Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мақсат Толықбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама қажет – Мақсат Толықбай
1,253
оқылды

Биылғы су тасқынының беті қатты болды. Оны көз көрді, құлақ естіді. Тікелей өзіміз де куә болдық. Қаншама өңір су астында қалды. Қаншама үй, қора-қопсы, мал-мүлік суға шайылды. Тасқын судың беті қайтқанмен, әлі де қаупі толық сейілген жоқ. Тигізген зардабы мен салдары шаш-етектен. 

Қарғын су шайып қана қойған жоқ, қаншама мәселенің бетін ашты. Кемшілік пен олқылықты су бетіне шығарды. Қамсыздық пен салғырттықты ашып көрсетті. Сонымен бірге, тас-түйін дайындық пен ауызбіршіліктің де алмайтын қамалы жоқ екендігін әйгіледі. 

Мысалы, Атырау облысының ең шалғай шетінде, Қызылқоға ауданының түкпір бетінде Миялы дейтін аядай ғана ауыл бар. Сол елді мекеннің әкімдігі бастап, барша тұрғыны қостап, ауылды айналдыра бөгет тұрғызып, қарғын судың бетін қайтарды. 

Бір тамшы су кіргізбей, туған ауылын аман алып қалды. Бұл ауылдың техникасы да көп емес. Бары 5-6 трактор ғана. Соған қарамастан, айтпай келер апатқа, алапат су тасқынына қарсы тұра білді. 

Байқап қарасақ, мәселе ауыл тұрғындарының ауызбірлігінде, берекелі тірлігінде екен. Ауыл іші де айнадай таза. Үйлері мен көшелері де жарқырап тұр. Өскен өлке, өнген өңірге жанашырлық пен жауапкершілік менмұндалайды. 

Бүкіл техникасы мен жабдығы сай кейбір облыс орталықтары айдың күннің аманында, ерте көктемде қызыл судың астында қалды. 

Жаңбыр жаумай су болды. Кінә неде? Әрине, алдын ала қам жасамаған салғырттықта, жауапкершілік пен жанашырлықтың аздығында. 

Бұл екі мысал нені көрсетеді? Тәртіп пен тазалық, жауапкершілік пен жанашырлық болған жерде, өсу де, өркендеу де болатынын, сырттан төнер теріс әсерлерге де дес бермеу мүмкіндігін көрсетеді. 

Бұдан, ең алдымен, тәртіп пен тазалыққа барынша мән беру қажеттігін аңғарамыз. 

Осы ретте ерекше атап өтерлік мәселе, біз су тасқынынан қорғануда мыңдаған қапшықтар мен пакеттерден бөгет тұрғыздық, полиэтилен кленкаларды тұттық. Су тартылған соң осы кенеп қапшықтарды толықтай жинап алмасақ, ол үлкен экологиялық апат тудыруы мүмкін. 

Сонымен бірге, жайылма су қаншама қалдықты, малдардың өлекселерін де ағызып әкетті. Осыны да тазарту жұмыстарын шұғыл қолға алу ерекше маңызды. 

Су тасқынының салдарларын қалпына келтірумен қатар, бүкіл елімізде тазалық пен тәртіпті күшейту шараларын да кең ауқымда жүргізген жөн. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңызы зор. 

Ауқымды шара аясында ауылдар мен қалаларда сенбіліктер, экологиялық акциялар, флешмобтар өткізіліп, ағаштар отырғызылуда. Арықтар аршылып, аулалар тазартылуда. Сөз жоқ, бұл оң үрдіс. 

Осындай шаралардың қоғамда қоршаған ортаға қамқорлық пен тазалықты сақтау мәдениетін арттырумен қатар, адамдарды ортақ іске біріктіру, бір-бірімен қарым-қатынасын арттыруда да оң әсері мол. 

Сондықтан да Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің нормасы болуы да керек». 

Қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл-желекті күтіп-баптау – тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан да тәртіп пен тазалықты бірге бақылауымыз керек. 

Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «елдегі тәртіп біздің әрқайсымыздан басталады... егер сіз әлемді шынымен жақсы жаққа өзгерткіңіз келсе, ең қарапайым нәрседен бастаңыз: үйде жайлылық жасаңыз, жұмыс орнын, кіреберісті, ауланы тазалаңыз, қоғамда өзіңізді дұрыс ұстаңыз».

Біз бәріміз Жапония, Сингапур, Швейцария, Германия секілді дамыған елдердің тазалығына таңданамыз, өзімізге үлгі етеміз. Көршілес өзбек ағайындардың жасыл-желекті жайқалтып, аулалары мен көшелерін мұнтаздай таза ұстайтынына тәнті боламыз. Алайда, оның өздігінен болмайтынын, ол үшін әрбір азаматтың атсалысуы қажет екендігін ұмыт қалдырып жатамыз. Алысқа бармай-ақ, жоғарыда мысалға келтірген Миялы ауылының өзі-ақ үлгі болуға лайық. 

Яғни, тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. 

Тазалыққа жауапты мекемелер мінсіз қызмет еткенімен, адамдар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды бүлдіріп кете беретін болса, онда нәтиже болмайды. 

Мысалы, әйгілі Алтын Орда базарының маңы шашылған қоқыс пен бұрқыраған шаң-тозаңнан аяқ алып жүргісіз. Осындағы ластық пен бейберекетсіздік тұрғындар санасына да теріс әсер етіп, түрлі тәртіпсіздіктерді туындататыны жасырын емес. 

Сондықтан, ең алдымен, азаматтардың санасын өзгертіп, тазалықты – қоғамдық құндылық ретінде дәріптеуіміз керек. Қоғамда адамдардың қоршаған ортаны ластамайтын, қоқыс тастамайтын, мәдениетті орнықтыру қажет. 

Мұндай келеңсіздіктерге көз жұма қарау оларды одан әрі өршіте түсетініне мысал көп. Сондықтан келеңсіздіктерді үлкен-кіші деп бөліп-жармай, болмашы тәртіпсіздіктің өзімен бітіспей күресуіміз қажет.

Сондықтан мынадай ұсыныс айтамын:

1. Ел Үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек.

2. Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн.