Қадірлі отандастар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күнімен құттықтады
1,414
оқылды

Сіздерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!

Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор. 

Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспен­ші­лік­тің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қыз­мет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы. 

Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақ­тауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән бере­ді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемле­кет­ті­лі­гіміздің мызғымас тірегі саналады. 

Біз әскеріміздің әлеуетін оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында да көріп жүр­міз. Алапат тасқын ел-жұртқа қауіп төндіргенде сарбаз­да­­рымыз алдыңғы шептен табылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, отаншылдықтың озық үлгісін көр­сетті. 

Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қыз­мет­керлерді қолдау қашанда мемлекеттік саясаттың басым ба­ғыты болып қала береді. 

Қарулы Күштеріміздің мерейі үстем болсын!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!