Оқиға биыл 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні болған.
Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылғындырып өлтірген айыпталушының ісі сотта қаралып жатыр
Фото: Kazinform
646
оқылды

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтіріп, кейін үн-түнсіз кетіп қалған айыпталушының ісі қаралып жатыр. Ол жазасын ішінара мойындап, қасақана өлтірмегенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға биыл 31 қаңтардан 1 ақпанға қараған түні болған. Іс материалына сүйенсек, айыпталушы 2024 жылдың 31 қаңтар күні сағат 21:00 шамасында бұрын ажырасқан 27 жастағы Айбану Сағымбаеваның үйіне барады. Бұл кезде жәбірленуші Темір ауданы Саркөл ауылдық округі Шұбарши ауылында үш баласымен бірге тұрған.

«Такси жүргізушісі Шұбарши елдімекеніне жеткен соң дүкен алдына келіп тоқтаған. Айыпталушы өзіне энергетикалық сусын, салқын шай сатып алады. Кейін такси жүргізушісіне дүкен жанында күте тұруын айтады. Өзі жаяу Айбану тұратын үйге барады. Ол 1 ақпан сағат 00:40 шамасы болатын. Айбану Сағымбаева тұратын үйдің терезесінен қағып, тұрғын үйге емін-еркін кірген. Кіреберіс бөлмесінде сотталушы ажырасып кеткен жұбайы Сағымбаевамен қайтадан қосылғысы келіп, екеуі өзара отбасылық мәселесін шешу үшін сөйлесіп тұрған. Сол сәтте әңгіме келіспеушілікке айналған. Сағымбаева өз кезегінде қайта қосылу туралы ұсынысынан бас тартып, үйдің кіреберіс бөлмесінде газ плитасына шай қоймақ болды. Сотталушы өзінің ұсынысынан бас тартқан бұрынғы әйелінің сөзіне ызаланып, болмашы сөзін аса ауыр қылмыс жасауға себеп қылып, ашуға салынып, адам өлтіру, яғни, басқа адамды қасақана қазаға ұшырату мақсатында өзіне теріс қарап тұрған Сағымбаеваға жақындап келіп, оң қолымен мойынан құшақтап алу арқылы қысып, тұншықтырып, тыныс алуы тоқтағанға дейін 2 минут ұстап тұрады. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес қайтыс болу себебі механикалық асфексия деп танылды», – деді прокурор Гүлзира Көшербаева.

Сот отырысына марқұмның туған-туыстары, бауырлары қатысты. Олар ең ауыр жаза тағайындауды сұрап отыр.

«Мен Айбану Сағымбаеваның нағашы апасы боламын. Қылмыс қасқана жасалды. Сіңлім есігін ашқан. Шай қойып жатқан кезде артынан қылғындырған. Сіңлім сол жерде қайтыс болды. Ол қылмыс жасап, Ақтөбеге кетіп қалған. Үйде 6 және 4 жастағы қыздары, 3 жасар ұлы болған. Таңертең 6 жастағы қызы өзге сіңліме хабарласып, «мамам оянбайды, жатыр» деп айтқан. Содан сіңлім мен күйеу балам барса, тапжылмай жатыр екен. Қылмыскер ең ауыр жасасын алса дейміз», – деді Гүлмайрам Сағымбаева.

Алғашқы сот отырысы кезінде айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Жәбірленуші тарап сұраған 25 млн теңге моральдық шығынды өтей алмайтынын да қоса айтты.

«Ішінара мойындаймын. Қасақана жасау ойымда болған жоқ. Балаларды жетім қалдыру ойымда болмады. Ондай ақша менде жоқ. Өте көп ақша деп ойлаймын. Адам құны өлшенбейді, бірақ қолымда бар ақшаны беремін. Қазір қанша екенін айта алмаймын. Ойыма ақша туралы ештеңе келіп тұрған жоқ», – деді айыпталушы.

Айта кетейік, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен қаралып жатыр.