Қан майданға аттанған қазақ батырларының арасында қыз­да­рымыздың да көп болғанын бі­леміз. Екінші дүниежүзілік со­­ғыстың аяқталғанына 80 жылға жуық уақыт өтсе де, зерттелуі ке­рек жайттар аз емес.
Сабырхан Смағұлов, тарихшы: Майдандағы қазақ қыздарының өмірі айқындала түспек
1,469
оқылды

Жеңіс күні қар­саңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафед­расының аға оқытушысы, тарихшы Сабырхан Смағұловпен өз еркімен ұрысқа сұранып шыққан ұлы ару­ларымыз жайында әңгіме­лескен едік.

– Сабырхан аға, қазақ жерінен қанша ару соғысқа сұранып барғаны белгілі ме?

– Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде қазақ халқының қыздары да соғыс ауырт­палығын ер-азаматтарымен қатар кө­терді. Соғыс­тың алғашқы күндерінен бастап майданға сұранып, әскери ко­­­­миссариатқа хат жаз­­ған қазақ қыздары өте көп. Мысалы, Қара­ғандының әскери комиссариатына соғыс­­қа қатысуға өті­ніш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан екен. Ал Семей қа­ласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінің өзінде-ақ 3 000 өтініш түскені айтылады. Сонымен қатар Алматы қаласының сол кездегі тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш тіркелген. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамада болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып майданға аттанған, шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк те қазақ даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры Марина Рожкова басқарған әйелдер авиа­ция­сының құра­­мында авиация штур­маны болып 300-ден астам мәрте әуеге кө­теріліп, ерен ерлік көр­­сетті. Жаудың үрейін ұшыратыны сон­­шалық оларды немістер «Түнгі мыстандар» атағанын білеміз. Басқа да әскери ұшқыш­­­тарымен қатар жаудың казар­маларын, блендаж­дарын, қару-жарақ қоймаларын атқылап талқандады. Кеңес Одағы кезінде ол кісінің ерлігі өз дәрежесіне сай баға­­­ланған жоқ. Осы себепті 2004 жылы Пре­­зиденттің Жарлығымен Хиуаз Дос­пановаға Халық қаһарманы атағы берілді. Сонымен Ленинград майданында қала­лық радио­станция бастығы болған Са­парбекова Жауһария Насырқызы да асқан ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрыл­ған 34 жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта қыз-келін­­­шектері Корск түбіндегі шайқасқа қаты­сып, бірнеше марапатқа ие болды. 

– Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атағын алған 95 қыз-келіншектің арасында Орталық Азиядан біздің Әлия мен Мәншүк қыздарымыз бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы қос баты­­рымыз жайында қандай тарихи деректер анықталды?

– Сол кезде ортақ Отанымыз деп майданға аттанған Әлия мен Мәншүк қазақ халқының намысын қолдан берген жоқ. Дегенмен осы секілді өзге де батыр­­ларымыздың өмір тарихынан саяси қу­ғын-сүргін құрбанына айналған ақ­таң­дақтарымызды көреміз. Тәуелсіздік ал­ған­нан бері бұрмаланған тарихымыз бен ақ­таңдақтарымызды айқындап келе жа­тырмыз. Соның біріне мысал келтірер болсам, ол – Әлия Молдағұлова. Оның шын аты-жөні Сарқұлова Әлия Нұр­­­маған­­­бетқызы болуы керек. Ал өзінің азан шақырып қойған аты Ілия болатын, кейін­нен құжаттарда Әлия болып кеткен. 1920 жылдардың аяғы 1930 жылдардың басында сталиндік репрессия заманы Әлия мен Мәншүктің де отбасын айналып өтпеген. Соның бір көрінісі әкесі – Нұрмағанбет байдың ұрпағы ретінде қуғын-сүргінде болған. Ал шешесі Мар­жанды 1933 жылы ашаршы­лық кезінде азық-түлік табу үшін қызы Әлия мен ұлын ертіп картоптың масағын теріп жүргенінде күзетші атып өлтірген. Кейіннен әкесі оның денесін тауып алып жасырынып жүріп, Қобданың маңын­дағы Құрайлы деген өзен бойында жерлеген екен. Кейіннен ол тапталып, бейіті белгісіз болып қалған. Әлі күнге дейін Әлияның шешесінің сүйегі де табылмаған. Бір кездері журналистер ауылдастарының атынан бұл мәселені де көтерген еді. Мінекей, әкесі қуғын-сүргін құрбаны болған, шешесін атып өлтірген. 

Одан кейін Әлияның туған күніне де қатысты әртүрлі мәлімет кездеседі. Бір деректер бойынша, 1924 жылы 15 қазанда туған десе, екінші бір деректерде 20 сәуірде, 25 маусымда дүниеге келген деп жатады. Мұның бәрі де сол құжат­тардың жүйеленбеген, бір ретке келтіріл­ме­генінен. Тіпті, Әлияның өзінің де сүйегі де табылған жоқ. Соңғы шайқасы Ресейдің Псков облысы Новосокольники қаласы Казачиха деревнясында болған еді. Шайқаста Әлияның өзі 78 неміс әскерін атып өлтірген екен. Соның жар­тысына жуығын мерген, яғни снайпер ретінде, ал қалған­­дарын Холм қаласында және осы Новосо­кольники қаласында қоян-қолтық шайқаста жер жастандырған болуы керек. Казачиха деревнясындағы ауыр шайқаста рота командирі қаза тап­қанда Әлияның өзі бөлімшені шайқасқа бастаған. Аяусыз шайқаста өлім аузында жатса да өзін жаралаған неміс офицерін атып өлтіреді. Осылайша, Әлия ерен ерлікпен қаза тапқан. Кейіннен оны бауыр­ластар зиратына жерлеген. Міне, бір ғана Әлия­ның өмір тарихында осындай ақтаңдақ­тарымыз бар.

– Мәншүк Мәметованың да өмірінде осындай жайттар кездесе ме?

– Әрине, оның да әке-шешесі қиын жағдайда күн кешкен. Сол себепті де ол әкесінің бауыры Ахмет Мәметовтың қолында өсті. Бастапқыда «Моншағым» деп еркелеткен де, кейіннен құжатта «Мәншүк» деп жазылған екен. Бертін келе ол Алматы қаласында 28-мектепте 7-8 жыл білім алып, одан соң мединсти­­тутта оқыды. Соғыс басталған тұста өзі майданға сұранып, Фрунзе ауданындағы әскери комиссариатқа өтініш жазады. Сталиндік қуғын-сүргін Мәншүк Мә­метованың да отбасын қамтыған. Өзін бағып-қаққан, әкесіндей болған Ахмет Мәметов те 1938 жылы «Халық жауы» атанып, репрессияға ұшыраған. Ал анасы мұғалім, ғалым болса да «Халық жауы­ның» әйелі ретінде қуғынға ұшыраған. Ал әкесі – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі. Мәншүк өз өтінішінде: «Менің әкем де, шешем де, бауырларым да жоқ. Мені майданға алуларыңызды өтінемін», – деп жазады. Оның да соңғы шайқасы 1943 жылы қазан айында сол Псков облысы маңында Невель қала­сының түбіндегі майданда пулеметші ретінде қаза тапты. Қазір Әлия мен Мәншүктің жатқан жерінің арасы 50-60-тай ғана шақырым. Әлия Ленинград майданында, ал Мәншүк екінші Балтық аймағындағы 22 армия 54 атқыштар бригадасының 4-батальонында жүріп ұрыста оққа ұшты.

– Бұдан біз не түйеміз? 

– Сонау қиын-қыстау кезеңдерде батырларымыздың да отбасына ре­прессия таңбасы басылған еді. Демек, бұл осымен тоқтап қалмауы керек. Қазақ қыздарының ерлігін түбейгейлі зерт­теуінің арқасында да біз бір танк экипажында болған төрт бірдей қазақ қыздары жайында білдік. Ресейдің өзінде де мұндай жағдай, яғни тұтас әйелдерден тұратын экипаж бол­маған екен. Соңғы жылдары Президенттің тапсырмасымен қуғынға ұшыраған азаматтарымыздың тарихы қайта тексе­­­ріліп жатыр. Олардың қандай жазаға ұшырап, қандай кінә артылғаны бәрі архивтерден алынып, зерттелуде. Соның арқасында қос жұлдызымызға балаған батыр қызда­рымыздың да отбасы жайын­дағы мә­­­ліметтер әлі де айқындала түседі деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Камила ЕРКІН