Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев палата бюросының отырысын өткізді. Онда депу­таттар 25 сәуір күні болатын Сенат отыры­сының күн тәртібін бекітті.
Сенаторлар бірқатар халықаралық келісімдерді қарайды
641
оқылды

Палатаның алдағы отырысында сенаторлар мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге ар­налған «Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттік наградалары туралы» Қазақстан Респуб­ликасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарайды. Бұл заң Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші оты­ры­сында белгі­леп берген тапсырмаларды орындау аясында депутаттардың бастамашы болуымен әзірленді.

Сондай-ақ Сенат отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы ара­сын­дағы одақтастық қатынастар туралы шартты ра­тификациялау туралы» заң қаралады. Құжат саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, мәдени-гуманитарлық салалардағы және аза­маттық қорғаныс пен энергетика бағытындағы ынтымақ­тастықты кеңейтуді көздейді. Заң екі мемлекеттің Парламенттері, саяси партиялары және қоғамдық ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға да септігін тигізеді.

Сонымен қатар «Зияткерлік меншік құқықта­рының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толық­тыру енгізу туралы хаттаманы рати­фи­кациялау ту­ралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шы­ғарылды. Енгізіліп жатқан өз­герістердің негізгі мақ­сат­тарының бірі – қолжетімді медицинаға мұқтаж елдердің дәрі-дәрмекке қолжетімділігін жеңілдету. Хаттама Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге патенттелген дәрілік заттардың автор­лық құқық ие­сінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды әрі қарай экспорт­қа міндетті лицензиялар бойынша өндіруге құқық береді.

Алдағы бейсенбіде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қо­ғамдық денсаулық сақтау саласындағы са­ни­тариялық-эпидемиологиялық сипаттағы тө­тенше жағдайлар­дың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынты­мақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралады. Бұл құжат тиісті саладағы заңнамаларды жетілдіруге арналған.

Одан бөлек, бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін комитеттерге бөлініп берілді.