Елді мекенде үш жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Түркістан облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
547
оқылды

Түркістан облысында Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылдық округіне қарайтын Жаңажол ауылы ішімдіктен мүлдем бас тартқан, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңажол ауылының халқы 2,5 мыңнан асады. Бір-біріне деген сый-құрметі артқан ауылда 6 азық-түлік дүкені бар. Елді мекенде үш жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

«Қуанышты жаңалық сол – алдағы уақытта дүкендерде арақ-шарап сатылмайды. Өйткені ауыл тұрғындары ішімдіктен мүлдем бас тартты»,  деп атап өтті облыстық Полиция департаменті.

Ащы судан бас тарту туралы бастаманы іске асыру үшін ауыл ақсақалдары, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары мен қоғамдық бірлестіктер жиын өткізген. Онда тұрғындардың ішімдіктен бас тартуы қылмыстың болмауына, отбасылық дау-жанжалдарға жол бермеуге септігін тигізетіні айтылды. Жеке кәсіпкерлер де игі бастамаға қолдау білдірген.

Бұған дейін Түркістан облысының 20 ауылы ішімдіктен бас тартқаны хабарланған еді.