Экономикасы баяулаған елде мемлекеттің жәрдемақысы да қысқара беретіні заңдылық. Бұндай кезеңдерде мемлекет үшін түрлі дағдарыс күшейе түседі. Соның бірі – демографиялық дағдарыс. Қытайда ондай дағдарыс бар, қазақтар қалай?
Қытай халқы қартайып барады. Қазақ қалай?
Әрбір қазақ – жалғызым. Ұлттың сапасы 70 есе жоғары болсын. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Edwin Tan
5,211
оқылды

BBC News сайтында Қытай халқының қартаюы туралы көлемді зерттеу материалы жарияланды. Бұндай демографиялық процестің біздің қоғам үшін де маңызды екенін ескерген Aikyn.kz британдық басылымға сүйеніп қытайлық қарттардың неге өз күшіне ғана сенетінін түсіндіреді.

Си Цзиньпин: «Қартайған адамдар реформа мен дамудың жемісін, өз еңбегінің зейнетін барша халықпен бірге көрсін». Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: imtmphoto

2020 жылы өткізілген ұлттық санаққа сәйкес, 60-тан асқан қытайлық қарттардың саны 264 миллионға жеткен, бұл елдегі жалпы халықтың 19 пайызын құрайды. Қытай коммунистік партиясының Бас хатшысы Си Цзинпинь халықтың қартаюына үлкен мән беріп, қарттарды қолдауға байланысты маңызды шешімдер қабылдаған.

Си Цзиньпин: «Демографиялық қартаю – адамзат қоғамына терең және ұзақ әсер ететін жаһандық мәселе. Қытай халқының қартаюына байланысты қабылданатын бағдарламалар елдің жалпы дамуы мен әл-ауқаты үшін маңызды. Қартайған адамдар реформа мен дамудың жемісін, еңбегінің зейнетін барша халықпен бірге көрсін», – деп атап өткен.

Қытайда қартайған ата-анаға қамқорлық жасау ұл мен қыздың міндеті. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Edwin Tan

Хуанчун Цао мен оның әйелі Қытайдағы көптеген қарттардың алдында тұрған дилеммаға тап болды: оларға кім қамқорлық жасайды? 72 жастағы фермер Хуанчун Цаодан зейнетақысы туралы сұрасаңыз, оның дауысы қарлығып жауап береді.

Шылымын терең сорып алып, қабағын түйіп, басын еңкейтіп, қойылған сұрақтың өзі қисынсыз екенін білдіріп: «Жоқ, жоқ, бізде зейнетақы жоқ», – дейді ол 45 жастан асқан әйеліне қарап.

Цао мырза коммунистік Қытайдың дүниеге келуіне куә болған, өзінің елінің байығанын сезіне алмай қартайған ұрпақтың өкілі. Көптеген ауылдық жұмысшылар мен мигранттар сияқты, оның жұмысын жалғастырып, табыс табудан басқа амалы жоқ, өйткені ол әлсіз әлеуметтік қолдауға ғана ие болған. Экономиканың баяулауы, мемлекеттік жәрдемақыларды қысқарту және ондаған жылдар бойы жалғасқан бір бала саясаты Қытайда демографиялық дағдарыс туғызды.

«Жоқ, жоқ, бізде зейнетақы жоқ», – дейді Цао мырза 45 жастан асқан әйеліне қарап. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторы: Lan Pan

Зейнетақы қоры азайып, жыл сайын қартайған адамдардың көбеюі мемлекеттің зейнетақы қорын құруға деген уақытының қалмағанын көрсетуде.

Қазіргі 50-60 жастағы 300 миллионға жуық қытайлық алдағы онжылдықта зейнет жасынан асады. Бұл Америка Құрама Штаттарының халқының санына (330 млн) тең әлеуметтік топ.

Мемлекеттің көмегі болмаса оларға кім қамқор болады? Цао мырза мен оның әйелі Қытайдың бұрынғы өнеркәсіп орталығы болған солтүстік-шығыс Ляонин провинциясында тұрады. Провинцияның ірі қаласы Шэньянды егістік алқаптармен қоршалған. Цин әулетінен қалған елдің ең жақсы сақталған дүниежүзілік мұрасына жатқызылған нысандардың қасында кен балқыту зауыттарынан шыққан түтін көкжиекті толтырады.

Мұндағы халықтың төрттен бір бөлігіне жуығы 65 жастан асқан адамдар. Ауыр өнеркәсіп орталықтарын тастап, еңбекке жарамды жастар үлкен қалалардағы жақсы жұмыс орындарын іздеуге кеткен.

Мына қарт адамдардың зейнетақысы төмен, олар балаларына сенеді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Jacus

Цао мырзаның балалары да көшіп кеткен, бірақ олар ата-анасы тұратын мекеннен алыс емес, жиі қатынасуға жақын.

«Менің ойымша, мен тағы төрт-бес жыл ғана үй шаруашылығымен айналыса алармын», – дейді Цао мырза әйелімен отын жинаудан қайтып келгеннен кейін. Олардың үйлерінің негізгі жылу көзі «кан» деп аталатын қыздырылған платформаның астында от жанып, құрғақ ағаштың шытырлап жанған дыбысы естіледі.

Ерлі-зайыптылар жылына шамамен 20 000 юань (2700 доллар) табыс табады. Бірақ олар өсіретін жүгерінің бағасы түсіп кеткен, оларға ауруға мүлдем болмайды. 

«Бес жылдан кейін, егер менің әлі де күш-қуатым болса, мүмкін өз бетіммен жүре алатын шығармын. Бірақ мен науқастанып әлсіз болып, төсекке таңылуым мүмкін. Онда бәрі бітті деген сөз. Мен балаларыма масыл боламын ғой. Олар маған қарауы керек болады», – дейді Цао қамығып.

Цао мырза: «Бес жылдан кейін, егер менің әлі де күш-қуатым болса, мүмкін өз бетіммен жүре алатын шығармын». Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторы: Xiqing Wang

55 жастағы Гуохуй Тан өзінің болашағын бұлай болады деп ойламаған. Күйеуі құрылыста қаза тауып, Тан өзінің жинаған ақшасын қызының университеттегі біліміне жұмсап тауысқан. Сондықтан бұрынғы экскаваторшы Шэньян қаласынан бір сағаттық жерде шағын қарттар үйін ашқан. Айналасы бақшамен қоршалған бір қабатты үйдің сыртында шошқалар мен қаздар көрінеді. Тан ханым алты тұрғынды тамақтандыру үшін егін өсіреді, бақша салады, үй жануарларын ұстайды.

«Мына 85 жастағы қарияны қараңыз, оның зейнетақысы жоқ, ол толығымен ұлы мен қызына сенеді. Оның ұлы бір ай төлейді, келесі айдың ақысын қызы төлейді. Бірақ олар да өмір сүруі керек қой», – дейді Тан ханым аяныш сезімін білдіріп. Өйткені өзі де жалғыз қызына тәуелді болып қаламын ба деп алаңдайды: «Ішіп-жеуге ақшам қалмаса да енді мен ай сайын зейнетақы жарнасын төлеймін».

Қытайлық қарттар өз күндерін өздері көруге мәжбүр немесе шағын мемлекеттік төлемдерге сүйенеді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Pidjoe

Қытай халқы жылдар бойы ұрпақтар бойындағы қартайған ата-анасына қарау дәстүріне сүйеніп келді. Қартайған ата-анаға қамқорлық жасау ұл мен қыздың міндеті деп саналды. Бірақ қартайған ата-ананың арқасүйер ұлдары мен қыздары азайды.

Бұған кінәлі – 1980-2015 жылдар аралығында ерлі-зайыптылардың екі немесе одан да көп балалы болуына жол бермейтін бір бала ережесі болды. 

Қарқынды экономикалық өсімге байланысты жастар да ата-анасынан алыстап, қарттар өз күндерін өздері көруге мәжбүр немесе шағын мемлекеттік төлемдерге сүйенеді. Бірақ Қытайдың мемлекеттік ғылым академиясының мәліметінше, зейнетақы қорындағы ақша 2035 жылға қарай таусылуы мүмкін. Бұл - пандемия Қытай экономикасына ауыр тигенге дейінгі 2019 жылғы болжам.

Сондықтан Қытайда көп жылдар бойы айтылып келе жатқан зейнет жасын көтерілуі мүмкін. Бұл елде әлемдегі ең төменгі зейнеткерлік жас бекітілген: ерлер үшін 60 жас, қызметкер әйелдер үшін 55 жас және жұмысшы әйелдер үшін 50 жас.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкерлердің зейнетақысы жоғары. Фото rg.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Қытай медиакорпорациясы

Бірақ экономистердің айтуынша, Қытайды 25 жылдан кейін болуы ықтимал гуманитарлық дағдарыстан сақтау үшін зейнет жасын көтеру барлық мәселені шешпейді. Ал егде жастағы адамдардың зейнетақысы қысқаруда.

«Менің үйіме қош келдіңіз», – дейді қарттар үйіндегі шағын бөлмесіне шақырған 78 жастағы Фэн әжей.

Ол біздің Sunshine-дағы бөлмесіне бара жатқанын күйеуіне алдын ала ескерту үшін дәлізде жүгіріп бара жатқанда әженің жүрісіне ілесу де қиын болды. Өзі сияқты құрбыларымен бірге күліп, таңғы жаттығуын енді ғана аяқтаған Фэн әжей ширақ қимылдайды.

Sunshine Care Home деп аталатын қарттар үйі қытайшадан аударғанда «Күн сәулесінің күтімі үйі» деген мағына береді. Қарттар үйі 1300-ден астам тұрғынға арналған. Мұнда 20-ға жуық жас өз еркімен қарттарға күтім жасау үшін тегін тұрады. Жеке компаниялар үй құрылысын қаржыландырып, жергілікті үкіметке ауырлық салмайды.

Бұл саяси биліктің қарттарға жағдай жасауға арналған Қытайдағы эксперимент. Қытайдың оңтүстігіндегі Ханчжоу қаласында мұндай тәжірибелерді жасауға болады. Қарттар үйі орналасқан қала Ханчжоу Alibaba мен Ant сияқты технологиялық компаниялар орналасқан, жарқыраған биік ғимараттары бар және арман қуған жас кәсіпкерлерді өзіне тартады. Ол Ляонинмен салыстырғанда мүлдем басқа әлем. 

Фэн әжей мен күйеуі: «Қазір бізге керегі тек зейнетақы карталарымыз». Қарттар үйінде олардың жағдайы жақсы. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторы: Xiqing Wang

Фэн отбасы мұнда сегізінші жыл өмір сүруде. Қарттар үйі мейірімді болып көрінеді және жаттығу залы мен үстел теннисі, ән айту мен драма үйірмелері жұмыс істейді. 

«Өмірдің соңғы бөлігін жақсы жерде аяқтау өте маңызды», – дейді Фэн әжей. Күйеуімен отау құрғандарына 50 жылдан асқан әжей екеуі бір-біріне бір көргеннен ғашық болғанын айтады. Немересі орта мектепті бітіргенде, олар балаларының алдындағы парызы орындалды деп шешеді.

«Біз сияқты ойлайтын құрдастар көп емес. Біз өмірден ләззат алуды көбірек ойлайтын сияқтымыз. Келіспейтіндер жеке баспанасы бар болса, мұнда тұру үшін көп ақша төлеудің қажеті жоқ деп санайды», – дейді әжей.

Бірақ олар өздерінің «көңілдері ашық» екенін айтады: «Біз бәрін ойланып барып шештік. Жаңа ғана үйімізді ұлымызға бердік. Қазір бізге керегі тек зейнетақы карталарымыз». Қарттар үйіндегі ерлі-зайыптылардың бөлмесі үшін олар айына шамамен 2000 юань жұмсайды. Бұл шамамен 279 доллар. Бұрынғы мемлекеттік мекеме қызметкерлері болғандықтан, екеуінің де зейнетақысы шығынды өтеуге толық жетеді. Олардың зейнетақысы Қытайдың орташа зейнетақы деңгейінен әлдеқайда жоғары.

БҰҰ-ның Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметтері бойынша 2020 жылы Қытайдағы орташа зейнетақы көлемі шамамен 170 юань (24 доллар) болған.

Sunshine Care Home үйінде қарттарға барлық жағдай жасалған.  Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторы: Xiqing Wang

Зейнетақысы жоғары зейнеткерлер тұрғанымен Sunshine Care Home шығынмен жұмыс істейді. Директордың айтуынша, қарттар үйін құру қымбатқа түседі және пайда табу үшін біраз уақыт қажет.

Бейжің жеке фирмаларды балабақшалар мен емханалар, қарттарға күтім жасау орталықтарын салуға мәжбүрлейді. Бірақ бизнес табыс әкелмесе олар бұндай әлеуметтік инвестицияны жалғастыра ма?

Жапония сияқты Шығыс Азияның басқа елдері де қарт адамдарға қамқорлық жасауға ұмтылуда. Бірақ Жапония әлемдегі ең қартайған халықтардың бірі бола тұра мемлекеттің бай әлеуетіне сүйенді.

Алайда тез қартайып жатқан Қытайда ондай байлық жоқ. Сондықтан көптеген қарт адамдар зейнетке шығуды жоспарлап, тек өз күштеріне ғана сенеді.

Цао мырза мен оның әйелі күріш пісіру үшін су жылытып ас үйде от жағады. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторы: Xiqing Wang

Ляонинде түтін мұржаларынан ағаштың түтіні көтеріліп, түскі астың келгенін білдіреді. Цао мырза мен оның әйелі күріш пісіру үшін су жылытып ас үйде от жағады.

«Мен 80-ге келгенде, балаларым бізге қайтып келеді деп үміттенемін. Мен олармен бірге қалада тұра алмаймын. Олардың үйінде лифт жоқ, бесінші қабатқа көтерілу керек. Бұл төбеге шыққаннан да қиын», – дейді ол ас дайындауға кірісіп.

Цао мырза мен оның әйелі үшін бұл өзгермейтін тәртіп. Олар денсаулықтары жарағанша жұмыстарын жалғастырып, өмір үшін күресуі керек. «Біз сияқты қарапайым адамдар осылай өмір сүреді», – дейді ол терезе сыртындағы әлі де аяз басқан алқаптарды нұсқап. Көктем келісімен егін егу, бақша салу жұмыстары басталады, олар қала сыртындағы алқаптарға шығады.

Цао мырзаны әйелімен көктемгі егіске байланысты көп жұмыс күтіп тұр: «Қала тіршілігімен салыстырғанда, әрине, шаруалардың өмірі қиындау. Қиындыққа шыдай алмасаң, қалай күн көресің?». Бұл да қытайлық өмір философиясы. 

Білге қаған: «аз халықты көп жасадым». Бурабай. Хан алаңы. Ата мен Әже. Фото okzhetpes-burabay.kz сайтынан алынды

Біздің ойымызша, дәл осылай өмірлік ережемен өмір сүретін, өмірге құштар, жастарға үлгі боларлық қарттары бар 1 млрд 400 млн.-дық алып Қытайға бұндай демографиялық қиындықтарды еңсеру жолдары қиын болмайды.

Білге қаған айтқандай, қазақтай «аз халықты көп жасау қиын», ал бүгінгі өзгерген технологиялық әлемде көп халықтан сапалы ұлт жасаудың жолдары мол екенін білеміз.

Біздің халқымыздың саны Қытайдан 70 есе аз.

Сондықтан «әрбір қазағын жалғызым» деген ұлттың сапасы да 70 есе жоғары болуы – болашақта жұтылып кетпеудің жалғыз жолы. Ол үшін көп нәрсе керек емес: қазақ жастарының ақылды, саналы, ұлтжанды және білімді болуы жеткілікті.