Мысалы, жұмыста болып, жұма намазына бара алмай қалса, ол үзірге жата ма? Мен Астана су арнасында, құбыр тазалауда жұмыс істеймін, қаланың әр жерінде жүреміз, көбіне мешіт жоқ жерлерде жүреміз, сол жағы қиын, –деп сұрады жамағаттың бірі.
Жұмысты сылтау қылып, жұмаға бармау үзір санала ма?
2,098
оқылды

Дін қызметкерлерінің мәліметінше, Ханафи кітаптарын оқып отырып, мынадай мәліметтерді кезіктіруге болады: «Жалдаушы адам – жалдаған жұмысшысын жұмаға баруынан тыя алады».

«Жалдаушы кісі – жалдаған адамын жұмаға барудан тыя алмайды, бірақ жұма намазына кеткен уақытына сай ақысынан ұстап қалады, онда да егер мешіт алыста болса, ал жақында болса ақысынан ұстап қалмайды» – Фақиһ Әбу Али әд-Дәққақ (рахимаһуллаһ).

«Жалданған адам (жұмысшы) – жұма намазы мен жамағат намазына тек жалдаушының рұқсатымен бара алады» – «әл-Фәтәуә Аз-Заһирия».

Ендеше, егер жұмыс орнынан жібермей жатса, әрі жұмыстан шығарып жіберу қаупі болса және басқа жұмысқа ауысу мүмкіндігі жоқ болса, жұмаға бармау үзір саналады.

Сондай-ақ өрт сөндіруші, дәрігер (мысалы, ота жасаушы), сабағы дәл жұма уақытына тура келіп қалған мектеп мұғалімі, т.б. осы сияқты, жұмысын тастап жұмаға кетіп қалған жағдайда жұмысында кінәрат туындап, орнына адам қалдырып кету мүмкіндігі жоқ жауапты маман иелеріне де қауырт кездерінде жұмаға бармаулары үзір саналады (әрине, орындарына адам қалдырып, қауырт емес кездерінде жұмаға барып келуге жағдай жасалған болса, барғандары дұрыс).

Сіздегі жағдайға қатысты да айтарымыз осы, егер жұмысыңыздан босатпай, жұмаға барып келуге рұқсат бермесе, әрі орныңызға адам қалдырып кетуге де мүмкіндігіңіз болмаса, сіз үшін жұмаға бармау үзір саналмақ. Алайда мүмкіндігіңізге қарай, болашақта жұма намазына барып тұруға жағдай жасалған жұмыс орнына ауысу жөнін де ойластырып жүргеніңіз абзал.