауа­зым­ды тұл­ға абыройынан, қызме­тінен айы­рылып жатты. Бұл әйгілі «Вайн­штейн эффектісі» деген фено­мен­ді тудырды. Бір оқиға екінші оқи­ғаның өршуіне немесе кері­сін­ше болуына себепкер бо­ла­тын кө­белек эффектісі тәрізді #MeToo хэш­тегі арқылы әйелдер­ге жа­са­латын харассмент айтар­лықтай азай­ды. Бұл хэштегпен жеке ба­сы­на пайда тауып қалғысы келе­тін­дер де болды. Сол кездегі пол­­­­­­цияға арызданушылардың де­­ні лауазымды тұлғаларға қатыс­ты болды және көбісінің айғақ­тары болмады. Дегенмен қоғам бір дүр­лігіп басылды.  

Бишімбаев эффектісі

Осыған ұқсас жағдай елімізде де болып отырғанына қоғам куә. Был­тыр күйеуінің қолынан, ұрып-соғудан көз жұмған Сал­танат Нүке­но­ваның өлімі қоғам­ның ерекше ашу-ызасын туғыз­ды. Осыған орай тұрмыстық зор­­лық-зом­бы­лық туралы жаза­ны қатаң­датуды қолдау бойынша арнайы онлайн-петиция іске қосылып, 150 мың­дай қол жинал­ды. Бұл Мемлекет басшының құлағына да жетті. Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы қаң­тарда Egemen Qazaqstan газе­ті­не берген сұхбатында пе­ти­цияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтқан еді. Салта­нат Нүкенованың өліміне қатыс­ты сот онлайн режимде өтіп, оны бүкіл қоғам қалтқысыз ба­қылап отыр. Әлеуметтік желіде сот процесі қызу талқыланды. Айыпталушы, марқұмның күйеуі Бишімбаевтің оқиғаны баяндау барысында марқұмның жиі ша­рап ішетіні, үйге көп қонбайтыны, құр­бы­ларымен жиі сауық құраты­ны ай­­тылып қалады. Айыпталу­шы­ның бұл сөзі де елдегі қыз-ке­лін­шек­тердің шамына тиіп, олар әлеуметтік желілерде «#Мен де ша­рап ішемін, бірақ бұл мені өл­тіруге себеп емес» деген хэш­тег­пен наразылықтарын таныта бас­тады. Бұл Вайнштайн эф­фек­тісін­дегі  #MeToo хэштегінен кем болмады. Бұл Вайнштайн эф­фек­тісіндей Бишімбаев эффектісін ту­дыра алды ма? Ақыры қоғам­ның нөпір наразылығы ескеріліп жаңа заң күшіне енді. 

Жаңа заңның жазасы қандай?

Иә, енді әкімшілік құқық­бұзу­шылық ретінде қа­ра­лып келген қылмыстар үшін қыл­мыстық жауапкершілік ен­гі­зіл­ді. Айыптылар 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 са­ғатқа дейін қоғамдық жұмыс­тарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Жәбір­лену­шіні азап­тағаны үшін 600 сағатқа дейін қо­ғамдық жұмыс­тарға тарту не­месе 3 жылға дейін бас бостан­ды­ғы­нан айыру, ден­саулыққа ор­та­ша ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жыл­дан 8 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы қарас­ты­рылды. Ал педофилдік үшін өмір бойына бас бостан­ды­ғынан айыру,  кәмелетке толмаған балаларды жы­ныстық қудалау үшін 200 са­ғат­қа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулік­ке дейін қа­мауға алу қарастырыл­ған. Кә­ме­летке толмағанды заң­сыз бас бо­с­тандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру, ал кәмелетке тол­маған баланы ұрлау – 10 жыл­дан 15 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру шарасы қолданыла­тын болады.

Бұл заң жобасының қалып­тасуына Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосқанын атап өткен жөн. 2023 жылдың қараша айын­да Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрес мә­се­лелері бойынша халықара­лық кон­­ференция өткізді, оның ба­ры­­сында мемлекеттік орган­дар­мен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағ­дарыс орталықтарының өкіл­де­рімен бірлесіп, тұрмыстық зор­­­­лық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар тал­қы­ланды. Нәтижесінде, заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастыры­лып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды.

«Бұл заң отбасылық ортада зор­лық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүд­делерін қорғауға арналған. Бұл – қауіпсіз және әділ қоғам құру жо­лындағы маңызды қадам. Біз­дің кеңсе осы заңды әзірлеуге бел­сенді түрде қатысты: заңда тұр­мыстық зорлық-зомбылық мә­селесінің барлық аспектілері жә­не ұсыныстары ескерілуін қам­тамасыз ету үшін жан-жақты тал­дау жүргізілді, деректер жи­нал­ды, сарапшылармен және қо­ғам өкілдерімен кеңестер өткі­зіл­ді», – деп атап өтті Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл меке­ме­сінің өкілі Артур Ластаев. Оның сөзінше, жеңіл зиян келтіруді қыл­мыстық жауапкершілікке тар­ту, барлық уәкілетті орган мен ұйымда тұрмыстық зорлық-зом­былық туралы арыздарды қарау нәтижелерін және қабылданған процессуалдық шешімдерді көр­сететін интеграцияланған дерек­тер базасын құру, қылмыстық қу­далау нысандарын қайта қарау бойынша шаралар ұсынылды. Олар­ды жеке айыптау істері сана­тынан алып тастай отырып, отба­сы­лық-тұрмыстық сала және бас­­қа да көптеген заңнамалық тү­­­зету қаралды.

Статистикадағы сандар не дейді?

Еске салайық, Қазақстан Рес­публикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кең­сесі тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­­қа қарсы күрес туралы ар­найы баяндама жариялаған бо­­­­латын. Сол баяндамадан азда­ған үзінді келтіріп көрелік. 

«БҰҰ әйелдер»   мәліметтері   бойын­ша,  әлемдегі  736 миллион әйел­дің ішінде 15 жастан асқан әр­бір үшінші әйел физикалық не­­­ме­се жыныстық зорлық-зом­бы­лық­қа ұшырайды. Жыл сайын 45 мың­нан астам әйел серік­тес­тері­нің қолынан қаза табады. 155 ел тұрмыстық зорлық-зомбылық  туралы заңдар қабылдады, ал 140 елде жұмыс орнында жыныстық зорлық-зомбылық туралы заңдар бар. Алайда осы заңдарды сақтау жә­не қол сұғушылықтың жаза­сыз­дығы мәселелері әлі де бар», – дей келе қылмыстық құқықбұзу­шы­лар тіркелген «қылмыстық құ­қық­бұзушылықтар туралы» № 1-М нысанды есептің статис­ти­калық деректеріне, сондай-ақ Бас прокуратурасының Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпаратын келтіреді. Мәселен, 2018 жылдан 2023 жылға дейін отбасы-тұрмыстық салада 5 958 қыл­мыстық құқықбұзушылық жа­салған екен. Отбасы-тұрмыс­тық саладағы қылмыстық құқық­бұзушылықтың ең көбі 2020 жылы тіркелді – 1 072. 2018 жыл­дан бастап 2020 жылға дейін қылмыстық құқықбұзушылық­тар­дың динамикасы 16,6%-ға, ал 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін 13,8%-ға (1 072-ден 923-ке дейін) төмендегені бай­қалған. 2023 жылы қыл­мыс­тық құқық­бұзу­шылықтардың саны іс жүзін­де  2022 жылғы (2022 ж. – 942, 2023 ж. – 923) деңгейде қа­лып­ты.

Қылмыстардың санаты 2022  жыл­мен салыстырғанда 2023 жыл  жа­салған  теріс қылықтардың 16-дан 18-ге дейін (12%) шамалы өсуін және ауырлығы орташа қыл­мыстардың 29-дан 56-ға (93%) айтарлықтай өсуін көр­сет­кен екен. 

Деректерге сенсек,  2023 жы­­лы отбасы-тұрмыстық са­лада барлығы 108 адам өлтіру не­­месе сол саладағы қылмыс­тар­дың жалпы санының 11%-ы жа­сал­ған. Бұл ретте, 2023 жылы дәл осы 108 адам өлтіру елдегі адам өлтірулердің жалпы санының 23%-ын құрайды, яғни Қазақ­стан­­­дағы әрбір 4-ші адам өлтіру дәл отбасы-тұрмыстық салада жа­салады және шамамен 3 күн сайын тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтан адам қаза табады. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зом­былық көрген жандарға елі­міз­де дағдарыс орталықтары қыз­мет көрсетеді. Еңбек   және  ха­­лықты   әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің ақпараты бойынша, ел бойынша тұрмыстық зорлық-зом­былық құр­бандарына ар­нау­лы әлеу­меттік қызметтерді 46 дағ­дарыс орталығы көрсетеді, оның 15-і мем­лекеттік, 31-і мем­ле­кеттік емес. Орталықтарды ұс­тау жер­гілікті бюджет қаража­ты­­нан жү­зеге асырылады. Мә­се­лен, өткен 2023 жылы бөлінген қа­ражат көлемі 2 млрд 282,7 млн тең­гені құраған. Орталықтарда зар­дап шек­кендерге қызметтер тәулік бойы 6 айға дейін немесе күн­дізгі уақытта тәулігіне алты сағат мер­зімде көрсетіледі. 2023   жылы  орта­лықтармен 4 мыңнан астам адам қамтылса, олардың 3 мың­нан астамы медициналық кө­мек алды және 1 мыңға жуығы жұ­мысқа орналастырылған. Атал­ған кезеңде көмек сұраған­дар­дың көбі Астанада – 510, Ал­ма­тыда – 410, Шымкентте – 358 және Қызыл­орда облысында – 331.  Ең аз аза­маттар  Шығыс Қа­­­зақ­­­стан облы­сы­ның – 90, Маң­ғыс­­тау об­лы­сы­ның – 60 және Сол­­­түстік Қазақстан облысының – 31 дағдарыс орталықтарына жүгін­ген.

 

Түйін: 

Иә, күні кеше Президент қол қойған жаңа заң көпшіліктің қызу талқысын тудырды. Бір жағы заң дер кезінде қабылданғанын, бұл көптеген қылмыстың алдын алатынын айтса, енді бірі қоғамда ер-азаматтардың абыройына нұқсан келмей ме, отбасындағы әке рөлінің төмендеуіне әкелмей ме деген қаупін де жасырмайды. Бұл ойларына жаңа заңның басы-қасында жүрген мәжілісмендер заң баршасына ортақ екенін, әйел-еркек деп бөле жармайтынын, қылмыс жасағандардың қай-қайсынына да осы заң аясында жаза тағайындалатынын айтып өтті. Президент қол қойған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға сәйкес, енді зардап шеккендерге арналған отбасын қолдау орталықтары ашылатын болады. Сондай-ақ мектептерде балаларды буллинг, кибербуллингтен қорғау үшін мейірімділікке баулитын арнайы бағдарлама әзірленеді. Енді жаңа заң қоғамды жақсы жағынан өзгертеді деп сенеміз.  

Наурызбек САРША