Биыл сот саласында тарихи өз­геріс болады: Голливуд фи­льмдері арқасында көз көр­іп, құлақ естіген ал­қа­билер со­­­тының классикалық мо­де­ліне Қазақстан да көш­пек.
Алқабилер соты – ардың соты
699
оқылды

Оған сәйкес, құпия кеңесу бөл­месіне енді судья кіргі­зіл­мей­ді, тиісінше ол алқабилерге қы­сым көрсетіп, өз ұстанымын таңа алмайды. Бұл Прези­дент­тің тапсырмасымен жүзеге асып жат­қан сот реформасы­ның бас­­­ты бір жаңашылдығына ай­­­­­­налмақ.

Ғалымдар құптаған жол

Бишімбаев ісіне байла­ныс­ты бүгінде жұрт алқабилер сотын қызыға тамашалап жатыр. Кейбір дерек бойынша, бұл сот­тың тікелей трансляциясы та­ны­­­мал­дығы жөнінен телеар­на­лар­дағы шетелдік телехикаяларды ба­сып озған. 

Осыдан кейін Жоғарғы сот өз­ге де сот отырыстарын тікелей эфир­де көрсете бастауға шешім қа­былдады. Мысалы, биылғы 24 сәуір­де оның YouTube арнасында Ал­матыдағы автобустың қа­ты­суы­­мен болған, адам қазасына соқ­­тырған жол-көлік оқиғасына қа­­тысты сот процесі онлайн тран­сляцияланды. Жолаушы ер адам автобус жүргізуші әйелді ұрып, есінен тандырған. Салда­ры­нан, автобус үш адамды басып, өл­тірді. Жоғарғы сот трансля­ция­лау туралы шешімге «бұл іске қо­­­­ғамның қызығушылығы» себеп бол­ғанын жеткізді. 

Бәлкім, болашақта алқабилер со­тын тікелей эфирден көрсету дәс­түрге, нормаға айналуы мүм­кін. Өйткені енді алқабилер соты шын мәнінде «халық сотына» айналады. Оған дейін «Бишімбаев ісі» және басқа да сот процес­те­рін­де ақырғы үкімді алқабилер тө­ра­ғалық етуші судьямен бірігіп қа­на шығарады. 

Бұрынғы билік осы арқылы бұ­қаралық билердің билік по­зи­ция­сына қайшы келмейтін ше­шім шығаруын бақылап келді. Қа­зақстан бұл ескі тәжірибеден бас тартуға ден қойды.

Алдымен, 2023 жылғы 27 қа­ра­шада Жоғарғы соттың (ЖС) жаңа төрағасы Асламбек Мер­ға­лиевтің жетекшілігімен өткен оты­рысында ЖС Халықаралық кеңе­сі «алқабилер сотының клас­си­­калық моделіне көшуді» ұсын­ды. Бұл кеңеске отандық және шет­елдік заңгер ғалымдар, су­дья­лар, ЕҚЫҰ өкілдері кіреді. Жиын қорытындысында сот шешім­де­рі­нің сапасын арттыру үшін ға­лым­дар мен сарапшыларды тарта оты­рып, алқабилер сотының клас­сикалық моделін және amicus curiae институтын енгізу ту­ралы рекомендация мақұлданды.

А.Мерғалиевтің пікірінше, Мем­лекет басшысы әділ қоғамды қа­лыптастыруға ерекше назар ау­даратынын атап өтті. Ал әді­лет­ті қоғамда тиімді сот төрелігі ерек­ше орын алатын болады. Бұл рет­те классикалық модельге көш­­­­­кеннен кейін кеңесу бөл­ме­сінде 11 алқаби судьяның қаты­суын­сыз шешім қабылдайды.

Аталған модель біріншіден, сот тараптарының жарыспалығы мен бәсекелестігі қағидатын нығайтады. Екіншіден, дамыған ел­­­дерде қолданылатын класси­ка­лық модель сот ісін жүргізудің айып­тауға бейім болуына жол бер­мейді. 

Қазірдің өзінде, яғни үкім шы­­ғаруға судья араласса да, ал­қа­билер соты өздері қараған іс­тер­дің 10%-ында айып­талу­шы­лар­ды ақтайды. Салыстыра кет­­сек, кә­сі­би судьялар ғана қараған істердің ара­сында ақтау үкімдері бар-жо­ғы 1,5-2% болады екен. 

Үшіншіден, бұл бетбұрыс ха­лық­тың сот төрелігіне сенімін арт­тырады. Ұлттық статистика бю­­­росының сауалнамасы көр­сет­кен­дей, сот жүйесіне халықтың се­нім деңгейі 2023 жылғы сәуір-ма­мыр аралығында небәрі 55,2% бол­ған. Қазан-қараша аралы­ғын­дағы сауалнама бұл көрсеткіштің 61 пайызға дейін өскенін көр­сет­ті. 

Соған қарамастан, бұл – өзге билік органдары ар­а­­­сындағы ең төмен көрсет­кіш­тер­дің бірі. Мысалы, халықтың өрт­­ке қарсы қызметке деген се­німі 2023 жыл соңында 77,2 пайыз­ды, прокуратура орган­да­ры­на – 63,8%, полиция орган­да­ры­на – 63,1%, Антикорға –  51,1%-ды құрады.

Сондай-ақ Жоғарғы соттың Ха­лықаралық кеңесінің мүшелері құ­қық саласындағы ғылыми қыз­метті жүзеге асыратын сарап­шы­лар мен азаматтардың сот про­цес­теріне неғұрлым кеңірек қа­тысуын қамтамасыз ету үшін Қа­зақстанның сот рәсімдеріне amicus curiae институтын енгізу мүмкіндігін қарау ұсынысын қол­дады.

Сот төрелігі академиясының рек­­торы, заң ғылымдарының кан­дидаты Зәуреш Баймол­ди­на­ның айтуынша, сот процесіне құ­­қықтық мәселелер бойынша са­рап­шыларды тарту практикасы дамыған елдерде кең таралған. Шет­­елдік соттардың құқық мә­се­лелері бойынша талдау, сарап­та­ма және қорытындылар түрін­де­гі тәжірибесі сот шешімдерінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ғылыми қорытындылар судья­лар­ға материалдық және процес­тік құқық нормаларын қолдануда дұрыс көзқарас қалыптастыруға, орынды шешім қабылдауға кө­мек­теседі.

Айта кету керек, жуырда Мә­жі­ліс «Кейбір заңнамалық  ак­­­ті­ле­ріне Қылмыстық, Қыл­мыс­тық-про­­­­­цестік және Қыл­­­мыс­тық-атқару кодекстерін оң­тайландыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы­ның жобасын концептуалды түрде мақұлдады. Пысықтау жал­ға­сып жатыр. Ең бастысы, бұл заң жо­басы елімізді алқабилер соты­ның классикалық моделіне кө­шіруді қарастыратын заңнамалық түзетулерден тұрады. 

Алқабилер өз шешімін негіздеуге міндетті емес

Тәуелсіз Қазақстанда алқаби­лер соты 2007 жылы пайда болды. Сол кезде республика қабылдаған мо­дельге сәйкес, алқабилер құра­мы­на 11 адам кіреді, оның біреуі – сот процесін жүргізетін кәсіби су­­­­дья, қалған он адам – кәсіби емес судьялар, яғни қарапайым тұр­ғындар арасынан таңдалған заманауи билер. 

Осылайша, әзірге елімізде ал­­­­қабилердің аралас алқасының моделі жұмыс істейді. Шешім шы­­­­ғарылған кезде кеңесу бөл­ме­сін­де алқабилер төрағалық етуші су­дьямен ақылдасып, бірге дауыс береді. Қолданыстағы заң бойын­ша судьяның дауысы шешуші са­­налмайды. Алайда жабық бөл­ме­дегі талқылау барысында ол кә­сіби судья, заңгер ретінде «бұл­тарт­пас» дәйектемелер келтіріп, өзге алқабилерге өзі қалаған ше­­шімге көндіктіре алатынын жоқ­қа шығаруға болмайды. 

2007 жылғы 1 қаңтарда еліміз­де алқабилер сотының институты енгізілгелі, оның қарайтын істе­рі­нің құрамы бірнеше рет өзгерді. 2007-2009 жылдар аралығында алқабилердің адымы шектелді. Оларға тек өлім жазасы және өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын қылмыстық істерді ғана қарауына рұқсат етілді. Салдарынан, бұл ке­­­­зеңде алқабилердің қатысуы­мен қаралатын істердің саны жыл сайын шамамен 50-ді ғана құра­ды. 

Екінші кезеңде, 2010-2012 жыл­дары алқабилер аса ауыр қыл­мыстардың бәрін қарап, би­лік етуге мүмкіндік алды.  

2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, олардың шешім шығаруына бе­рілген қылмыстық құрамдар са­ны тағы өсті. Бұл қатарға он екі жыл­дан көп мерзімге еркіндіктен айы­ру жазасы бекітілген аса ауыр қыл­мыстар бойынша барлық іс­тер жатқызылды. 

Сарапшылардың тү­сін­діруін­ше, бұлардың жалпы саны – қыл­мыстық құқықбұзу­шы­лық­тардың 31 құрамы. Оның арасына кісі өл­тіру, есірткі және психотроптық зат­тарды аса ірі көлемде сату жә­не басқасы кірді. Бұдан тек тө­тен­ше жағдай кезінде жасалған кісі өл­тірулер, соғыс кезіндегі әскери қыл­мыстар сияқты бірқатар құ­рам тыс қалды. Өйткені ТЖ ре­жи­мі немесе соғыс заманында ал­қа­билерді бір жерге жинау қиынға түседі деп танылған.  

Биылғы 2024 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап, алқабилердің алдына тар­тылатын қылмыстық істердің са­ны 44 құрамға дейін артты. Оған енді тек аса ауырлары ғана емес, сонымен қатар ауыр және ор­­­таша ауыр қылмыс түрлері де қо­сылды. 

Мұның бәрі оң динамикаға сер­пін берді. Жоғарғы соттың де­­­­регінше, 2020 жылы алқабилер со­ты 42 қылмыстық істі қараса, 2023 жылы бұл сан 136 іске дейін көбейді. 

Жоғарғы соттың қылмыстық іс­тер жөніндегі сот алқасының тө­рағасы Назгүл Рахметуллина жур­налистерге берген сұхбатында 2024 жы­лы алқабилер қарайтын істер са­ны рекордтық 950-ге дейін же­туі мүмкін деп болжады. Бұл – қыл­мыстық істер бойынша ма­ман­дандырылған ауданаралық сот­тардың құзырына жатқы­зыл­ған барлық істің 69%-ы. Қазір бұл көрсеткіш аса ауыр қылмыстық істердің жалпы санының небәрі 3,6%-ын құрайды екен.

Алқабилердің шығарған әрбір ше­шімі – адамды негізсіз айып­тап, түрмеге отырғызса немесе қо­лы қан қылмыскерді бостан­дық­­қа қоя берсе, мұның бәрі өмір-бақи олардың арына жүк бо­лады.

– Алқабилер өз шешімін не­гіз­­деуге міндетті емес. Оның кә­сі­би судьялар шығарған үкім­дер­ден басты бір айырмашылығы да сонда. Мысалы, кәсіби судьялар шы­ғарған үкімінде не себепті он­дай шешім қабылдағанын заң бап­тарымен дәйектеуге, айып­тау­шы мен қорғаушының барлық дәлеліне жауап беруге міндетті. Ал­қабилер сотының үкімде моти­ва­циялау бөлігі мүлдем жоқ. Олар сот­талушының айыбы дәлелден­ге­нін не дәлелденбегенін растауға мін­детті емес. Судья тек кеңесу бөл­месінен шыққан алқабилердің қан­дай вердикт қабылдағанын жа­риялаумен шектеледі, – деді Наз­гүл Рахметуллина.

Ақырын жүріп, анық басуға ниетті

Мәжіліс мақұлдаған заң жо­ба­сында айыптаушы мен қор­ғау­шы тарапқа алқа­би­лер­ді таңдауға қа­тысу құқығын беру көзделген. 

Қолданыстағы заң бойынша жа­сы 25-тен асқан кез келген Қа­зақ­стан азаматы алқаби бола ала­ды. Бұл жерде ұлты, әлеуметтік не­месе әл-ауқат жағдайы, діни жә­не басқа наным-сенімдері бойын­ша шектеу жоқ. Тек өтел­ме­­ген немесе алып тасталмаған сот­­тылығы барларды, нар­­­ко­ло­гиялық немесе психоневро­ло­гия­лық диспансерде есепте тұр­ған­дар­ды, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарды ғана ал­қа­­билікке тартуға тыйым са­лын­ған. 

Егер Батыс елдеріндегі сияқ­­ты классикалық мо­дель аясында тараптарға таңдау құ­қығы да берілсе, онда адвокат­тар тіл біл­мейтіндерді, ұлттық, діни, әлеу­мет­тік мәртебесі мен ұстаным-көз­қарасы бойынша сотталушыны алдын ала кінәлі деп тануы мүмкін біржақты адам­дарды алқабилер қа­тарынан шы­ғартып тастай алар еді. Әзірге он­­дай құқықтың бері­летін-беріл­мей­тіні белгісіз, заң жо­басы Пар­ла­ментте әрі қарай тал­қылану үс­тінде.

Қалған рәсімдер көп өзгеріске ұшы­рамауы мүмкін. Қол­даныс­тағы тәжірибе бойынша жергілік­ті әкімдіктер жыл сайын жергілік­ті тұрғындар арасынан іріктеп, алқаби болуға кандидаттардың ті­зімін қалыптастырады. Олар­дың арасынан нақты бір іске ал­қабилерді таңдау кездейсоқ ірік­теу жолымен жүзеге асырылады. 

Кандидаттар тізімін соттар «Тө­релік» ақпараттық-аналити­ка­лық жүйесі арқылы сұратып, ал­ғызады. 

Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Асылбек Мусра­ли­нов алғаш енгізілген 2007 жылдан бері алқабилердің аралас моделі бір­аз өзгеріске түскенін айтты.

– Кейінгі үш жылда алқабилер со­ты институтын нығайтуға ба­ғы­т­талған бірқатар шара қабыл­дан­ды. Алқабилердің мандатын кеңейтудің екі кезеңі іске асы­рыл­ды. Бүгінде, 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бері олар 44 құрам бойынша істерді қарай алады. Биыл алқабилер соты шамамен 950 қылмыстық істі қарайды деп күтіп отырмыз. Біз классикалық мо­делге көшу идеясын концеп­туал­ды түрде қолдаймыз! Бұл мә­­селе былтырғы қарашада Жо­ғар­ғы сот жанындағы Халықара­лық кеңестің күн тәртібіне шы­ғарылды, халықаралық экс­­­­перттер құптады, – деді Асыл­бек Мусра­ли­нов.

Енді Парламенттің келісімі қа­жет. Сот әкімшілігі басшы­лы­ғы­ның өкілі бұл мәселенің күр­де­лі екенін ескертті. Кешенді және сал­мақты пысықтауды талап ете­ді. Оны жақтаушылар да, қар­сы­лар да көп көрінеді. Сондықтан Қазақстан бұл бағытта кілт бет­бұ­рыс жасамай, кезең-кезеңмен қозғалуға ниетті.

Әлемде алқабилер сотының не­гізгі 2 үлгісі қолданылады: кон­ти­ненталды және классикалық. Соң­ғысы ағылшын-саксон ел­дерінде, АҚШ-та, Ұлыбрита­ния­да, Канадада, Аустрияда қол­да­ны­лады: онда алқабилер су­дья­­­­ның қатысуынсыз, кеңесу бөлмесінде өз бетінше шешім қабылдайды. Ор­тақ келісімге келген соң ғана шы­ғып, үкімдерін жариялайды. 

Сарапшылардың байла­мын­ша, дәл осы модель алқабилер инс­титутын дамытудың мақсат-мұра­тына толық сәйкес келеді. Өйт­кені кәсіби судья араласпай шы­ғарылған шешім – нағыз ха­лықтың шешімі болады. 

Тараптар арасында қызу бә­се­ке туындайды: мемлекеттік айып­­­­таушы және қорғаушы ад­во­кат өз позицияларының дұрыс­ты­ғына алқабилердің көзін жет­кізу үшін бар өнерін салады, заң­мен рұқсат етілген түрлі тә­сілді қолданады. Артистизм, ше­шен­дік танытады. Сотталушыға қан­дай үкім кесілетіні солардың жұ­мыс сапасына тікелей тәуелді бо­лады.

Айхан ШӘРІП